Келесі жылы Otau TV приставкалары жаппай тегін таратылуы мүмкін

4803

Бұл фейк ақпарат емес. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тиісті бұйрық жобасын дайындады. 

Келесі жылы Otau TV приставкалары жаппай тегін таратылуы мүмкін

Кейінгі жылдары Қазақстанда Otau TV ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісі дағдарысқа киліккендей. Кезінде ел Үкіметі 2015 жылдан бастап, Қазақстанның телевизиясы мен радиосы толығымен хабар таратудың цифрлық форматына көшуге тиіс деген міндет қойды. Әрине, әдеттегідей ол міндет орындалмады.

Бұл салада билік енді "жергілікті жеңістерге" иек артуда. Мысалы, 30 қарашада Нұр-Сұлтан және Қарағанды облысы цифрлық эфирлік телехабар таратуға ресми түрде толық көшті. Қазақстанның бірқатар облыстарында ескірген телехабар тарату 100%-ға өшірілді. Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан, Алматы, Павлодар, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстарының тұрғындары цифрлық телевизияны еркін, сенімді қабылдау мүмкіндігіне ие.

Бірақ кеңестен қалған аналогтық жүйе де жеңісті қолдан беретін емес. Биылғы маусымда ​билік Алматы мен кейбір облыстарда бұзып-бөлшектеу жұмыстарын кейінге ысыруға мәжбүр болды: "Алматы", "Үлкен Шаған", "Қостанай", "Петропавл" және "Лисаков" радио-телевизиялық станцияларындағы аналогты жабдықты бұзуға әлі ерте деген шешім қабылданған. Салаға жауапты квазимемлекеттік кәсіпорын – "Қазтелерадио" АҚ осы қолайсыздықтар үшін тіпті кешірім сұрады.

Жалпы аналогтан цифрлық телевизияға көшудің артықшылықтары бесенеден белгілі. Көрермен кескіні мен дыбысы жоғары сапада болатын жаңа арналарға қол жеткізе алады. Себебі аналогтік телевизияда арна саны тым шектеулі.

Ресми мәлімет бойынша, Otau TV-ның "Тегін" топтамасының құрамында 66-дан астам телеарна мен радиотолқын қолжетімді екен.

"Цифрлық кескіннің аналогтан айырмашылығы – ол аяқ астынан үзіліп қалмайды, бұрмаланбайды, дыбысы жоғалмайды. Цифрлық хабар тарату HD форматында жоғары сапалы стандарттағы арналарды эфирге қосуға мүмкіндік береді", – деп хабарлады "Қазтелерадио".

Әйтсе де, биыл Батыс Қазақстанда ауа райының қолайсыздығына байланысты бірқатар телеарна ұлттық жерсеріктік телевизия желісінен жоғалып кетті. Мұндай ақаулар өзге өңірлерде де тіркелді.

Отау ТВ неге әр шаңырақ төріне шыға алмады?

Халық цифрлық телевизияға көшуге асығатын емес. Мысалы, 2020 жыл қорытындысында Otau TV-ны пайдаланушылар саны 1,5 миллион адам межесінен ғана асқан. Биыл он жылдығын атап өткен ұлттық спутниктік телевизияның осы уақытта жеткен межесі осы.

Елдің оған қосылуға асықпауына түрлі фактор кедергі. Біріншіден, қосылу ақысы қымбат. Мысалы, қалаларда талшықты-оптикалық желі арқылы кабельдік Интернет пен цифрлық телевизияны қосу үшін орта есеппен 7 мың теңгедей қосылу ақысын төлейсіз, әрі қарай абоненттік ақысын ай сайын төлеп тұрасыз. Ал Otau TV-ға қосылу үшін "спутниктік антенна + ресивер немесе CAM-модуль + орнату" құны өңіріне қарай 28-50 мың теңге аралығында. Бірақ әрі қарай телеарналардың белгілі бір топтамасын тегін көруге болады.

Екіншіден, Қазақстанға қас күштер болуы да мүмкін, әлдебіреулер "Қазтелерадио" АҚ абоненттерін аңдиды екен деген қауесет таратты. Бұған ұйымның бірқатар жабдықты сатып алуы себеп болған.

"Аңдымаймыз! Жедел-іздестіру іс-шаралары жүйесін (ЖІІЖ) сатып алу – қалааралық және халықаралық желілерге шығатын "Қазтелерадио" АҚ ішкі корпоративтік телефон желісінде пайдалану үшін ғана жүзеге асырылды", – деп ақталды ведомство.

Өйткені "Байланыс туралы" заңына сай байланыс желілерінің иелері барлық байланыс желілерінде жедел-іздестіру (ЖІ), қарсы барлау іс-шараларын (ҚБІ) жүргізудің техникалық мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге міндетті. Бұл жүйе Otau TV және эфирлік телевизия абоненттеріне арналмаған көрінеді. Компания сендіруінше, абоненттердің үйінің төрінде тұрған ресивер-жәшікте сол үйден бейне не дыбыстық жазбаларды алғызудың техникалық мүмкіндігі жоқ. Цифрлық эфирлік және жерсеріктік телерадио хабарларын тарату технологиясында кері байланыс арнасы қарастырылмаған.

Приставканы тегін алудың 6 қадамы

Дегенмен сала көрісеткіштері алда күрт жақсаруы мүмкін. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тың бастама көтерді. Аида Балаева ұжымы "жеке тұлғаларды телевизиялық абоненттiк жалғамалармен қамтамасыз ету қағидаларын" бекітетін бұйрық жобасын жариялады.

Құжат Қазақстан тұрғындарын тегін телевизиялық жалғама-приставкамен қамтамасыз етіп шығуды қарастырады.

"Жалғама өтініш берушіге ақысыз негізде жеткізіледі және орнатылады. Жалғама-приставкалар DVB T2, MPEG 4 хабар тарату стандарттарында (цифрлық эфирлік телерадио хабарларын тарату үшін) цифрлық теле және радиосигналды қабылдауға, цифрлық эфирлік телерадио таратудың ұлттық желісімен ықпалдасуға тиіс", – делінген қағидаларда.

Otau TV приставкасын тегін алу үшін жалғыз, бірақ аса маңызды шарт бар: азамат атаулы әлеуметтік көмек (АСП) алатын болуы міндет. Басқа азаматтарға тегін берілмейді.

АӘК алушыларды жалғамамен қамту жергілікті әкімдіктерге жүктеледі: "жергілікті атқарушы орган халықтың жалғамаларды ақысыз алу мүмкіндігі барлығы туралы БАҚ арқылы хабардар етеді".

Оны алу үшін азамат өз атынан немесе отбасының және өзімен үнемі бірге тұратын басқа да адамдардың атынан өтініш жазуы керек. 1 өтініш берушіге 1 приставка ғана беріледі.

Балаева министрлігі мұның "біржолғы акция" екенін ескертті: "жалғамалармен қамту шарасы біржолғы болып табылады және ол берілгеннен кейін оны алған өтініш берушіге, оның отбасы мүшелеріне және онымен үнемі бірге тұратын басқа да адамдарға берілмейді". Яғни алғаны сынып қалса, әрі қарай сатып алуына тура келеді.

Бұл жерде жалғаманы алу алгоритм-қадамдары келесідей болмақ:

Бірінші қадам, әкімдік жалғама тарату басталатыны туралы ақпарат құралдары арқылы хабарлайды.
Екінші қадам, АӘК алатын жергілікті тұрғындар тегін приставка алу үшін тұрғылықты мекенжайы бойынша "жалғамаларды ақысыз негізде жеткізу туралы өтініштерді тіркеу журналына" құжаттарды тіркейтін атқарушы органға, ал ауылдық жерде – кенттің, ауылдың, ауылдық округтің, аудандық маңызы бар қаланың әкіміне өтініш береді. Өтінішке азаматтың жеке куәлігінің көшірмесі, өзінің не отбасының АӘК алатынын растайтын анықтама қоса беріледі.
Үшінші қадам, кент, ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімі алған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей өтінішті құжаттармен бірге жауапты атқарушы органға жібереді.
Төртінші қадам, атқарушы орган өтініш берушінің деректерін тексереді. Жиналған өтініштердің негізінде жалғамаларға деген қажеттілікті, нақты тізбесі мен санын айқындайды.
Бесінші қадам, тікелей өтініш берушіден немесе әкімнен құжаттар қабылданғаннан кейінгі 5 жұмыс күні ішінде атқарушы орган өтініш берушіні ақысыз негізде жалғамамен қамтамасыз ету немесе одан бас тарту туралы шешім шығарады. Бас тартқан жағдайда – оның себебін көрсетеді. Өтініш иесіне бас тартуға қарсы шағым айту және алуға лайықтылығын дәлелдеу үшін 3 күн беріледі.

Бұл ретте приставканы бермеудің 2 ғана негізі белгіленген: біріншісі, өтініш беруші атаулы әлеуметтік көмек алушы болмай шықса, екіншісі, жалғаманы бұған дейін алған болса.

Алтыншы қадам, атқарушы орган өтініш беруші оң шешімді алған сәттен бастап мемлекеттік сатып алу туралы шартта көрсетілген мерзім шегінде оның мекенжайына жалғаманы жеткізеді, орнатып, қосып береді.

Елімізде нақты қанша адам Отау ТВ-ның тегін приставкасын алатыны азаматтар мен әкімдерден қанша өтініш түсетініне байланысты болмақ. Ал әлеуетті алушылардың қатары үлкен. 2021 жылғы қарашада атаулы әлеуметтік көмек 195,3 мың шаңырақтағы 973,9 мың адамға тағайындалған.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу