Кеншілер қаласында электробус сынақтан өткізіліп жатыр

2027

Жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан аспайтын электрокөлік арқаның құбылмалы ауа райына шыдас берсе, жаппай қолданысқа енгізіледі. 

Кеншілер қаласында электробус сынақтан өткізіліп жатыр

Электробустың  66-шы  бағыт бойынша жолаушы тасымалдап жүргеніне он  күн болды. Егер тоқпен жүретін көлік  өндірушілердің айтқанындай  барлық температурада ақаусыз қызмет көрсететін болса, қала басшылығы алдағы уақытта экологиялық таза қоғамдық көлікке көшу туралы шешім қабылдамақшы.

Электробустар желтоқсан айының соңына дейін сыналады.

Айта кетейік, көліктің дәл осы түрі EXPO көрмесі кезінде Астанада қолданылды.

Заманауи көлікті "Higer Quazar" компаниясы Қазақстанның климаттық ерекшелігін ескере отырып жасаған.

Қала әкімі Нұрлан Әубәкіров экологиялық һәм экономикалық пайдалы көлікті Қарағандыда қолданысқа енгізуді мақсат тұтып отырғандарын айтты.

"Бұл – экономикалық тұрғыдан тиімді көлік. Жанар-жағармай қымбаттаған сайын бізге жолақы тарифін қайта қарастыру немесе автопарктерге төлейтін субсидия көлемін арттыру қажет болады. Ал электробустарда мұндай мәселе болмайды", –  деді ол.

Тоқпен жүретін көліктің қозғалысын қамтамасыз ететін батереялар 10 жыл қалтқысыз қызмет етуге жарайды екен. Бір рет қуаттандырылған батарея 70 шақырымды еңсеруге жететін көрінеді. Мамандар электробусты 8 минутта қуанттандыруға болаынын айтып отыр.

Қарағандыда екі жерде электробусты қуаттандыратын станциясы орнатылған. Келесі жылы Тараз қаласында тек қана электр қуатымен жүретін автобустардан құралған ТМД елдеріндегі тұңғыш  автопарк ашылмақ. Ұзындығы 12 метрді құрайтын  электробустың бағасы 280 мың долларды құрайтын көрінеді.

"Электробустың пайдаланған қуатын ақшаға шақсақ,  күніне  2 мың теңге жұмсалған болады. Ал дизельмен жүретін автобустарға күніне 20 мың теңге шығындайды. 12  метрлік электробус бір дегенде 100 жолаушы тасымалдай алады. Автобусты қалыпты жағдайда ұстау үшін жанармайға, қажетті қондырғыларды айырбастауға ақша жұмсау қажет. Электробустарда мұндай шығын болмайды", – деді  "Haiger Quazar"компаниясы бас директорының орынбасары Роман Миразимов.

Мамандардың мәлімдеуінше, электробустың тағы бір ерекшелігі  мұнда  қозғалыс режимі орнатылған. Яғни  көліктің жылдамдығы сағатына 60 шақырымнан аспайды. 

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу