Келесі жылы қазақстандықтар сүтсіз, қаймақсыз, ірімшіксіз және айрансыз қалуы мүмкін

1642

Отандық сүт және сүт өнімдерін өндірушілер үрейлене күткен "мәскеулік талаптар" күшіне енетін күн таяды.

Келесі жылы қазақстандықтар сүтсіз, қаймақсыз, ірімшіксіз және айрансыз қалуы мүмкін Фото: canva.com

Биылғы жыл басынан Қазақстан, Қырғызстан, Армения Кеден одағының сүт өнімдеріне арналған техникалық регламент бойынша өтпелі кезеңді 2027 жылға дейін ұзарту туралы Мәскеуге бірнеше рет сұрау жолдады. Өйткені Еуразиялық одақтың ұлтүстілік органы Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Ресей астанасында орналасқан.

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес, кез келген шешім қабылдау үшін барлық мүше елдің консенсусы, соның ішінде Ресей мен Беларусьтің рұқсаты керек. Олар құптамаса, еш шешім қабылданбайды.

Қазақстанның 2024 жылғы қазан айында жолдаған соңғы өтініші журналистердің қолына түсті. Онда сұрау тақырыбы өзгермеген: Астана сүт өнімдеріне қатысты техрегламентті енгізу бойынша өтпелі кезеңді тағы екі жыл әріге, 2027 жылға дейін шегеруді сұрайды.

"Қазақстан Кеден одағының "Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" (ТР ТС 033/2013) техникалық регламенті талаптары бойынша өтпелі кезеңді ұзарту ұсынысымен Еуразиялық экономикалық комиссияға жүгінді. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғариннің ЕЭК алқасының төрағасы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған тиісті құжаты біздің редакцияның қарауында бар. Материалдарға сәйкес, шикі сүт пен сүт өнімдері құрамындағы микроағзалардың және соматикалық жасушалардың рұқсат етілетін деңгейіне қатысты қатаң талаптар Қазақстанда 2025 жылғы 1 қаңтардан қолданыла бастайды деп жоспарланған. Алайда Қазақстан бұл нормалардың толық күшіне енуін 2027 жылғы 1 қаңтарға қалдыруды ұсынады", – деп жазды Dairynews.today басылымы. 

Содан бері де екі айдан астам уақыт өтті. Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми сайтында Қазақстанның, Қырғызстанның және Арменияның тиісті ұсыныстары қабыл алынғаны туралы бірде-бір құжат жарияланбады. 

Бұл ретте ЕЭК-тің техникалық реттеу министрі Валентин Татарицкий жаңа жылдан бастап, Еуразиялық одақтың техникалық және ветеринарлық-санитарлық заңнамасында сүт өнімдеріне қатысты жаңашылдықтар күшіне енетінін мәлімдеді.  

"Ветеринариядағы ортақ процестер арқылы бірлесе қимылдау сапасыз және фальсификацияланған сүт өнімдерімен бірге тиімді күресуге мүмкіндік дереді. Болашақта осы процестер, сондай-ақ цифрлық техреттеуге көшу өзара тығыз ықпалдасатын болады. Сол арқылы тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін арттыруға септеседі. Сондықтан біз одаққа мүше мемлекеттерде одақтың заңдарының, қағидаларының және талаптарының еш бұлтақтаусыз, толыққанды жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге бағытталған жұмысты жандандыруымыз қажет", – деді одақтың техникалық реттеу министрі Валентин Татарицкий.

Қазақстанның Сүт одағы бұл техрегламенттің жылдамдатып енгізілуіне қарсы шығып келеді. Бір жағынан, Ресей осы арқылы одаққа мүше елдердің халықтарын лас, былық цехтарда қолдан жасалған жалған өнімдерден, сондай-ақ зауыттардың сүт деп "сарысуды" сататын фальсификациясынан жаппай қорғағысы келіп отырғандай. Ресейлік шенеуніктер осыған үнемі екпін түсіріп келеді.

Екінші жағынан, қазақстандық сарапшылардың айтуынша, Мәскеудің өзі әзірлеп шыққан бұл техрегламент сүт майын алмастырғыштарды (заменители молочного жира) өндірушілердің лоббиімен енгізіліп отыр.

Сүт одағы Қазақстанның Кеден одағының техрегламентіне толық көшуге дайын еместігін алғаш 2019 жылы мәлімдеді. Оның эксперттерінің мәселе көтеруі арқасында республика одақтың осы талабын енгізу мерзімін 2025 жылға шегерте алды. Тағы әрі ысыруды сұрады. Бірақ Мәскеу енді шегінбейтін түр танытуда.

Бұған дейін Сүт одағы хабарлағандай, 2019 жылғы "стресс-тесттер" сүт зауыттарының халықтан, шаруа қожалықтарынан жинайтын шикізатының 50%-ы ЕАЭО техрегламент нормаларына сәйкес келмейтінін көрсеткен. Содан бері жағдай көп өзгере қойған жоқ.

Сондықтан сарапшылардың байламынша, 2025 жылғы 1 қаңтардан кейін одақтың жаңа техрегламенті күшіне енсе. Қазақстанда сүт өңдеуші зауыттар ауылдықтар мен фермерлердің өндірген сүтін қабылдай алмай қалады. Қабылдаса, шығарған өнімі "фальсификацияланған немесе қауіпсіздік нормаларына сәйкес келмейтін тауар" деп танылуы, тәркіленуі мүмкін. Қазақстанда 5 қаңтарға дейін мерекелік күндер екенін ескергенде, жаңа талаптар 6 қаңтардан бастап елді дүрліктіруі мүмкін.

Қазіргі уақытта Сүт одағының дерегінше, мал ұстайтын ауылдықтар сүт шикізатының жалпы көлемінің 35-40%-ға дайын қамтамасыз етеді. ЕАЭО талабы кесірінен, халық ол ақтың бәрін жерге төге ме? Онда миллиондаған ауылдықтардың, ауыл шаруашылығы саласының жағдайы не болмақ? Өнімнің жартысына жуығы жоғалса, дүкендерде жаппай сүт тапшылығы басталмай ма? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Сүт нарығын зерттеу орталығының (DIA, Dairy Intelligence Agency) директоры Михаил Мищенко ақпарат құралдарына сұхбатында одақтың емес, өзіміздің регламентті әзірлеу керектігін айтып жүр. Алайда Қазақстан одаққа кіргендіктен, оның талабына бағынуына тура келеді.

"Дұрысы, сүт пен сүт өнімдеріне қойылатын талаптар бойынша ұлттық регламенттерді әзірлеу қажет. Өйткені Кеден одағы аясында "бірлесе әзірленді" деп бүркемеленетін ресейлік техрегламентті шынында ресейлік лоббистер – сүт майын алмастырғыштарды өндірушілер жасап шыққан. Бұл тұрғыда Қазақстан Ресейдің айтқанымен жүруге мәжбүр болды. Ал, бұл техникалық регламенттерде олқылық өте көп! Төл техрегламенттерді енгізудің жолдарын қарастырған жөн. Бұл жерде мысалы, еуропалық Кодекс Алиментариус сияқты халықаралық құжаттар үлгі бола алады", – деді эксперт.

Қазақстан Үкіметінің ұстанымынша, елдің сүт саласын жаңа стандарттарға бейімдеу, қайта құру үшін әлі де уақыт керек. Себебі, қазіргі кезде сүт зауыттарына шикізаттың үлкен бір бөлігі сол бұрынғыдай жеке қосалқы шаруашылықтардан, яғни, мал ұстайтын ауылдықтардан келіп түседі. Оларды кооперативтерге біріктіріп, өнімін зертханалық тексеруден өткізуге, сертификаттауға талаптанған Ауыл шаруашылығы министрлігінің ісінен нәтиже шықпады.

Жеке қосалқы шаруашылықтарда өз өнімін одақтың жаңа стандарттарына сәйкес келтіру үшін қажетті ресурстар, қаражат жоқ. Салдарынан, сарапшылардың пікірінше, республикада сүт тапшылығы басталуы, сүттің және сүт өнімдерінің жаппай қымбаттауы, отандық нарықты ресейлік және беларустік сүттер мен сүт өнімдерінің жаппай жайлауы мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды.

Айтпақшы, бұрынғы жылдары "елімізде 6,5 миллион тонна сүт өндіріледі" деген көркем көрсеткіш айтылатын. Ол өтірік болып шықты. Үкімет отырысында баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров елімізде қазірдің өзінде сүттің тапшы әрі қымбат екенін жариялады. Осы қос фактор қайта өңдеуді дамытуды қиындатты. Оған келесі жылы техрегламент қосылатын түрі бар.

"Ресми статистикаға сәйкес жыл сайын елімізде шамамен 6,5 млн тонна сүт өндірілетін. Бірақ оның тек 2,1 млн тоннасы 180 кәсіпорында өңделеді. Бұл факт мал шаруашылығында статистикалық деректерді бұрмалаудың көп жылдық тәжірибесінің болуымен түсіндіріледі. Осыған байланысты вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен статдеректерді өзектендіру бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Комиссия жұмысы нәтижесінде елде мал 2 миллион басқа кемітілді, 3 млн тонна сүт есептен шығарылды", – деді ведомство басшысы. 

Нәтижесінде, 2024 жылғы қарашадағы жағдай бойынша сүт өндірісі тек 3 миллион тоннаға жетті. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 104,2%-ға көп.

Дегенмен, сол 3 миллион тоннаның 1 миллионы (жылдық өсімі 107,5%) ғана ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндірілді. Ендеше басым көпшілігі – үштен екісі жеке қосалқы шаруашылықтардың еншісінде және олар одақтың техрегламентіне сәйкес келмеуі мүмкін. Егер Қазақстанда ауыл шаруашылығы құрылымдарында өндірілген бар-жоғы 1 миллион тонна сүт қана қалса, ел басына күн тумай ма?

Өз кезегінде Үкімет Қазақстандағы сүт өндірісін қолдау үшін соңғы жылдары бірқатар шаралар қабылданғанын алға тартты. Мемлекет фермерлерді ынталандыру үшін бюджеттен субсидиялар енгізіпті. Сиыр ұстайтын ауылдықтардың кооперативтерге бірігуін қолдау шаралары, оларды ветеринарлық-санитарлық нормаларға оқыту бағдарламаларын ендіру жалғасты.

Мемлекеттік бағдарлама аясында 2027 жылға дейін 118 жаңа сүт-тауарлық ферма құру жоспарланған. Бұл, Үкіметтің тұжырымдауынша, талапқа сәйкес келетін сүт көлемін елеулі арттыруға және өңдеуші кәсіпорындарды толық жүктеуге мүмкіндік береді.

Үкіметтің ЕЭК-ке хатында айтылғандай, қабылданған шаралар шикі сүт сапасын біршама жақсартуға ықпал етті, алайда сүт өңдеу саласында түбегейлі өзгерістерше, қаланған нәтижелерге қол жеткізілмеді.

Сол себепті, Ресей пен Беларусь техрегламент талаптарының қолданысқа енгізілу мерзімін 2027 жылға қалдыруға келіскенде, бұл қазақстандық сүт өндірушілерге және өңдеуші кәсіпорындарға жұмысын жалғастыра отырып, жаңа талаптарға біртіндеп бейімделуге, орасан шығыннан құтылуға "шанс" беретін еді. Онсыз саланы тоқырау күтіп тұруы мүмкін.

Айта кету керек, бұған дейін "Jańa Dala/Green Day" ақпараттық орталығы да АШМ-ге түсініктеме сұрап жүгінген екен.

"Техникалық регламент салдарынан сүт  өңдеу зауыттары жеке қосалқы шаруашылықтардан (ЖҚШ) сүт қабылдауды тоқтатса, бұл ауылдықтар мен жекеменшік шаруашылықтардың кең санатын табыс көзінен айыруы мүмкін деген қауіп айтылуда. Қазақстан фермерлері қауымдастығының мәліметінше, республиканың агросекторында 2,32 миллион ЖҚШ бар, олар сүт өнімдерін қоса алғанда, азық-түлік өнімдерінің едәуір бөлігін өндіреді. Бұл қауіп-қатерлер расталған жағдайда одақтың техникалық регламентіндегі өзгерістер Қазақстанның ауылында өзін-өзі жұмыспен қамтыған халықтың жұмыссыз, табыссыз қалуына соқтыруы мүмкін", – деп хабарлады орталық мамандары.  

Ауыл шаруашылығы министрлігінің жауабына сәйкес, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Кеден одағының "Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" техникалық регламенті қолданысқа енгізіледі.  

"Келесі жылдан бастап сүт өңдеу кәсіпорындарына өткізілген шикі сүт осы техрегламенттің №5 қосымшасына сәйкес, шикі сүттегі, майсыз шикі сүт пен шикі кілегейдегі микроорганизмдер мен соматикалық жасушалардың рұқсат етілген деңгейіне тексеріледі. Яғни, сүт өңдеу кәсіпорындары осы көрсетілген талаптарға сәйкес болған жағдайда ғана сүтті қабылдауды жалғастырады", – делінген министрліктің жауабында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу