"Киіз үйде отырғандаймыз": Зайсан ауданында жаңа үйлердің төбесінен су ағып жатыр

2961

"Салынған үйлердің сапасы өте нашар".

"Киіз үйде отырғандаймыз": Зайсан ауданында жаңа үйлердің төбесінен су ағып жатыр Фото: Ауыл тұрғындарынан

Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданында көпбалалы отбасыларға берілген жаңа үйлердің төбесінен тағы да су ағып жатыр. Үй иелері соңғы бір апта бойы шелектеп су шығарғандарын айтады. 

"Тағы да" деп кесіп айтуымыздың себебі былтыр қара күзде осы үйлердің бірнешеуінің төбесінен су аққан болатын

Өңірде соңғы бір апта көлемінде жауын-шашын тоқтаусыз жауған. Салдарынан Зайсан қаласындағы оншақты үйдің төбесінен су аққан. Тұрғындар құрылыстың әу баста сапасыз салынғанын айтады. 

Үйлерінің ішін су басқан көпбалалы отбасылар видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп, көмек сұрады. Осы орайда үй иелеріне хабарласып мән-жайды сұрадық. 

Мен көпбалалы анамын, үшінші топтағы мүгедекпін. Ал қызым бірінші топ. Осы үйге кіргеніме үш жыл болды. Қыстай үйдің іші көгеріп, су болды. Өз қаражатыма қайта жөндедім. Біз үшін алып айтқанда ол да үлкен ақша. Үйіміздің төбесі өте жұқа. Жылы жаққа салынатын төбені 35 градус аязы бар біз жаққа салды. Сол кезде де шыдадық балаларымызбен. Енді төбеден су ағып жатыр. Сапасыз салынған. Әкімдікке талай айттық. "Осындай үй алғандарыңа қуаныңдар" деп аузымызды жауып тастайды. Біз киіз үйде отырғандаймыз, – дейді көпбалалы ана Армангүл Сәбитова. 

Аудан әкімдігінің мәліметінше, аталған тұрғын үйлер "Нұрлы Жер" бағдарламасымен салынған. Жеке құрылысшылармен жасалған меморандум негізінде 18 қоспәтерлі үй (36 пәтер) салынып, 2020 жылы коммуналдық меншікке сатып алынған.

Үйінің төбесінен су аққан тағы бір үй иесі баласын тоқ соққанын айтты. 

Үйіміздің төбесінен неше күн су ақты. Балам үйде ойнап жүргенде, арқасына су тамып, тоқ соқты. Электр желілерінен су сорғалап тұр. Шелектеп шығарып жатырмыз. Үйіміз газбен жылиды. Газ жиі өшеді. Сондайда үйдің іші қақырап кетеді. Электр пеші бар, бірақ оны қоспаған. Балаларымызға обал ғой, – дейді көпбалалы ана Әсемгүл Бауыржанқызы. 

Тұрғындардың айтуынша, үй құрылысына қолданған материалдар сапасыз. Тоқ жолдары жиі жанатын көрінеді. 

Үйдің лампаларын, патрондарын жиі ауыстырамыз. Мәселені барлығына жаздық, нәтиже жоқ. Газ өшкенде пеш қоса алмаймыз. Үйдің ішін қырау басып кетеді. Осы үйлерде жалдамалы пәтер ретінде тұрып жатырмыз, – дейді үй иесі Әсем Аукәрімова. 

Аудан әкімдігі төбесінен су аққан үйлердің ешқайсысы апаттық жағдайда емес екенін айтты. Тіпті үйдің сапасы да қанағаттанарлық жағдайда болғанын жеткізді. 

Десе де салынған кезде көптеген олқылық кеткен. Біз кірген жылы қыста терезенің, сыртқы есіктің маңайы көгере бастады. Одан кейін, қабырғалары жарылды. Жел соқса натяжной көтеріліп, төбеге жабысады, арғы жағындағы ағашы көрініп тұрады. Жаңбыр жауса төбеден су ағып кетеді. Газ пеші ғана орнатылған, электр қазандық жоқ. Ваннаның қабырғалары кафельденбеген, су тиген жерлері, сылақтары түсіп, көгеріп жатыр. үйге 18080 теңге төлеп отырамыз, – дейді үй иесі Ардақ Тойбазарова.

Аудан әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, тұрғын үйлерді ешкім қабылдап алмаған. 

Аталған тұрғын үйлерді бірнеше жеке құрылысшылар салды. Құрылыс жұмыстары аяқталған соң тұрғын үйлерді арнайы комиссия қабылдап алған жоқ. Себебі аталған тұрғын үйлер жеке құрылысшылар тарапынан салынып, қолданысқа да өз есептерінен енгізілді, – делінген ақпаратта.

Белгілі болғандай 11 үйдің төбесінен су аққан. Әкімдік мердігер мекемелер тарапынан еш әрекет болмаса, аталған мәселе бойынша мердігерлерге қатысты сотқа талап арыз жолданатынын айтты.

Алдын ала болжам бойынша аталған тұрғын үйлер төбесінен су құрылыс жұмыстары барысында кеткен кемшіліктер, теңгерім иесімен келісілмей жүргізілген қосымша жұмыстардың және тағы басқа себептерден ағуда. Аталған ақаулықтарды мердігер мекемелер 2023 жылдың 1 қазанына дейін қалпына келтіруі тиіс. Тұрғын үйлердің кепілдік мерзімі 2022 жылы аяқталған. Іс бойынша жергілікті билік тарапынан актілермен хаттама әзірленді. Тұрғын үйлерді салған мердігер мекемелермен кездесулер өткізілді, – делінген ақпаратта.

Жалпы Шығыс Қазақстан облысында көпбалалы отбасыларға берілген үйлердің сапасына қатысты шағым көп. Бұл туралы талай жаздық. Бірінің төбесінен су ақса, бірінің қабырғасы қопарылып жатыр. Енді бірінің пештері жарылып атылған. Шағымданушылар бақылаудың жоқтығын айтады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу