Қазы мен жаядан жасалған донер

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
4995

Түрік кәсіпкерлері қазақтың жеңсік асын Қазақстанның ішкі нарығына шығармақшы.

Қазы мен жаядан жасалған донер

"McDonalds" Казахстан" тобы бас директорының міндетін атқарушы Айбек Кәрібжанов апта басында журналистермен жүздесіп, фастфуд бизнесінің құпиясымен бөлісті.

Оның сөзінше, бизнестің дәл осы түрі жылдамдық пен сапаға ерекше назар аударады. Себебі жылдам дайындалатын тағам түрлерін көбінесе жастар тұтынады. Ал олар тез тамақтанғанды қалайды.

Айбек Кәрібжановтың мәліметінше, фастфуд бойынша Қазақстан нарығының 16%-ын - "McDonalds", 35%-ын - KFC, 30%-ын - Burger King иемденіп отыр.

"Фастфуд нарығына қаржы салған инвестор 7-8 жылдан соң ғана пайда көре бастайды. Жұмыс кестесі дұрыс үйлестірілсе, орналасқан жері жақсы болса жоғарыдағы мерзім 2-3 жылға қысқаруы мүмкін", – деді бас директордың  міндетін атқарушы.

Қазақстанда фастфудтың орташа бағасы 7 АҚШ долларын құрайтын көрінеді. Бұл ел азаматтарының сатып алу мүмкіндігімен салыстырғанда қымбат баға екен. АҚШ-та бізде сатылып жатқан тағам түрлері шамамен 3-5 доллар тұрады. Қазақстандағы бағаның қымбат болуына еттен бастап қағаз майлыққа дейінгі барлық қажетті дүниенің сырттан тасымалданатыны себеп болып отыр.

Burger King компаниясы франшизасының иесі Самир Нашело abctv.kz тілшісіне қазақстандықтар фастфудты неге қымбат бағаға сатып алатынын түсіндірді.

"Қазақстандағы ет пен жемістің сапасы халықаралық талапқа сай келмейді. Сондықтан барлық қажетті өнім түрлері Ресей арқылы Бразилиядан тасымалданады. Тасымал шығыны тұтынушылардың есебінен жабылады. Сәйкесінше Қазақстанда фастфуд АҚШ-қа қарағанда қымбат", – деді Самир Нашело.

2017 жылы фастфуд нарығының айналымдағы капиталы 500 млн АҚШ долларын құрапты. Осы қарқын сақталса,  алдағы бірер жылда ақша айналымы 1 млрд АҚШ долларына жетуі мүмкін екен.

Самир Нашелоның сөзінше, нарықтың дәл осы сегменті дәмхана  индустриясының 60%-ын  қамтып отыр.

Алматыдағы KFC-дің  нарықты зерттеу және сараптама бөлімінің  менеджері Алиша Гусман фастфудқа қажетті шикізатты шет елден тасу компанияға да тиімсіз екенін алға тартты.

"Біз өнім бағасының қолжетімді болғанын қалаймыз. Алайда өндірушілер бізге халықаралық сапа стандартына жауап беретін сертификат  ұсына  алмайды. Салдарынан біз олармен жұмыс істеуден бас тартамыз", – деді Алиша Гусман.

Оның айтуынша, компания ұсақ шаруа қожалықтарынан ет алып тұруға қадам жасаған. Бірақ олар сұранысты қанағаттандыра алмайтындарын айтқан.  

"Ұсақ шаруа қожалықтары бізге айына тек 90 тонна ет өткізе алатын болды. Бұл ет 10 мың бутербродттың котлетіне ғана жетеді. Бізде котлеттің бір емес, бірнеше түрі дайындалады",  –  деді Алиша Гусман.

Түрік кәсіпкері Ахмет Елгерен фастфуд нарығын тізгіндеп отырған   қазақстандық әріптестерінің  пікірімен келіспейді. Ол тағамның дәл осы түрін елдің мүмкіндігіне қарай бейімдеп алуға болатынын айтады.

Оның сөзінше, Burger King компаниясының өнімдері түрік нарығына кірген кезде кәсіпкерлер осындай жағдайды бастан кешкен. Батыс өнімінің лоббистері ішкі нарықтағы үлесін арттыру және оны монополияға айналдыру үшін түрлі тетіктерді іске қосқан.

"Түркия  тығырықтан шығудың жолын тауық етінен тапты. Осылайша фастфудты нарық жағдайына бейімдеді. Бірақ бұдан түрік донерінің бәсі түскен жоқ. Түрік донері мен айраны қазір Қазақстанда да танымал. Біз донердің етін қазақстандық кәсіпкерлерден сатып алып отырмыз", – деді Ахмет Елгерен.

Түрік кәсіпкерінің пікірінше, фастфуд өндіретін компанияларға жергілікті жердің етін алғаннан гөрі Бразилияның мұздатқыш камераларында бірнеше жылдан бері қатып жатқан етті арзан бағаға сатып әкелген әлдеқайда тиімді. Осыны жүзеге асыру үшін олар халықаралық сапа стандарты дегенді алға тарта береді

"Бұл нарықты жаулап алудың жүз түрлі мүмкіндігі бар. Мысалы жылдам дайындалатын тағамның құрамындағы котлетті қазақтың қазысымен, шұжығымен алмастыруға болады. Бұған қоса осы дәммен бірге тұтынушыларға қымыз ұсынған адам ұтылмайды. Қазір құрамында қазысы, шұжығы бар фастфуд нарығы бос жатыр. Осыны қолға алған адамға мүмкіндік мол. Бүгінгі таңда түрік кәсіпкерлері осы бағытта іздену үстінде.  Алдағы уақытта түрік донеріне қазы мен жая қосып сату жоспарлануда ", – деді  Ахмет Елгерен.

Айта кетейік фастфуд нарығындағы қазақстандықтардың үлесі 15%-ға енді жетті. Бұл өте аз көрсеткіш. Оның үстіне бұл үлестің мазмұны қазақстандық, сипаты шетелдік болып тұр.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу