Келесі жылы еліміздегі барлық журналистің "тағдыры" шешіледі

2286

2023 жыл ақпарат құралдарының өкілдері үшін ауыр болды. Жаңа 2024 жылы "Масс-медиа туралы" заңы ахуалды қай бағытқа өзгертеді?

Келесі жылы еліміздегі барлық журналистің "тағдыры" шешіледі Фото: kostanaytany.kz

Аяқталып қалған жыл диктофон мен микрофон көтерген қаламгер қауым үшін қиынға түсті. Жыл қазақстандық журналистерге шабуылдар легінен басталды. Оларды тоқтату үшін ел Президентінің өзіне араласып, араша болуына тура келді.

Содан кейін полиция пәрменді қимылдай бастады: жауапты 22 адам ұсталып, 30-дан астам қылмыстық іс қозғалды. Жыл басында Ішкі істер министрі болып тұрған Марат Ахметжанов мәлімдегендей, ақпарат құралдарының өкілдеріне және тәуелсіз блогерлерге шабуылды ұйымдастыру бойынша басты күдікті ретінде Олексий Токарев пен Аркадий Клебанов танылды. Ары қарай түсініксіз тірліктер басталды.

Күдіктілердің үстінен сот процесі көп кешіктіріліп, тек қыркүйек айында ғана бастау алды. Олардың арасында кәмелет жасқа толмағандар да бар. Сот олигарх Александр Клебановтың ағайыны Аркадий Клебановты БАҚ өкілдеріне қарсы қылмыс жасағаны үшін айыпты деп таныды. Алайда Алматы қаласының кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сараптама негізінде Аркадийді "есі дұрыс емес" деп танып, қылмыстық жазадан босатты. Ол психиатриялық стационарға емдеуге бағытталды.

Orda.kz бас редакторы Гүлнәр Бажкенованың болжамынша, бұл әлдебір "құпия мәміленің" бір бөлігі болса керек, оның аясында Аркадий бар кінәні өз мойнына алуы мүмкін. Оның дереккөзі тапсырыс берушілер бұрынғы билікпен байланысты болуы ықтимал екенін жеткізіпті.

Залал шеккен журналистердің шығыны да толық өтелмеді. Мысалы, бірнеше мәрте, үстемелете DDos-шабуыл жасалып, жұмысына зиян келтірілген "OrdaMedia" ЖШС-ына 5,6 млн теңге ғана өтемақы, Гүлнар Бажкеноваға 3 млн теңге моральдық өтемақы тағайындалды.

Қылмыскерлер ауласындағы көлігін өртеп кеткен журналист Динара Егеубаеваның 2 млн теңге ғана моральдық залалы өтелген. 13 млн теңгеден астам материалдық залалын өтеуден бас тартылды.

Клебановтар журналист Вадим Борейкоға 1 млн (оның операторының көлігін өртеп жіберген, өзінің есігінің құлыбына құрылыс көбігін құйып, бүлдірген), Самал Ибраеваға 2,5 млн теңге (оның және балаларының дербес деректерін ашық жариялап, қоқан-лоққы жасаған, қорқытқан) моралдық өтемақы төлейді.

Жалпы алғанда, биылғы жыл басында журналистерге қарсы 30-дан астам шабуыл жасалған. Оның арасында көліктерін өртеу, хакерлік шабуылдар жасау, туыстары мен редакцияларына хабарласып, қорқыту, есіктерін бұзып ашу, жануарлардың қан-қан мүшелерін сәлемдемемен жіберіп, доқ көрсету және басқа да қылмыстар бар.

"Қылмыстық топ шабуылдарының мақсаты – Қазақстанда масс-медиа өкілдеріне қарсы қуғын-сүргін басталғандай әсер туғызып, Президентті және оның демократиялық реформаларын дискредитациялау болған", – деген байламға келді Ішкі істер министрлігі.

Журналистер не үшін қудаланды?

2023 жыл ақпарат құралдарының, соның ішінде блогерлердің де көп ұсталып, түрмеге қамалған жылы болды. Көбіне тағылған айып ұқсас келеді: ірі көлемде ақша бопсалаған.

Мысалы, 4 желтоқсанда Алматының Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты ерлі-зайыпты журналистер Владимир және Наргиз Северныйларды тиісінше 7 және 8 жылға бас бостандығынан айырып, ауыр жазалады. Олар алдын ала ымыраласып, топ болып, аса ірі көлемде ақша бопсалағаны үшін сотталды.

Тізе берсе, ұқсас істер жетерлік. Аттарын атамауды сұраған әріптестер тұтас схема барын айтады.

"Әрине, танымал журналистер, әсіресе, блогерлер әлдебір тұлғаның немесе ірі компанияның беделіне дақ түсіретін сенсациялық, сыни материалды жарияламағаны үшін ақша талап ететіні бұрыннан белгілі. Бүгінде қоғамдық пікір көшбасшылары атанып жүрген біраз блогер солай байыды. Бірақ осы тетік журналистерге қарсы қолданыла бастады. Қандай да бір сыни материал жарияланбас бұрын журналист сын объектісіне хабарласып, қарсы дәйектемесін, пікірін сұрайды. Белгілі тұлға не компания басшысы жеке кездесуді ұсынады. Жүздесу кезінде оның өзі ақша не құнды сыйлық тықпалайды, соны алуға арандатады. Лезде жасақ сау ете қалып, қолын бұрайды. Салдарынан, ақпарат құралдары журналистік зерттеу, тіпті сыни материал беруден қорқатынды шығарды", – деп налыды әріптестің бірі.

"Шекарасыз репортерлар" ұйымы құрған БАҚ еркіндігі рейтингінде Қазақстан 180 ел арасында 122-ші орында тұр. Ұйым елдегі сөз еркіндігіне қатысты ахуал нашарлағанына назар аудартады.

Мысалы, 2023 жылғы шілдеде журналист Амангелді Батырбеков Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлының шағымымен тұтқындалып, 20 тәулік абақтыда отырып шықты. Сондағы айыбы – Мәжіліс депутаты "өзінің абыройы мен намысына нұқсан келтірді" деп есептеген ақпаратты әлеуметтік желіде орналастырғаны. Салыстырсақ, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың екі бірдей адвокатты аяусыз соққыға жыққан, яғни нағыз қылмыс жасағаны сотпен анықталған кенже ұлы темір торға жабылмай, 500 АЕК айыппұлмен құтылып кетті.

Белгілі журналист Сандуғаш Дүйсенова "дербес деректер туралы заңнаманы бұзғаны үшін" айыпталып, 2023 жылғы 11 тамызда полиция бөліміне жеткізілген. Сонда оны ішкі киіміне дейін шешіндіріп, видеоға түсіргені туралы ақпарат әлемді шарлап, халықаралық қоғамдастықты шошынтты. Полицейлер мұның қалыпты рәсім екенін алға тартты.

Мұндай масқара оқиғалардың бәрі қордалана келе, Қазақстанның әлем алдындағы бедел-имиджіне Бораттан бетер соққы жасайтыны даусыз.

Пресс-карта сөз бостандығын шектей ме?

"Қазақстан билігі "Масс-медиа" туралы жаңа заң қабылдауға кірісті. Заң БАҚ қызметіне мемлекеттік бақылауды қатты күшейтеді. Атап айтқанда, заң жобасына сәйкес, әрбір журналистің мәртебесі пресс-картамен расталуға тиіс. Ол картаны министрлік жанындағы арнайы комиссия береді. Журналистті "кәсіби әдеп нормаларын сақтамағаны" үшін пресс-картасынан айыруы мүмкін. Мұндай шектеулер журналистердің тәуелсіздігіне тікелей нұқсан келтіреді, олардың жұмыс өрісін тарылтады. Қазақстандық БАҚ өкілдері де заң жобасын сынға алып, оның мәні шектеулерге негізделгенін мәлімдеді", – деп жазылған халықаралық "ActivistsNotExtremists" Құқық қорғаушы үкіметтік емес ұйымдардың коалициясы жариялаған есепте.

"Масс-медиа туралы" заң жобасын таяуда, 30 қарашада Мәжіліс бірінші оқылымда мақұлдады. Келесі жылы заң күшіне енеді деп жоспарланған.

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның айтуынша, бұл заң жобасы "сөз еркіндігін қатаң сақтай отырып, журналистердің кәсіби статусын көтеру және мемлекеттік ақпараттық саясаттың тиімділігін арттыру мәселелерін шешетін болады".

Оның басты жаңалықтары – бесеу.

"Біріншіден, болашақ заң ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға шағым түсіру кезеңіне шек қоймайды. Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен ұзақ талқылау барысында азаматтардың жеке мүліктік емес құқықтарының бұзылуына жол бермес үшін 3 жылдық шектеу мерзімін бекіткен дұрыс деп шешілді. Екіншіден, заң журналистер жолдайтын сауалдарды нақты градациялап, оларға берілуге тиіс жауаптарға нақты мерзім белгіледі. Мәселен, жазбаша жауап беру мерзімі 7 жұмыс күнінен 5 жұмыс күніне қысқартылды", – деді министр.

Үшіншіден, ресейлік операторлардың елімізде заңсыз орнатылған жерсеріктік тарелкаларымен күресу үшін өзіміздің ресми отандық құрылғыларды орнатуға арнайы субсидия қарастырылады. Бұрын олардың бәрін мәжбүрлеп алғызып тастау тәсілі пысықталған. Әйтпесе, әсіресе, солтүстік облыстардың тұрғындары ресейлік пропагандаға елігіп, беріліп болды.

Алайда Үкімет аталған норманы енгізу арқылы "жазалау принципінен бас тартып, керісінше, осы бағыттағы отандық кәсіпкерлікке жағдай жасаумен" шектелуге шешім қабылдады.

Төртіншіден, мемлекеттің ақпараттық тапсырысын тиімді ету үшін қаржыландырудың гранттық жүйесі енгізіледі. Ол ең бірінші кезекте жобалардың шығармашылық әлеуетіне бағытталады. Басқаша айтқанда, газеттерге, телеарналарға және басқасына грантқа таласып, өзара бәсекелесіп, соған лайық екенін дәлелдеу керек болады.

Бесіншіден, журналистерді түрлі шараларға қатысуға аккредитациялауды автоматты түрде жасау үшін арнайы баспасөз картасы (пресс-карта) енгізіледі.

Мәжілістегі "AMANAT" фракциясының депутаттары пресс-картаны алып тастауды ұсынып отыр.

"Медиа-қауымдастық өкілдері Үкімет ұсынған заң жобасындағы "баспасөз картасына" қатысты наразылықтарын ашық айтып отыр. Журналистердің пікірінше, бұл норма журналистерді алалауға, бөлуге алып келуі ықтимал, журналистердің арасында теңсіздік тудырып, құқықтарын шектеуі мүмкін. Қоғамдық палатаның мүшелері де баспасөз картасы журналистің еркіндігі мен ақпарат алу мүмкіндігін шектеуге бағытталған норма деп отыр. "AMANAT" фракциясы, бұл нормаға үзілді-кесілді қарсы. Бұндай құйтұрқы форматтағы шектеу нормаларын енгізуді қою керек деп санаймыз", – деді депутат, экс-блогер Айдос Сарым.

Министрлік қалдыруды ұсынады.

"Бұл бастама журналистердің құқықтарын бұзбайды! Министрліктің 2024 жылғы жұмыс жоспарында медиа саласына қатысты барлық мәселелерді реттеу үшін медиа-платформа жасақтап, оны іске асыруды қарастырып отырмыз. Онда әрбір БАҚ-тың заңды есепке тұруы, есептен шығуы, аккредитация мәселелерін автоматтандыру мәселелері қамтылады. Ақпараттық технология заманында бұларды цифрландыру көзделіп отыр. Ол журналистердің жұмысын жеңілдетуге бағытталған норма болатын. Алайда норма қызу талқыға түсіп, депутаттық корпусты да, журналистік қауымдастықты да екіге бөліп отырғандықтан, біз оны екінші оқылымға дейін тағы да жан-жақты қарап, бір ортақ шешімге келеміз. Бұл жерде белден басып, тек өзіміздің нормамызды енгіземіз деген мәселе жоқ", – деді министр Аида Балаева.

Ең бастысы, жаңа заң журналистердің мүддесін қорғап, журналистердің мәртебесін арттыруға тиісті. Мәселен, журналистер қауымы біраз жылдан бері жаңа заң аясында БАҚ өкілдерінің ерекше мәртебесін бекітіп, бюджеттік баспанамен қамтылуына ықпал етуді ұсынып келген. Бұдан Үкімет бас тартты. Оның орнына пресс-карта келесі жылы журналистика саласында онсыз да нашарлаған ахуалды тіпті тоқыратып тынбаса, болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу