Бас экономистің оптимизміне орын бар ма?
2022 жылдың басы Қазақстанға көп қиындық әкелгендей. "Қасіретті қаңтар" оқиғалары "Украинадағы оқиғаларға" ұласты. Сарапшылар басқыншылық соғысты бастағаны үшін солтүстік көршіге қатысты енгізілген халықаралық санкциялардың ауыртпалығы Қазақстанға да түсуі мүмкін екенін айта бастады.
Ел Үкіметі оның салдарларын азайтудың шұғыл шараларын қабылдауда. Алдағы аптада ел Үкіметі Дағдарысқа қарсы іс-шаралар жоспарының алдын ала нұсқасын жариялайды деп күтілуде. Онда "Украинадағы оқиғаларға байланысты Қазақстан үшін ықтимал теріс әлеуметтік-экономикалық салдарларға ден қою" шаралары көрініс табуға тиіс.
Айта кету керек, 24 қаңтардың таңында Ресей Украина жеріне әскер кіргізгенде және мұны "әскери операция" деп атағанда, сарапшылар да ештеңе түсіне қоймаған еді. Сол тұста, 26 ақпанда журналистермен тілдескен Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров сабыр сақтауға шақырды, Ресейге қарсы санкциялардың қазақ еліне ызғары қатты болмайтынына сенім білдірді. Бас экономистің байламынша, бұл оқиғалар Қазақстан экономикасының құлауына емес, өсімінің шамалы баяулауына әкелуі ықтимал.
"Айталық, осы сценарийлердің өрбуі кесірінен, Қазақстанның ЖІӨ-сінің 0,1-0,2 пайыздық өсімін жоғалтуымыз мүмкін. Менің ойымша, бұл сонша қорқынышты емес. Себебі пандемия басталған 2020 жылы ел экономикасы соңғы 22-23 жылда алғаш рет 2,5 пайызға құлдыраған болатын", – деді бас экономист.
Алайда ізінше ахуал өзгеріп кетті. Халықаралық қоғамдастық тек басқыншыны ғана емес, оның ісін үнсіз құптаған немесе айыптамаған елдерді де жазалауға ынтық екенін байқатуда. Экспортқа өнім шығаратын кейбір отандық бизнесмендер шетелдік серіктестерінің, контрагенттерінің қазақстандық тауарларды сатып алудан бас тарта бастағанын немесе тапсырыс көлемін күрт азайтқанын айтады.
Reuters мәліметінше, КТК құбыры арқылы жеткізілетін мұнайды сатып алып келген компаниялар санкциялық режим аясында туындаған белгісіздікке байланысты алдағы айларға жаңа тапсырыстар жасаудан тартынып отыр. Reuters 5 ірі тұтынушыдағы дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, олардың осы наурыз соңына жоспарланған мұнай саудасына өтінім бермегенін жазды.
Бұл ретте Қазақстан Қытайды қоспағанда, жаһандық нарыққа шығаратын "қара алтынының" көбін – үштен екісін осы құбыр арқылы тасымалдайтыны мәлім. КТК арқылы 2020 жылы 59,02 млн тонна, 2021 жылы 60,7 млн тонна мұнай экспортталды. Оның көбі – 53 миллионнан астамы – Қазақстандікі. КТК магистралді құбыры еліміздің батысындағы Теңіз және бірқатар басқа кен орындарын Новороссийск жанындағы "Южная Озереевка" теңіз терминалымен қосады. Ары қарай ресейлік құбырлармен шетелге шығарылады. Қазақстан КТК арқылы мұнай экспортын 2022 жылы 55 миллион тоннадан асыруды жоспарлаған.
Үкіметтегі Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб, Министрлер кабинетінің экономистері мен қаржыгерлері қазір "антикризистік" бағдарламада нені қарастыру керектігіне бас қатыруда.
"Антикедейліктің" субсидиядан несі артық?
Осы орайда сарапшылар халықаралық дағдарыс аясында халықты қорғаудың жаңа тәсілдерін ұсынып жатыр. Мысалы, кәсіпкер, IT маманы Аслан Бегендіков халықтың осал топтарын қолдау тетігін қарауға ұсынды, оған "Кэшбек "Антикедейлік" деген шартты атау беріпті. Қысқаша айтқанда, жобаның мәнісі мынада: осы санатқа жататын адамдар азық-түлік өнімдерін сатып алса, олардың карталық есепшотына сол шығындарының бір бөлігі қайта оралмақ.
"Кеңес Одағында "Стол заказов" деген тетік болатын, онда жеңілдігі бар санаттағы азаматтар азық-түліктің шектеулі жиынтығын төмендетілген бағамен сатып алатын. Қазір ел Үкіметі инфляциямен күрес аясында әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын реттеуге тырысуда. Бүгінде қалыпты тамақтану үшін орташа жалақы табуың қажет. Бұл көптеген қазақстандық үшін орындалмас міндетке айналды", – дейді идея авторы.
Әрине, әрбір тауар үшін картаға ақша түсетін болса, түсетін қаржы көлемін күрт көбейту мақсатында ол адам оңды-солды сауда жасауы немесе туыс-туған, тамыр-таныстың сауда-саттығының бәрін өз картасы арқылы өткізуі мүмкін ғой? А. Бегендіковтың байламынша, оған жол бермеу үшін шектеулер белгіленгені жөн.
"Елімізде ғылыми негізде бекітілген тамақтану нормативтері бар. Онда адамның өмір сүруі, денсаулығын сақтауы үшін ай сайын қанша көлемде ет, сүт және басқа өнімдерді жеуі керектігі көрсетілген. Соған сәйкес, лимит белгілеуге болады. Қалай болғанда, осы арқылы мемлекеттің қамқорлығына нақты мұқтаж адамдардың азық-түлігін адресті субсидиялауға мүмкіндік туады", – деді ол.
Айталық, өңірлерде нан 70 теңгеден сатылса, оның 20 теңгесі кэшбек түрінде кері оралса, онда кедей адам нанды 50 теңгеден алған болып шығады. Осылайша, мемлекеттің қолдауы түпкі тұтынушыға және нақты сатылған өнімге бағытталады. Әйтпесе, мысалы, ауыл шаруашылығы министрлігі құс фабрикаларының әрбір жұмыртқасына 3 теңгеден субсидия береді. Ақшаны көбірек алу үшін фабрикалар жұмыртқа көлемін қосып жазатынды шығарды. Мысалы, құс фабрикалары 2022 жылғы қаңтарда 369,7 млн тауық жұмыртқасын өндіргенін мәлімдеді. Сөйтіп өндірісті 2021 жылғы қаңтармен салыстырғанда бірден 18,4%-ға арттырған. Былтыр 3 миллиард дана жұмыртқа шығарыпты. Алайда бұл статистиканың қаншалықты шындық екенін мемлекет тексере алмайды. Миллиардтаған жұмыртқаның әрбір данасының соңынан індетіп, іздеп, есепке алуға мүмкіндігі жоқ. Берілген есепке сенуге мәжбүр.
Жаңа бағдарламаның талаптары қандай?
Идея авторының айтуынша, қолдау бағдарламасының бірнеше талабы болады: біріншіден, азық-түлік қолма-қол ақшасыз, банк картасы арқылы сатып алынуға тиіс. Өйткені көшеден, қолма-қол ақшаға сатып алынған өнім көлеңкелі экономиканы қуаттандыруы ықтимал.
Екіншіден, міндетті түрде чек талап етілуі шарт. Бағдарламаның арнайы алгоритмі "дүкеннің виртуалды қоймасын" жүзеге асырады. Ол арқылы, чек бойынша өнімдердің қандай санаты – ұн, сүт, май, ет не басқасының сатып алынғанын, неге сұраныс көп екенін нақтылауға болады.
Кэшбек азаматтың талап етуінсіз, өтініш жазуынсыз, автоматты түрде әрі тез арада түсуі керек. Magnum, Технодом, Сулпак және басқа сауда желілерінің кэшбегі сияқты. Кері қайтарылған қаражат өнімді сатып алуға пайдаланылған банктік картаға түсуі керек.
Үшіншіден, бағдарлама шығыны шексіз-шетсіз өспеуі үшін кэшбектің де межесі – ай сайынғы квотасы белгіленгені жөн. Бұл ретте отбасыдағы әрбір бала анасының квотасы көлемін өсіреді.
"Бұл жүйе атаулы әлеуметтік көмек секілді ақшалай қолдау шараларына қарағанда тиімдірек. Себебі ол қаражат тіршілік үшін қажет емес тауарларды, мысалы, ішімдікті не Айфонды сатып алуға жұмсалуы ғажап емес. Оның үстіне жоба мемлекет қолдауының шынайы тұтыныс бойынша әділетті таралуын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ осы арқылы сауда-саттықтың мөлдірлігі артады, салық салу базасы ұлғаяды. Өйткені бұл бағдарламаға қатысып, жемісін теру үшін сатушылардан бақылау-кассалық машинасы мен терминалының болуы талап етіледі. Осылайша, қосымша салық түсімдерінің өсуі кэшбек шығынының үлкен бөлігін өтейді", – деген пікірде Аслан Бегендіков.
Ол елдегі кедейлер санын назарға ала отырып, алдын ала есеп-қисабын жасап көріпті. Мұндай жоба жыл сайын 200 миллиард теңгедей соманы қажет етуі мүмкін екен.
Президент Қ. Тоқаев биылғы 8 ақпанда, Үкіметтің кеңейтілген отырысында 1 миллион қазақстандықтың табысы ең төменгі күнкөріс шегіне де жетпейтінін мәлімдеді. Ендеше әр отбасыға жылына 200 мың теңге көлемінде ғана қолдау көрсетілер еді. Дегенмен, идея авторының байламынша, бұл соманы жобаға әлеуметтік жауапты бизнесті, демеушілерді тарту арқылы көбейтуге болады. Кэшбектің бір бөлігін макарон, ет, сүт, басқасын өндірушілер де өз мойнына алуға қауқарлы.
Айтқандай, АҚШ-та кедейлерге азық-түлік картасы (SNAP, food stamps) таратылады. Мұндай талондар арқылы тауар не мүлдем тегін, не үлкен жеңілдікпен беріледі. Әрбір электронды карточкаға бюджеттен орта есеппен ай сайын 115 доллардан, отбасыға – 255 доллардан аударылады. Бұл жүйемен Америкада 50 миллионға жуық адам қамтылған.
Жанат Ардақ