Кешіккен премьера: неге қазақтың бас чемпионы туралы фильм прокатқа шықпады?

1449

Орыс тілді басылым журналистері не туралы жазды? Inbusiness.kz-тің баспасөзге жасаған апталық шолуы.

Кешіккен премьера: неге қазақтың бас чемпионы туралы фильм прокатқа шықпады?

caravan.kz: "Кешіккен премьера: неге қазақтың бас чемпионы туралы фильм прокатқа шықпады?" деп жазады аталмыш газет. Тамыздың 2-сі, қазақтың ең алғашқы олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров дүниеден озған күні "Қазақстан" телеарнасынан "Жақсылық" атты фильмнің жалпыұлттық премьерасы болды. Бұл фильмде орталықазия республикалары спортшыларының жолы қандай қиын болғанын баяндайды.

Мамандардың айтуынша, аталмыш фильм 2019 жылдың соңында дайын болған. Алайда фильм жабық көрсетілімнен кейін, қазақстандық кинорежиссерлердің "Қазақфильм" акционерлік қоғамында түсірілген өзге туындылары секілді сөреде қалып қойған.

"Мен екі есе қынжыламын. Себебі "Жақсылық" атты фильм қазақи фильм болып шықты. Киностудияның басшылары ауысқанымен бұрынғы саясат сол қалпында сақталып келеді, яғни байқамау және үндемей қалу сияқты үрдіс жалғасып жатқан сияқты. "Қазақстан" телеарнасына шығарар бұрын мені іздепті-міс, алайда таппай қалыпты. Мен өзім үшін емес, Жақсылық үшін қынжыламын. Себебі кеңдікке салып, көпшілікке көрсету үшін прокатқа шығарса, чемпион тірі кезінде бұл фильмнің телевизиялық нұсқасын жасауға болар еді. Жақсылық мәз болар еді! Ол тек киноверсиясын көрді", – дейді фильмнің режиссері Бақыт Қайырбеков.

liter.kz: Бұл газет беттерінде 21 ғасырдағы құлдық мәселесіне арнаған мақала жарияланып отыр. Мақалада осындай жағдайға тап болған адамдардың басынан кешкен жайттар туралы баяндалған.

Құлдық баяғыда жойылғанымен күні бүгінге дейін еңбек және сексуалды құлдық гүлденіп келеді. Бұл жағынан алғанда Қазақстан мемлекеті де шетте қалып отырған жоқ. Себебі жыл басынан бері адамдарды зорлап, қамауда ұстап отырған азаматтарға қатысты көптеген қылмыстық іс қозғалған. Басылымның хабарлауынша сондай құлдықта болған азаматтардың арасында 39 жасар Мәдина бар. Ол 39 жыл өмірінің 22 жылын құлдықта өткізген. 16 жасына дейін балалар үйінде болған, сосын оны балалар үйінің тәрбиешісі совхозға алып кеткен. Бір жылдан кейін белгісіз біреулер оны фермаға алып кетеді, сол кеткеннен ол оралмайды.

"Сиыр, бие сауатынмын, қора тазалайтынмын. Су таситынмын, мұз жаратынмын, қысы-жазы далада жүретінмін. Бір тиын төлемейтін, аяғым ауыр болса да жұмыс істейтінмін", - дейді келіншек.

Құлдықта жүріп Мәдина үш баланы дүниеге әкелген. Үлкен қызы 17, 5 және 1 жасар ұлдары бар. Мәдинаның айтуынша, ол балалы болмай қашып кетуге тырысқан, алайда ұсталып қалған. Мәдинаның балаларын үй иелері алып қойып, оған қарсы қойған. Күндердің күнінде Мәдина құлдықтан қашып шыққан. Ол қазір қоғамдық "Қайсар" қорында өмір сүріп жатыр, бұл адам саудасынан зардап шеккендерге көмектесумен шұғылданатын қоғамдық қор. Аталмыш ұйым бұл іспен 2011 жылдан бері шұғылданып келеді. Қазірге кезде бұл қорда 11 адам өмір сүріп жатыр.

camonitor.kz: "Зейнетақы жинағы: бұл қаржының бір бөлігін қазақстандықтарға берсе не болады?" деп жазады басылым. Мақала авторының хабарлауынша, алғашында мұндай ұсынысты мемлекет президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан болатын. Президент бұл қаражатты үй, білім алуға жұмсауды ұсынған. Алайда бұл ұсыныс ұмытылып қалды.

Әлгіде бұл әңгімені БЖЗҚ жанындағы қоғамдық кеңес жетекшісі Евгений Сейпульник көтерді. Ол өз кезегінде әрбір азаматқа бар сомманың 10 пайызын берсе дегенді айтты. Осы арқылы оның пікірінше мемлекет азаматтарына көмектесуге болады. Алайда бұл ұсыныстың қолдаушылары көп болғанымен, қоғамдық кеңес мүшелері қарсы болды. Солардың арасында танымал экономист Петр Свойк бар. Экономист мұндай қадамға барғанның өзінде бұл ақшаның басым бөлігі қалталы азаматтарға кететінін және қарапайым халыққа тағы да тиімсіз болатынын айтқан. Осыған байланысты басылым сарапшылардың пікірін біліп, оқырман назарына ұсынған. Сарапшылардың бірі бұл ұсынысты қолдаса, екіншілері қарсы.

"Негізі жинақтаушы жүйе керек. Ақшаны жинау керек, мұнымен қоса адам жас кезінде тапқан табысы болашақта зейнетақысына әсер етіп отырады. Алайда бұл жерде мәселе БЖЗҚ жинақтаушы зейнетақы қаражатын тиімді әрі ашық жұмсап жатпағанында. Осының салдарынан жиналған қаражаттың құны жойылып жатыр. Сол себептен тиімді басқару керек, яғни екі функцияның орындалуы қажет. Атап айтқанда қаражат дұрыс жиналса және экономиканың дамуына дұрыс жұмсалса. Сол кезде қор қаражатының 10 пайызын елге таратудың қажеті болмайды", - дейді саясаттанушы Ғазиз Әбішев.

express-k.kz: "Иттің майы түрлі дертке ем" дегенді дәрігер мамандар жоққа шығарып отыр. Ал сарапшылар Қазақстанда ит асырайтын фермалар жоқ, иттің етін сатушылар оны қайдан алады деп алаңдайды. Аталмыш газет осы мәселеге назар аударып, мақала жариялап отыр. Қазақстанда пандемия кезінде иттің майы мен еті коронавирус инфекциясымен күресуге көмектеседі деген әңгіме тарап кетті. Бұл болжам шындыққа қаншалықты жанасатынын білу мақсатында басылым тілшілері мамандардың пікірін білуге тырысқан. Санжар Асфендияров атындағы ұлттық университетінің профессоры Анар Рақишева бұл тұжырымды жоққа шығарды.

"Шын мәнінде әлеуметтік желілерде иттің майы түрлі дертке ем болады деп жазып жатыр. Оның алдында имбир, сарымсақ және ақжелкек көмектеседі деген еді, енді иттің майы мен етін айта бастады. Мұндай жарнама жасаушылар адамдарды шатастырып жүргенін естен шығармауы керек!", - дейді профессор.

Анар Рақишеваның айтуынша, өкпе ауруын емдеу барысында ит майы пайдалы болғаны жөнінде бір де бір ғылыми дәлел жоқ. Сонымен қатар, профессордың пікірінше, бұл май адамға пайдасынан бұрын зиянын тигізуі мүмкін. Себебі сатылған ет қайдан алынған, майы алынған иттің түрлі ауруы бар ма, жоқ па? Ешкім білмейді. Бір дертті емдеймін деп адамдар өзге ауруға тап болуы ықтимал.

"Иттің етін ұсынатын жерлерде бұл тексеруден өткен, иттер фермасынан алынған ет деп айтады. Негізінде бізде ондай фермалар жоқ. Сатылып жатқан иттің еті қаншалықты таза, ол ит қоқыс аралап жүрмегеніне кім кепіл?", – дейді Comes атты зооқорғау қауымдастығын ұйымдастырушы Сергей Снегирев.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Гүлмира Қамзиева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу