Ал осы аралықта қорға құйылған ақша 855 млрд теңгеге жуық қана. Сонда 4 айдың ішінде қор 1,1 трлн теңгеге азайып шыға келді, 31,9 трлн теңге қалды.
Келешек ұрпақтың қамы үшін делінетін жинақты есепсіз шашпау керегі билік тарапынан қанша айтылса да, орындалу жағы мәз болмай тұрған сыңайлы. Оның үстіне қаражат мөлшері тоқтаусыз азая беруі мүмкін.
Жалпы, 2025 жылы қордан 5,2 трлн теңге алу көзделген. Ал алғашқы 4 айда жинақтан 3,2 трлн теңге тартуды жоспарлапты. Дегенмен 2 трлн теңге алып, "көп шығындамаған". Әйтсе де бұл қуанарлық жайт емес. Мұнай компанияларынан түсетін салық көлемі жыл сайын үздіксіз азаюда. Оған бәрінен бұрын "қара алтынның" бағасы және ОПЕК+ ұйымының өндіріске қатысты шектеулері әсер етіп отыр.
Құнның құлдырауы қауіп барын білдіреді
Әлемде мұнай бағасының төмендеуі сөзсіз Қазақстан экономикасына әсер ететінін ұмытпаған жөн. Қысқа мерзімді перспективада бұл ең алдымен мемлекеттік бюджет кірісінің азаюына алып келеді.
Себебі пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық, экспорттық баж салығы және мұнай компанияларынан түсетін дивидендтер кемиді. Ал валюталық түсімнің қысқаруы теңгеге девальвациялық қысым түсіріп, саланың инвестициялық белсенділігіне де кері соғуы мүмкін.
– Мұнай бағасының төмендеуі ОПЕК+ ұйымының шешіміне байланысты. Бағаға саясаттың әсері аса көп емес. Мысалы, осыған дейінгі Трамптың риторикасы – тек саяси мәндегі мәлімдемелер. Мұнда атап өтерлік жайт – мұнай бағасының төмендеуі қысқамерзімді сипатқа ие, сәйкесінше, бұл Қазақстан үшін де қысқамерзімді қауіптер барын білдіреді. Бюджет кірістері мен экспорттық түсімнің негізгі көздері әлі де шикізат жеткізуге тәуелді, әсіресе, Каспий құбыры арқылы. Бірақ бұл жағдай тек қауіп емес, сонымен қатар, стратегиялық бетбұрыс жасауға мүмкіндік, – дейді мұнай және газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов.
Мамандар бағаның төмендеуі ел ішінде өңдеу саласын жедел дамытуға түрткі болуы керек екенін айтуда. Қазақстанның шикі мұнайды, пропан-бутанды немесе полиэтиленді экспорттай беруіне болмайды. Бұл дағдарысты нақты қадамдар жасауға мүмкіндік ретінде қарау керек.
Біріншіден, әртүрлі мұнай сорттарын өңдей алатын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу. Екінші, жоғары қосылған құны бар өнімдерге басымдық беру арқылы шағын тоннажды мұнай-химия өндірісін жолға қою.
Пластик, қаптама, бұйымдар, құрылыс материалдары, машина жасау компоненттерін шығару мақсатында терең газ-химия өндірісін салу. Бұның бәрі жұмыс орындарын ашып, қосымша салықтар түсіріп, қайта өңделген өнімнің экспортына жол ашар еді
– Бюджет пен Ұлттық қор мәселесіне келсек, бағаның қысқамерзімді ауытқуы, әрине, кіріске әсер етеді. Бірақ Ұлттық қор дәл осындай сәттер үшін құрылған, яғни, тек жинақтауға емес, жағдайды реттеп отыру үшін де. Маңыздысы – қор "жартығымызды жамап" отыру үшін ғана емес, құрылымдық реформаларды қолдау үшін пайдаланылуға тиіс. Мысалы, импортты алмастыру, индустрияландыру, өңдеу, дайын өнім экспортын дамыту секілді салаларға. Бұл тұрғыда біз "қалай аман қаламыз" деген сценариймен шектелмей, "қалай пайда көреміз" деген сценарийге көшуіміз керек. Егер мемлекет пен бизнес реактивті емес, проактивті түрде әрекет етсе, бағаның төмендеуі жаңа салаларды іске қосатын бастамаға айналады, – деді Асқар Исмаилов.
Бюджетке қосымша кіріс әкелудің жолы бар ма?
Бұдан бұрын Лондондағы ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың маусым айына арналған фьючерстері 4%-ға арзандап, 60,34 доллар болды. Қазір де бір баррель мұнайдың бағасы 60-65 доллар арасында ауытқып тұр.
Құлдырау жалғасуы мүмкін, өйткені Goldman Sachs секілді ұйымдардың сарапшылары Brent маркалы мұнай 2026 жылдың аяғында 40 доллар болуы мүмкін екенін алға тартқан.
Ал 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнай бағасы барреліне 75 доллар, ал доллар курсы 470 теңге деп бекітілген еді. Бірақ жағдайды көріп отырмыз, доллар бағамы әлдеқашан 500 теңгеден асып кетті.
9 сәуірде Үкімет мұнай бағасы 60-55 долларға дейін төмендеген хәл үшін даму сценарийін шұғыл дайындап жатқаны мәлім болды. Қажет болса министрлікке тиесілі ұйымдар, қызметкерлер санын қысқартатыны айтылды.
Енді бюджеттің жоғын толтырып отыру үшін қандай амалдарға бару керек? Мәселен, бұған дейін бізге Экономикалық саясат институтының директоры Қайырбек Арыстанбеков бюджетті қосымша толықтыру үшін бірнеше қадамға баруымыз қажет екенін айтқан болатын.
– Егер Ұлттық қордан қаржы алмаймыз, бюджетке арттырамыз десек, оның екі жолы бар. Салық кодексінде 280-нен астам жеңілдіктер мен босатулар тізімі тұр. Соның 70 пайызын алып тастайтын болса, бюджетке қосымша 3 трлн теңгеден аса қаржы келуі мүмкін. Екіншіден, Қазақстанның жалпы ішкі өнімінде көлеңкелі экономиканың үлесі 18 пайызды құрайды. Үкімет сонымен тиімді күрессе, бюджетке қосымша 4 трлн теңге түсіруге болады, – деді ол.
Көлеңкелі экономикамен күресу жағы белгісіз, десе де Үкімет алғашқы қадамға белсенді кірісіп кеткендей. Қосымша құн салығының пайызы өсіп, шекті мәні төмендетілді. Яғни, салық көбірек төлейтін кәсіпкерлер қатары артты.
Бұған қоса, бюджетте әлеуметтік саланың шығындары көп екені назар аудартады. Жұмыссыздар үшін 6 айлық төлем, кәсіп бастауға қайтарымсыз несие делінетін, есебі күмән тудыратын артық шығындар жетерлік.