Кепілге қойылған жалғыз баспананы тартып алуға болмайды

1603

Үкімет басшысына жолданған депутаттық сауалға осы мәселе жүк болды, деп хабарлайды inbusiness.kz

Кепілге қойылған жалғыз баспананы тартып алуға болмайды

Сенатор Ләззат Сүлеймен кепілге қойылған жылжымайтын мүлік саудасымен айналысатын азаматтар мәмілені жүзеге асыру кезінде заңсыздыққа жол беретінін мәлімдеді. 

"Банктер мен жеке сот орындаушылары борышкерлердің жылжымайтын мүлкін төмен бағамен, кейде шектеусіз мөлшерде сатып алады. Бір адам бірнеше пәтерді сатып алған фактілер де тіркелген. Бұған қоса сауда-саттыққа қатысушылардың бір-бірімен байланысты болғаны анықталған. 

Әділет министрлігінің дерегінше, 2016 жылдан бастап 2021 жылдың қазан айына дейін сот орындаушылары 1,4 мың жылжымайтын мүлік сатқан. 464 борышкер өз үйін өзі өткізген. 195 адам үйінен шығарылған. Олардың 74%-ы кепілге қойылған жалғыз баспанасынан айырылған", – деді депутат. 

Оның айтуынша, Бас прокуратура жеке сот орындаушылары республикалық палатасының қызметін тексеру барысында 2015 жылдан бастап 2018 жылға дейін банктер электронды сауда арқылы кепілде тұрған жылжымайтын мүліктің 78%-ын нарықтан 30% төмен бағаға сатып алғанын анықтады,

"320 жағдайда онлайн-қатысуға өтінім беру банктерге тиесілі мекенжайдан жүргізілді. 52 жағдайда сауда-саттықтың заңдылығын формальды түрде қамтамасыз ететін екінші қатысушылар банк қызметкері болып шықты", – деді Ләззат Сүлеймен.

Сенатордың сөзінше 2021 жылғы 1 шілдеден 30 қыркүйекке дейін әкімшілік соттарға 7 мыңнан астам іс келіп түскен. Оның 2 338-і жеке сот орындаушыларының заңсыз әрекетіне қатысты болған. 

"Азаматтардың шағымы негізінен жеке сот орындаушыларының қолданыстағы заңнама нормаларына, борышкердің мүлкіне тыйым салу кезінде атқарушылық іс жүргізу тарапының құқығын бұзуға, сондай-ақ жеке сот орындаушылары қызметінде транспаренттіліктің болмауына және осы саладағы тиісті мемлекеттік бақылауға байланысты туындайды", – деді депутат. 

Ләззат Сүлеймен кредиторлар мен борышкерлердің мүддесін қорғау үшін заңнаманы жетілдіруді ұсынып, кепілге қойылған жалғыз баспананы тартып алуға болмайтынын айтты.  

"Қарыз алушы өзінің қаржылық жағдайын жақсартқанға дейін шарттың талабын орындамаған кезде банк алдындағы борыш бойынша мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыруды, тиісті жылға арналған инфляция деңгейін ескере отырып, кепілде тұрған мүлікке бағалау жүргізу туралы мәселені шешуді, азаматтардың жалғыз тұрғын үйін өндіріп алуға тыйым салуды пысықтауды, жеке сот орындаушыларының қызметін мемлекеттік бақылауға алуды, олардың лауазымдық өкілеттігін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді ерекше бақылауға алу қажет", – деді депутат. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу