Алматының Кеңсайы аспан астындағы "мұражайға" айналғаны қашан. Мұндағы күмбезді зираттар мен қымбат құлпытастардан көзің сүрінеді. Шектен тыс ысырапшылдық қоғам мен дін өкілдерінің қызу талқысына түскенімен, мазар салу бәсекесі әлі тоқтаған жоқ. Мұндағы кейбір зираттардағы құлпытастар шетелден әкелінсе, енді біріне бейне бақылау жүйесі орнатылып, арнайы адамдар күзетуде. Қоғам арасында Кеңсайда адам жерлеу бизнеске айналған, қызметтердің құны миллиондаған теңгеге дейін барады деген сөз де тарап жүр. Бұл рас па? Кеңсайда адам жерлеудің құны қанша? Inbusiness.kz тілшісі анықтап көрді.
Біз осы сұраққа жауап іздеп Кеңсайға келдік. Алайда зират жабық, кіреберіске санитарлық жағдайға байланысты деп хабарландыру ілініпті. Зират басы тым-тырыс. Жерлеу рәсімдері де орындалмай тұрған сияқты. Күзетші да санитарлық талапқа байланысты дегеннен асып жауап бере алмады. Бұдан кейін Алматыдағы барлық 69 зиратқа жауапты Салттық қызмет көрсету комбинатына хабарластық.
Кеңсайда жер тегін беріледі
"Қазіргі кезде Кеңсай-1 зираты жабық. Яғни, жер алып жерлеу мүмкін емес. Тек бұрын туыстарының жанынан жер алып қойғандар жерленеді. Ал Кеңсай-2 зираты 80%-ға толған. Мұнда бір адамды жерлеу құны 85 450 теңге тұрады", – дейді Салттық кызмет көрсететін мекеме басшысының орынбасары Есбол Қуандықұлы.
Жауапты мекеме басшысы орынбасарының сөзінен түсінгеніміз миллиондаған теңгеге дейін барады деген ақпарат сәл қате.
"Бұл шығындарды жер бағасы мен жерлеу қызметін көрсету деп бөліп қарастыру керек. Елімізде "ҚР Жер кодексіне" сәйкес зираттарға бөлінген жер ортақ қолданыста және ол үшін 5-6 шаршы метр тегін беріледі. Халық тек жерлеу қызметін төлейді. Тағы қайталап айтамын, жер тегін, сатылмайды. Ал жоғарыдағы 85 450 теңге - жерлеу құны, бұған көр қазу, мәйітті түсіру, бетін жабу кіреді", – дейді Салттық кызмет көрсететін мекемеде.
"Қара" агенттіктердің ісі
Ал миллиондаған теңге тұратын жерлеу рәсімі мен бизнес туралы сыбыстың шығуына сұраныс себеп. Яғни, мұны кейбір адамдардың өзі талап етіп, жоғарыдағы рәсімдер үшін қыруар қаржы шығындайды.
"Біз зираттан жоспар бойынша орын бөлеміз.Алайда кейбір адамдар туысын жоғары тау бөктеріне немесе танымал адамның жанына жерлегісі келіп, оның қосымша жолдарын іздей бастайды.Кейін жеке агенттіктер көмегіне жүгінеді. Бізден басқа нарықта салттық қызмет көрсететін 200-ден аса мекеме бар. Олардың барлығы заңды жұмыс істейді деп айта алмаймын. Бағаны көтеріп, қосымша қаржы талап ету осы "қара" агенттіктердің ісі. Халық құқықтарын білу керек. Олар заңды білмегендіктен, ақыреттік орындарын да сатып алып жатыр", – дейді ол.
Адамды жер қойынына тапсыру кезінде бекітілген калькуляциялық тарифтен бөлек қаржы төлеуге міндетті емес. Ал қосымша қаржы талап еткендердің үстінен Салттық қызмет көрсету комбинатына шағымдануға болады.
"Қайтыс болған соң кез келген пенде қара жерге қойнына тапсырылатыны анық. Бірақ марқұм туыстарының жер таңдайтынын түсіне алмаймын. Марқұмға таудың басына жерлене ме, танымал адамның жанына жерлене ме бәрібір, ол да қара жер", – дейді маман.
Заңсыз тариф
Жеке агенттіктер қайтыс болған адамның жақындарына қаралы хабар жетпей жатып сол шаңырақтың есігін қағып тұратын көрінеді. Тіпті зираттарға хабарландыруларын іліп кетеді екен. Олар мәйітті жуындырудан бастап, жерлеуден кейінгі асты ұйымдастыру қызметіне дейін ұсынады. Анық-қанығын білу үшін Алматыдан жеке компаниялар іздестіре бастадық. Олардың сайттарында "аптасына 7 күн, 24 сағат жұмыс істейміз" деп жазылған. Біріне қоңырау шалып едік Наталья есімді менеджер жауап берді. Аса мәдениетті сөйлескен компания өкілі марқұмның қандай дін өкілі, жынысы, ұлтына дейін сұрап алған соң, қаржы мәселесіне тоқталды.
"Кеңсайдан жер алу үшін 85 мың теңге төлейсіздер. Марқұмның қайтыс болғаны туралы анықтама мен жеке куәлігін және чекті Кеңсай әкімшілігіне алып келесіздер. Ал арғы жағын, сіздің қалауыңызға қарай келісеміз", – деді жеке агенттік қызметкері.
Кейін 85 мың теңгеге қандай қызмет көрсетілетінін анықтауға тырыстық. Бірақ Наталья ханым қысқа қайырды.
"Оған тек зираттан орын кіреді. Ал қосымша қызметтердің барлығы ақылы. Катафалк (бақилық болған адам денесін жеткізетін көлік) – 25 мың теңге, табыт – 25 мың теңге, қабір қазу – 30 мың теңге, ақ мата – 25 мың теңге, жаназа – 20 мың теңге. Барлығы 200 мыңнан асады. Сонымен қатар құлпытас орнату да бар. Бірақ ол туралы кейінірек сөйлесейік", – деді жеке агенттікте.
Желіде мұндай компаниялардың жарнамасы толып тұр. Алайда бұлардың көпшілігінің қызметі заңсыз. Өйткені салттық қызметтерді ұйымдастыратын жеке компаниялар жұмысын ретке келтіру бойынша елімізде заң толық жетілмеген. Ал кейбір деректер бойынша салттық бизнестің тек Алматыдағы жылдық айналымы миллиард теңгеден асып кетуі мүмкін.
Зираттың ғұмыры 50 жыл
Бізде салттық рәсімдер құнын реттеумен қатар құлпытастар бойынша да бірізділік жоқ. Мысалы, Еуропа елдерінде зираттарға қойылатын арнайы талап бар. Оның биіктігі мен ені белгіленген ережеге сай болуға тиіс. Ал бізде арнайы нормалар бекітілмеген.
"Бізде бірыңғай талап жоқ. Сондықтан әркім қалағанынша жасайды. Шетелден бағалы тастар алдырып, арнайы тас қалаушыларды жалдайтындар да бар. Бізге марқұмның аты-жөні мен өмір сүрген жылдары жазылса болды", – дейді Салттық қызмет көрсету комбинаты директорының орынбасары.
Алайда маман бағалы таспен мазар орнату бос әурешілік дейді. Өйткені зиратта жер қалмай, соңғы мәйіт жерленгеннен 50 жыл өткенде жабылады. Ол жер басқа мақсатқа пайдаланылуы мүмкін. Мысалы, Алматыдағы саябақтардың кейбірі осындай зираттардың орнына ашылған.
"Қайтыс болған адамның туыстары 50-60 жылдан кейін құлпытасты ұмытады, орнына жаңа буын келеді. Марқұм болған адамды перзенттері, егер көзін көріп жатса немерелері, бірге туғандары іздейді. Содан кейінгі толқынға олар ұмыт болады. Ол – өмір заңдылығы.Сондықтан жанына қазір дауа іздеп, құны 500 мың доллар тұратын мазар салдырғандардың да дәуірі өтеді", – дейді он бес жылдан аса осы салада жұмыс істеп келе жатқан маман.
Коронавирустан қайтыс болғандар тегін жерленеді
Кеңсайда жерлеу бизнеске айналғаны туралы сыбыс карантин кезінде өршіді. Өйткені қайтыс болғандар саны көбейген. Әдетте алып мегаполис Алматыда айына 40-50 адам көз жұмса, шілде айында бақилық болғандар саны 200-ге жуықтаған. Алайда маманның пікірінше, ақылы жерлеу, бизнеске айналды деген жалған. Өйткені COVID-19-дан қайтыс болғандар түгелдей мемлекет есебінен, тегін санитарлық талаптарды сақтай отырып жалпы зираттарға жерленеді.
"Адам өлімі жағынан 1 айда 3-4 айдың көрсеткішіне жеттік. Өте өкінішті. Сол кезде адам күші жетпей жерді трактормен қазған кездер де болды. Күні-түні жұмыс істеуге тура келді. Осыны кейбір компаниялар пайдаланып ақша табуға тырысты. COVID-19-дан қайтыс болғандар түгелдей мемлекет есебінен, тегін жерленеді. Мұны халыққа ескерткім келеді. Көпшілік білмеуі мүмкін, кейбірі түсіне бермейді. Тіпті талаптарды сақтамай туыстарын үйлеріне алып кеткілері келетіндер де болады. Бірақ ереже ортақ, халықтың қауіпсіздігі басты назарда", – дейді маман.
Құралай Құдайберген
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!