"Қазпоштаның" жағдайы алаңдаушылық туғызады

2590

Алпысбаевтан қандай мұра қалғаны мәлім болды. 

"Қазпоштаның" жағдайы алаңдаушылық туғызады Фото: Максим Морозов

"Қазпоштадан" не өсіп, не "қашып" кетеді

Екі аптадай уақыт бұрын мемлекеттің стратегиялық саласында ауыс-түйіс болды. Пошта қызметінің ұлттық операторының тізгінін бір жылдай ғана ұстаған Қанат Алпысбаев тып-тыныш қана, өз еркімен жұмысынан кетті. Ол былтыр пандемия ушығып тұрған шақта, 2020 жылдың шілдесінде "Қазпоштаның" басқарма төрағасы болып тағайындалған еді. Ал биылғы 27 тамызда "Қазпоштаның" жалғыз акционері "Самұрық-Қазына" қорының басқармасына Қанат Алпысбаевтың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін қарауға тура келген.

Енді 1 қыркүйектен бастап, оның міндетін атқарушы ретінде Серік Саудабаев бекітіліп отыр.

Қ. Алпысбаевтың аяқ астынан арыз жазуына не себеп болғанын "Самұрық-Қазына" хабарламады.

Сарапшылар бір қызықты жайтқа назар аудартады: "Қазпошта" ұлттық компаниясының басшысы не өсіп кетеді, не тосыннан өз еркімен қызметінен кетеді. Мысалы, оның алдында ұлттық пошта операторына жетекшілік еткен Сәкен Сәрсенов жоғары қызметке ауысты. Бүгінде Ішкі істер органдарын цифрландырудың бүкіл қызығы мен жүгі соның еншісінде. С.Сәрсеновке дейін "Қазпоштаның" басшысы болып, ісін ілгерілеткен Бағдат Мусинге бүкіл Қазақстанды цифрландыру миссиясы сеніп тапсырылды, ол Цифрлық даму министрі екені белгілі. 

Бағдат Мусин "Қазпоштаны" Асхат Бейсенбаевтан қабылдап алған болатын. Осы биік лауазымға 2013 жылдың 30 қазанында келген А.Бейсенбаев арада бір жыл өтпей жатып, келесі 2014 жылдың 10 шілдесінде күтпеген жерден қызметінен босату туралы өтініш жазып, тайып тұрған. Сонда "Самұрық-Қазына" оның өзінің жазбаша өтініші негізінде өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылғанынан басқа ештеңе айтпай, сарапшыларды аң-таң күйде қалдырып еді.

Асхат Бейсенбаев 2013 жылы Аркен Арыстановты ауыстырған болатын. "Қазпоштаға" 2011–2013 жылдары ие болған А. Арыстанов та 2013 жылғы 23 қыркүйекте кенеттен, уақытынан бұрын өз еркімен бұл ұйымды тәрк етті. 

"Қазпоштаның" жаңа басқарма төрағасы Серік Саудабаевтың қаншалықты ұзаққа шыдайтыны, не өсіп, не өшіп кететіні 1–2 жылдан кейін белгілі болып қалар. Оның пошта қызметін қаншалықты көркейтетіні не күйрететіні де сол уақытта анықтала жатар. Ал әзірге ақпарат құралдары https://inbusiness.kz/ru/news/gde-v-kazahstane-platyat-zarplatu-8-mln-tenge-v-mesyac Серік Саудабаев та кірген "Қазақтелекомның" директорлар кеңесінің әр мүшесі 2020 жылы орта есеппен ай сайын 8,3 миллион теңгеден жиынтық сыйақы алып келгенін еске салды. Бұл сомаға еңбекақы, жыл қорытындысы бойынша сыйақы жатады.

Әзірге оған Қанат Алпысбаевтың қандай "мұра" қалдырып кеткенін талдай кетсек.

Ұрлық пен өрт неге белең алды?

Ол басшылық еткен кезде неге екені белгісіз, "Қазпоштаның" пошта жөнелтілімдері өртене бастады. Мысалы, "Маңғышлақ–Ақтөбе" пойызы 2020 жылдың 14 желтоқсанында түнгі 4-те Маңғыстау облысының Бейнеу ауданындағы Қоркөл станциясында аялдаған кезде пошта вагоны отқа оранады. Кейін анықталғандай, осы кезде оның ішінде 5 адам отырған. Олар санавиациямен ауруханаға жеткізілді. "Қазпошта" басшысы Қанат Алпысбаевтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылып, өрттің не себепті туындағанын, неге вагонда 11 жасар бала болғанын және басқа да түсініксіз жайттарды тексерумен айналысты. Пошта вагоны соның алдында, 12 желтоқсанда толық тексеруден өтіп, өрт қауіпсіздігі талаптарына толық сәйкес келеді деп танылыпты. Бұл ретте газ балоны жарылған деген ресми нұсқа айтылды. "Тілсіз жау" вагон ішіндегі 200-дей сәлемдемені және жүкті жайпап кетті деп хабарланды. Тек 28 қорап қана құтқарылған.

Былтырғы 5 желтоқсанның түнінде "Қазпоштаның" Кентау қаласындағы орталық бөлімі жалынға оранды. Салдарынан, тіркеуге алынған 378 пошта жөнелтілімі жойылған. Ол үшін "Қазпошта" иелеріне 8,4 млн теңге өтемақы төлеуге мәжбүр болды. "Пошта туралы" заңына сәйкес, өтемақы көлемі заттың жария етілген құнына және төленген тарифіне қарай есептеледі. Әйтсе де халық пен бизнесмендердің көбі сәлемдеме құнын арзандатып көрсететіні жасырын емес. Себебі сәлемдеме ішінде аса қымбат зат барын білсе, оны әлдекім ұрлап алады деп қауіптенеді. Демек азаматтарға келген шығын көлемі әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Жұртшылық мұндай өрттер аса қымбат жөнелтілімдерді жымқыру мақсатында жасалуы мүмкін деп жорамалдады.

"Қазпоштаның" аты ұрлықпен де шықты: экономикалық тергеулер департаменті анықтағанындай, биылғы наурызда оның БҚО-ның Дарьинск кентіндегі бөлімшесінде 33,1 миллион теңге ұрланған. Бұл – банк қызметін көрсететін "Қазпоштада" есепшот ашқан жергілікті ЖШС-ның қаражаты екен. Бұған қоса, жеке тұлғалардың – ауылдықтардың және жергілікті шіркеудің есепшотындағы ақша да қолды болған. Пошта қызметкерлері олардың қолтаңбаларын қолдан жасап, шешіп алған. "Қазпошта" ішкі ревизия қорытындысында бірқатар қызметкеріне қатысты материалдарды тиісті шара қолдануы үшін құқық қорғау органдарына тапсырды.

Поштаның шабандығы аңызға айналды

Компанияның дәстүрлі қызметіне кейбір қазақстандықтардың көңілі толмайды. "Қазпошта" 2017 жылдан бері жеделдетілген EMS жөнелтілімдер қызметін іске қосқан болатын.

"Менің анам оның қызметіне жүгінуге ұйғарды. Өткені "Қазпошта" ондай сәлемдемені үйден алып кететін көрінеді. Содан биылғы 14 қыркүйекте курьерді үйіне шақырып, Талдықорғаннан Ақтауға авиажеткізілімді рәсімдейді. Бұл үшін 5 780 теңге төлеген. Post.kz сайтындағы ақпаратқа сенсек, авиажеткізілім мерзімі демалыс күндерін және қабылдап алу күнін есептемегенде 2 күнді құрайды. Алайда 18 қыркүйекте сәлемдеме сол бойы мақсатты жеріне жетпеген. Байланыс орталығының мәліметінше, сәлемдеме Алматыда жатыр және пойызбен жөнелтілуге дайындалуда. Мұны қалай түсінуге болады? Әжуалағаны ма? Ұшақпен жеткізуге ақша алады да, жүкті жерүсті көлігімен аттандырады. Мұны қалай атауға болады?!" – деп ашынады Алматы тұрғыны Жанар Тұрлығұлова.

Елордалық Аман Есенов те ұқсас жағдайға жолыққанын айтады:

"Мен "Қазпочтаның" осы қызметі арқылы шұғыл жеткізілімді рәсімдедім. Сұраған ақысын төледім. Алматыдан астанаға дейін 6–7 күн жүріп келді. Өзге жекеменшік пошталар хатты 2 күн ішінде әкеліп береді. Масқарасы сол, "Қазпошта" қызметкерінің өзі қарапайым тапсырыс хат пен EMS-тің экспресс-хаты бір мезгілде жететінін мойындады. Ендеше артық төлеудің мәні жоқ", – дейді ол.

Бүгінде қалалар мен облыстар арасындағы "шұғыл пошта", яғни хат-хабар, сәлемдеме және шағын жүктерді жеткізу қызметін Индрайвер атқара бастады.

Егер жаңа басшы "Қазпоштаға" соны серпін бермесе, жұмысын жаңғыртпаса, қызметін кемеліне келтірмесе, осы тұтас операторды ұстап тұрудың қажеті де болмай қалуы ғажап емес.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу