Кетіп бара жатқан Үкіметтің назары неге Күмісқалаға ауды

12140

Кезінде Қазақстан Серебрянск қаласынан айрылып қала жаздаған екен. 

Кетіп бара жатқан Үкіметтің назары неге Күмісқалаға ауды Фото: yk-news.kz

90-шы жылдар басында экономикасы тоқыраған Қазақстанның тоз-тозы шыға жаздады. ТМД елдерінің үлкен бөлігінде орындалған қайғылы сценарийдің қазақ елінде қайталанбауына бір жағынан мықты билік, бір жағынан, ұлтжанды азаматтар жол бермеді.

Республикалық "Ұлт тағдыры" қозғалысының басқарма мүшесі болған белгілі қоғам қайраткері, экономист Болат Дүйсембі сол шақтағы бір оқиғаны еске алды. 1991 жылғы 4 қыркүйекте Өскемен қалалық депутаттар кеңесінің кезектен тыс өткізілген сессиясында төтенше мәлімдеме қабылданды.

"Ол мәлімдемеде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесін тарату, ол қабылдаған Егемендік туралы декларацияны қайта қарау, қазақ және орыс тілдерін мемлекеттік тіл ету ұсынылды. Бұл ұсыныстары 1990 жылғы қазанда кезектен тыс өткен біріккен сессиясындағы жеңіліс табуының есесін қайтаруға бағытталған соңғы қадамдары еді. Олар өздері көтеріп отырған бөлек автономия құру мәселесін Өскемен мен оның маңайындағы тұрғындардың басым көпшілігі қолдайды деп ақпарат таратып, билік басындағылардың үрейін алды, әрі халықты алдады. Ақиқатына келгенде, депутаттар Васильев, Петрушенко, Головковтардың өз беделін салып, Серебрянск, Ленинагор (қазіргі Риддер) қалаларында, Глубокий, Шемонайха, Зырянов аудандарында жүргізген насихаттары күткен нәтижесін бермеді. Ешбір аудандық, қалалық, селолық депутаттар кеңесі оларды қолдап, шешім қабылдамады, керісінше олардың беттерін қатаң қайтарып тастады", – дейді Болат Дүйсембі.

Осылайша, ешқандай автономияға жол берілген жоқ.

Бірақ, өкінішке қарай, билік осы аталған елдімекендерді дамытуға да аса мән бермеді, олар 90-шы жылдардан бері деградациялануда. Мысалы, Серебрянскіде 1991 жылғы 14 400 тұрғынның қазір жартысына жуығы ғана қалған. Өндіріс орындары жабылып, тапқаны тамағына, жұтқаны жұмырына жетпеген жұрт әр жаққа жөңкіле көшті. Шаһар қаладан гөрі, ауыл-кентке көбірек ұқсайды.

Ел Президенті осы өлкені өркендету туралы 2021 жылғы 4 қарашада тапсырма берген болатын. Мамин Үкіметінің оған мойны жар бермеді. Сондықтан Президенті әкімшілігінің басшылығы былтырғы 2022 жылғы 21 мамырда Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын Смайылов Үкіметінің есіне салды.

Бұл жерде екі сорақы жайт назар аудартады. Үкімет президенттік осы міндетті орындауға енді ғана мән беріп отыр. Ал 19 наурызда бұл Үкімет жаңа сайланған Мәжіліс алдында өкілеттігін доғарады, толық құраммен отставкаға кетеді. Жаңасы қалыптасып, жұмысқа кіріскенше біраз уақыт жоғалтуы мүмкін.

Өңірлердің дамуына жауапты Ұлттық экономика министрлігі "Шығыс Қазақстан облысының Серебрянск қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған кешенді жоспарын" енді әзірледі. Ол бекітілуі үшін Үкімет қаулы қабылдауы қажет.

Екіншіден, ондаған жылдар бойы шетқақпай көріп, әбден үрерге иті, сығарға биті қалмай, мүскін күйге, мүшкіл халге түскен күмісқалаға сонша ұзақ күткен кешенді бағдарламадан көп пайда болмайын деп тұр. Себебі аты дардай болғанымен, заты "тарыдай" болып шықты: оның аясында бөлінетін қаражаттың жалпы сомасы 6 млрд теңгеден сәл ғана асады. Тұтас қала үшін осы азғантай соманы Әлібек Қуантыровтың немесе оның орнына келетін министрдің командасы бес жылға бөлмек. Демек, отыз жылда аузы аққа тиіп, шыр бітпеген қалаға бесжылдық жоспардың да шапағаты шамалы болғалы тұр.

Салыстырсақ, бес жыл кезеңінде бірқатар моно, шағын қалаларды дамытуға жарты, тіпті тұтас триллион теңге бағыттау жоспарлануда.

"Бұл жобаны қабылдаудың мақсаты Серебрянск моноқаласын 2023–2027 жылдары одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамыту болып табылады. Кешенді жоспар жобасы 6 млрд 930,4 млн теңге сомасында қосымша қаржылық шығындарды талап етеді. Соның ішінде республикалық бюджеттен – 3 млрд 61 млн теңге, жергілікті бюджеттен – 2 млрд 778,2 млн теңге қарастырылады. Ал жеке инвестициялар сомасы 1 млрд 91,2 млн теңге көлемінде болады. Жобаны қабылдау теріс әлеуметтік-экономикалық және өзге құқықтық салдарға әкеп соқпайды, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпейді", – деді Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет басшысына жолдаған түсіндірме хатында.

Соңғысы әрине, шенеуніктердің канцеляриялық тіліндегі дайын шаблон екені түсінікті. Алайда оның мағынасына тереңдесек, Ресеймен іргелес жатқан қаламызды гүлдендіріп, жергілікті тұрғындардың отаншылдығын арттыру орнына итке сүйек тастағандай, тиын-тебенмен алдарқатса, бұл "ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әсер етпесі" даусыз. 

Ә.Қуантыровтың сендіруінше, осы мардымсыздау жоспарды қабылдау "қалада білім беру, денсаулық сақтау және мәдениет объектілерінде қолайлы жағдайлар жасауға, спортпен шұғылданатын халықты қамтуды ұлғайтуға, экологиялық жағдайды жақсартуға, қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті арттыруға" және басқасына мүмкіндік береді екен.

"Кешенді жоспарда" алдағы бесжылдықта Серебрянск бейорганикалық өндіріс зауытына (СБӨЗ) инвестор тартып, оның жұмысын қайта жандандыру ұсынылған. Сонда 150 жұмыс орны құрылады екен. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға көңіл бөлмек.

Әзірге қалада қалған халықтың 30% қызмет көрсету салаларында, мысалы, дәмхана, дүңгіршектер арқылы тамақтандырумен, саудамен, такси тасымалымен және басқа әлеуметтік қызметтермен күнелтуде.

Ұлттық экономика министрлігі дайындаған құжатта қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімін күрделі жөндеу; СБӨЗ-дің қаңырап тұрған бұрынғы әкімшілік ғимаратын мәдени-спорттық орталық ретінде қайтадан жаңғырту; Серебрянскінің инженерлік желілерінің, қазандығының жай-күйін жақсарту жоспарланған. Әйтпесе, су және жылумен жабдықтау желілерінің тозығы жетті: тозуы 80%-дан асып кетті. Кешенді жоспар аясында бұл проблема түпкілікті шешілмейді.

Атап айтқанда, қазандықтың тозуын қазіргі 80%-дан 30% дейін, жылумен жабдықтау желілерінің тозуын – 87%-дан 45%-ға дейін азайту көзделген.

Қалада баспана кезегінде тұрғандар жетімбұрыш жағалап жүр. Бос баспана көп болғанымен, басым көпшілігі бұзылған. Жөнделгені жоқтың қасы. Бұл ретте жоспар аясында тек 40 аз қамтылған отбасыға баспана салу қарастырылыпты. Ал баспана кезегінде 159 адам тұр: оның ішінде жетім балалар – 145, көпбалалы отбасылар – 1 адам, зейнеткерлер, толық емес отбасылар, бюджеттік қызметкерлер – 3 адам.

Жалпы, Серебрянскіні ауылдан даралайтыны – ондағы биік үйлер, хрущевкалар. Қаланың тұрғын үй қоры жалпы ауданы 226,4 мың шаршы метрді ғана құрайтын 2 038 үйден тұрады. Соның ішінде 103 көп қабатты үй бар. Басқа жағынан оның ауылдан айырмашылығы аз.

Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесін 69,5% дейін жеткізу ұсынылды. Жол төсемінің тозуы бүгінде 75% құрайды.

Жалпы, Алтай ауданының әкімшілік-аумақтық құрамына кіретін Серебрянск қаласы өнеркәсіптік қала болып табылады. Негізінен, ол электр энергиясын өндіріп, сатуға маманданған.

Қалада салмақты кәсіпорындарға "Қазмырыш" ЖШС-ға тиесілі Бұқтырма гидроэнергетикалық кешені, "Қазақстан су жолдары" РМҚК гидротехникалық құрылыстардың филиалы, "Қазақстан темір жолы" АҚ Серебрянск жол дистанциясы, "Серебрянское ПАТП" ЖШС (автожолаушылар тасымалы), "Сәулет" ЖШС (құрылыс жұмыстары), "СЗНП-ПРОМСЕРВИС" (жеке қорғаныс құралдарын шығару), "Дигорос" ЖШС (қалдықтарды жинау, өңдеу, жою), "Сидон" ЖШС (сауда) жатады.

Қала бір жылда 4 млрд теңгенің өнеркәсіп өнімдерін шығарады. 2,9 миллиард кВт/сағат қуат өндіреді.

Қала тұрғындарының саны бүгінде 8 мыңдай ғана. Оның ішінде жұмыс күшінің саны – 3,7 мың адам немесе жалпы халықтағы үлесі 46,3%.

Қаладан бір жылда 193 адам кетіп, 142 адам келген. Көшіп келушілер арасында оңтүстіктен қоныстанушылар бар. Қаланың қазақыланғаны маңызды.

Қалада 3 жалпы білім беретін мектептің біреуі – қазақ мектебі. Шаһарда кәсіби технологиялық колледж, 2 мамандандырылған мекеме (балалар үйі, арнайы мектеп), 2 балабақша (252 бала), "Серебрянск қаласының балалар музыка мектебі" (34 тәрбиеленуші) жұмыс істейді. Ресми дерек бойынша мектептер мен балабақшаларда тапшылық жоқ.

Қалада 282 шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген, оның ішінде жұмыс істеп тұрғаны – 225. Күмісқалалық бизнесмендер негізінен сауда, өнеркәсіп, көлік қызметтерін ұсынады.

"Серебрянскіде "Горняк" мәдени орталығы, 30 орындық ересектер мен балалар кітапханасы жұмыс істейді. Дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 3 спорт залы, 6 ашық спорт алаңы бар, оның екеуі жасанды жабынмен жабдықталған. Қалада балалар жасөспірімдер спорт мектебі белсенді жұмыс істеуде", – деп хабарлады министрлік.

Жалпы, қалауын тапса, жергілікті ресурстарды ұтымды қолдана білсе, бұл өңірді дамыған индустриялық өлкеге айналдыруға болар еді. Мысалы, өңірде су мол. Көрші Қытайдағы сияқты әр отбасы төл тоғанын жасақтап, онда бекіре, арқан балық (лосось), ақ балық және кипринид шабақтарының дернәсілдерін инкубациялап, өсіріп, сатуына болады. Бірақ бұл бизнес қомақты қаржы салуды қажет етеді, ондай мүмкіндік жергілікті тұрғындарда жоқ. Сондықтан шың еліндегі сияқты Үкімет осы іске халық арасында мол субсидия мен арзан несие үлестірсе жөн. Алайда оның орнына Смайылов Үкіметі "Серебрянск тұрғындарының әлеуметтік жағынан осал топтарына бастапқы капитал үшін жылына кемінде 3 грант берумен" шектелмек.

Елге қимылы батыл, мақсаты өршіл, жоспары ауқымды Үкімет қажет көрінеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу