"Қазсушар" РМК акционерлік қоғамға айналады

6100

 Егін суының тарифі қымбаттайды.

"Қазсушар" РМК акционерлік қоғамға айналады

Алдағы бес жылда елімізде суармалы егінге арналған 119 магистралдық арна цифрлық жүйеге көшеді. "Қазсушар" мекемесінің 2025 жылға дейінгі даму стратегиясында осылай деп жазылған. Бүгін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі осы құжатты өз сайтында жариялады

"Қазсушар" РМК балансында республикалық меншіктегі 4953 гидронысан бар. Соның ішінде 119 магистралдық каналды цифрлық балқылау жүйесіне көшіру қажет болып отыр. Өйткені, қолданыстағы тәсілдер ауыл шаруашылығына жұмсалатын судың шығынын дәл есептеуге жарамсыз. "Қазсушар" РМК бас директоры Арман Қасеновтың айтуынша, цифрлық технологиялар каналдан су бұру және бөлісу процестерінде адам факторын барынша азайтпақ.

Стратегияда су үнемдеудің жаңа технологиялық әдістерін енгізу де көзделген.

"2023 жылы Түркістан және Алматы облыстарында жер асты суару жүйелерін құру арқылы ылғал үнемдеудің тәжірибесі сынақтан өткізіледі. Сондай-ақ қалалардан шыққан сарқынды суды ауыл шаруашылығына қайта пайдалану жобалары қолға алынады", - дейді Арман Қасенов.

Аталмыш жоба әуелі Қарағанды және Ақмола облыстарында сынақтан өтеді. Өйткені бұл өңірлерде қала маңына шоғырланған егінші ауылдар көп.
Қазақстанда жыл сайын мыңдаған текше метр су буланып рәсуа болады. Ал іргедегі Қытай су каналдарының асты-үстін түгел бетондап тастаған. Жаңа стратегияға бұл да еніпті. Сол үшін республика бойынша қанша су құбырын жаңалау қажеттігі, оған кететін шығынның көлемі есептелген. 

"Жыл сайын қазақстандықтар 25 текше шақырым су тұтынады. Оның ішінде ауыл шаруашылығына - 65%, өнеркәсіпке – 30%, коммуналдық шаруашылыққа-1% келеді. Фермерлерді судың жеткілікті деңгейімен қамтамасыз ету үшін су үнемдеу технологияларын енгізу қажет. Қазір суға белгіленген тарифтер төмен, сондықтан фермерлер суды ұтымды пайдаланбайды", - дейді "Қазсушар" басшысы.

2025 жылға дейін "Қазсушар" РМК қайта құрылымдалады. Жаңа атауы – "QazaqSu" акционерлік қоғамы. Республикалық мемлекеттік мекеменің акционерлік қоғам мәртебесін алуы инвестор тарту үшін қажет болған көрінеді.

"Алға қойылған міндеттерді іске асыру ауқымды қаражатты қажет етеді. Бірқатар заңнамалық шектеулерге байланысты бұған дейін инвестор тартуға мүмкіндігіміз болмады. РМК-ны АҚ-ға айналдыру арқылы инвесторлармен өзара іс-қимылды жолға қоюға болады", - дейді Арман Қасенов.

Мекеме акционерлік қоғам болып қайта құрылып жатса, өзі көрсететін қызметтердің тарифін белгілеуге де хақылы болмақ. Үкімет кәсіпорынның жаңа формасын мақұлдап отыр. 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу