Киев "бірнеше сағат ішінде" күйреуі мүмкін

6184

Ресей әскері Украина әуе қорғанысы жүйесін жойып, бұрынғы Чернобыль АЭС-ін алып, ел астанасына жақындап қалды.  

Киев "бірнеше сағат ішінде" күйреуі мүмкін

Бүгін Украина Президенті Владимир Зеленский Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі еуропалық мемлекетке жасалған ең ірі шабуылда Киевте қалуға уәде берді.

Ресей Президенті Владимир Путин соғыс жариялағаннан кейін, оның армиясы мен флоты Украинаға құрлық, әуе және теңіз арқылы басып кіре бастады. Ірі қалаларды дүр сілкіндірген жарылыстар мен атыстар шамамен 100 000 адамды бас сауғалап қашуға мәжбүр еткен.  

АҚШ пен Украинаның ресми өкілдері Ресей Киевті басып алып, үкіметті құлатуды мақсат етіп отырғанын айтуда. Бейсенбі күні Ресей әскері Беларусьтен Киевке апаратын ең қысқа жол бойындағы бұрынғы Чернобыль атом электр станциясын басып алды.

"Жауымыз мені бірінші нысанаға алып отыр. Отбасым – екінші мақсат. Олар мемлекет басшысын құрту арқылы Украинаны саяси түрде жойғысы келеді. Бірақ мен астанада қаламын. Отбасым да – Украинада", – дейді Зеленский бірер сағат бұрын жариялаған видеохабарламасында.

Путин Украинада "геноцидке" ұшыраған адамдарды, соның ішінде, ресейлік азаматтарды қорғау үшін "арнайы әскери операция" жүргізіп жатқанын айтады. Алайда Батыс бұл айыптауларды негізсіз насихат деп атады.

Зеленскийдің қауіпсіздігіне алаңдайсыз ба деген сұраққа АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен CBS арнасына берген сұхбатында:

"Менің білуімше, Президент Зеленский өз орнында, Украинада қалады, ал біз, әрине, достарымыздың қауіпсіздігіне алаңдаймыз", – деп жауап берді.

Киевке төнген күйреу қаупі

Украина астанасы Киев "бірнеше сағаттың ішінде" Ресей әскерінің қолына өтуі мүмкін. Мұны Батыстың жоғары лауазымды барлаушысына сілтеме жасап, "Блумберг" агенттігі хабарлады.

Путиннің бейсенбідегі бұйрығынан кейін, Ресей армиясы Украинаның барлық аумағында әуе базалары мен өзге де инфрақұрылымдарды көздеп, жер бетінде орналасқан бас-аяғы 83 әскери нысанды жойған. Бұны РФ Қорғаныс министрлігі мәлімдеп отыр.

"Блумбергтің" дерегінше, әуе қорғаныс жүйесінің талқандалуы Киевтің күйреуіне әкеп соғуы ықтимал. Сонымен қатар Ресей әскері қазір Украина астанасына Днепр өзенінің екі жағынан да беттеп барады.

Санкциялар

44 млн халқы бар демократиялық Украина – Еуропада Ресейден кейінгі ең үлкен мемлекет. Ол Кеңес Одағы құлаған кезде тәуелсіздік үшін дауыс беріп, кейінгі жылдары НАТО әскери альянсы мен Еуропа одағына қосылу әрекеттерін күшейтті. Әлбетте, бұл ұмтылыстар Мәскеуді ашуландырып келеді.

Путин бірнеше ай бойы басқыншылық жоспарын жоққа шығарды. Тіпті, Америка Құрама Штаттары шабуылдың жақындап қалғанын ескертіп, Ресей күштерінің Украина шекарасы маңына жиналып жатқанын спутниктен түсірген суреттерімен бөлісіп жатса да, Мәскеу Украинаға әскер кіргізетінін мойындаған емес.

Америка Құрама Штаттары, Ұлыбритания, Жапония, Канада, Австралия және Еуропа одағы осы аптаның басында Мәскеуге қарсы қосымша санкциялар жариялап, Германияда Ресейдің 11 млрд долларға салған газ құбырын тоқтату әрекетін растады.

Украина Сыртқы істер министрі Дмитрий Кулеба Американың Fox News телеарнасына берген сұхбатында:

"Табысқа жету үшін тағы да санкциялар, ең қатаң санкциялар қажет", – дегенді айтты.

Украинаға байланысты Ресейге дипломатиялық қолдау көрсетеді деген Қытай Мәскеудің шабуылын басқыншылық деп атаудан бас тартып, қарсыласушы тараптарды сабырға шақырды. Айта кетсек, демократиялық Тайвань соңғы екі жылда Бейжіңнің әскери қысымының күшейгенін сезініп отыр.

Австралия болса, жұма күні Бейжіңнің ұстанымын сынға алып, Ресейге санкция салатынын жариялады.

Ресей – әлемдегі ең ірі энергия өндірушілердің бірі. Сондай-ақ РФ да, Украина да – үлкен астық экспорттаушы мемлекеттер. Соғыс пен санкциялар коронавирустық пандемиядан есін толық жия қоймаған өзге экономикаларды дағдарысқа душар етуі мүмкін.

Әскери басымдықтар

Зеленский ұрыс кезінде 137 әскери қызметкер мен бейбіт тұрғын қаза тауып, жүздегені жараланғанын мәлімдеді. Украина билігі бұған дейін кемінде 70 адамның қаза тапқанын хабарлаған еді.

Вашингтон мен НАТО Украинаға әскери көмек жібергенімен, Еуропада ауқымды соғыстың басталуынан қорқып, Украинаға әскер жөнелтуге тәуекел етпей отыр.

Кулебаның сөзінше, "Украинаға соғысты жалғастыру үшін көбірек қару қажет... Ресейдің Украинаға жеткізген танктерінің, брондалған көліктерінің, ұшақтарының, тікұшақтарының көлемін елестету мүмкін емес".

Ал Киевтен солтүстікке қарай 90 шақырым жерде орналасқан Чернобыль станциясын күзеткен украиналық әскери бөлімді таңбасыз күштер қарусыздандырды, деп хабарлайды Украинаның мемлекеттік ядролық реттеушісі.

Сонымен қатар аталған реттеуші зардап шеккендердің жоқтығын, ештеңенің қирамағанын, радиация деңгейінің өзгеріссіз тұрғанын айтып, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке станциядан айрылып қалғанын хабарлады.

Біреше бағытта ауыр шайқастар жүріп жатқандықтан, Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесі жұма күні Ресейдің басқыншылығын айыптайтын және Мәскеудің Украинадан дереу кетуін талап ететін қарар жобасын дауысқа салады.

Мәскеу бұл резолюцияға вето қоя алады, ал Қытайдың оған қалай дауыс беретіні әзірге белгісіз.

Украинаға шабуыл АҚШ-та, Еуропада және Ресейдің өзінде наразылық тудырды. Ресей билігі бейсенбі күні көшеге шыққан жүздеген демонстрантты қамауға алды.

2021 жылғы Бейбітшілік бойынша Нобель сыйлығын жеңіп алған ресейлік газет редакторы Дмитрий Муратов BBC-ге берген сұхбатында ақпанның 24-ін "Ресейдің болашақтан айырылған күні" деп санайтынын атап өтті.

"Біздің бейбітшілік сүйгіш орыс халқымызды енді Еуропаның қақ ортасында үшінші дүниежүзілік соғысты бастағаны үшін бүкіл әлем жек көретін болды", – дейді әйгілі журналист.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу