Киллердің профилі: бұл неткен жау?

6484

Кейбір зерттеушілерге сенсек, дауасы жоқ аурудың планетаны жылдам жаулауына ұшақтар да көмектесті. 

Киллердің профилі: бұл неткен жау?

Коронавирус көзге көрінбесе де, барлық жерде жүрген тәрізді. Ол тарау үшін біреуге жақындауды қажет етеді. Соған қарамастан, бұл инфекция әлемді тарихтағы пандемиялардың бәрінен тез шарпып жатыр.

Covid-19 былтыр қарашада тіпті планетаның радарында да болған жоқ. Соған қарамастан, ол ғалам экономикасын соншалықты теңселтіп, адамзаттың есіне Ұлы Күйзеліс жылдарын түсіріп, небәрі жеті айдың ішінде жасырынып жүріп, жер-жаһанда 580 мыңнан астам адамның өмірін қиды.  Бір АҚШ-тың өзінде 140 мыңға жуық тұрғын "ковидтің" құрбанына айналыпты. Бірінші Дүниежүзілік соғыстың өзінде Америка мұнша адам жоғалтпаған екен.

Бірақ бұл сандар да пандемияны толық сипаттап бере алмайды. Әлемде он оқушының тоғызы бір сәтте мектептен шеттеп қалды. Жеті миллионнан астам әуе рейсі жерге қонып, әлі күнге дейін көкке толық  көтеріле алмай отыр. Сақтық алдыңғы қатарға шығып, дүниеде үйлену тойлары, жерлеу рәсімдері және өзге сан түрлі шаралар доғарылды немесе өзгеше өтетін болды.

Қысқасы, коронавирус үйреншікті өмірдің әрбір сәтіне өзгеріс әкелді деуге болады. Онымен күрес (отбасыңды қорғау немесе вакцина жасау мақсатындағы күрестер) жауыңды жақсы білуді талап етеді.  Бұл "дұшпанның" бет-бейнесін тану – баяғы қалыпты өмірге оралудың қандайда бір үлгісін табу бағытындағы маңызды қадам.

"Көп қиындықтың бір қуанышы болары анық. Алайда сол қиындық тым көп болып тұр. Біздің білмейтініміз көп. Дегенмен, жаңаша өмірге бейімделуге беттеп барамыз. Бұл – шындық", – дейді Колумбия университетінің Індеттерге әзірлік жөніндегі ұлттық орталығының директоры Ирвин Редлэнер "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұқбатында.

Жаңа коронавирус адамның бір тал шашынан шамамен 1000 есе жіңішке. Алайда электрондық көздеуіш көрсетіп бергендей, ол – мұздай қаруланған дұшпан.

Бұл вирус та өзге коронавирустар тәрізді тікендермен көмкеріліп, тәжге ұқсағандықтан, қазіргі атауына ие болды. "Сovid" басы шумақ тәрізді тікендерімен адам жасушасының сыртқы қабырғасын қапсырып, кейін оның ішіне басып кіріп, өзге жасушаны жаулау үшін көбейе түседі. 

Сондықтан қазір зерттеушілер коронавирустың тарауын тоқтату үшін оның тікендерін "құлататын" немесе бұғаттайтын дәрі жасаудың жолдарын іздестіріп жатыр.

Адам жасушасы ішіне түскеннен кейін коронавирустың RNA-сы немесе генетикалық коды өз машинасына бұйрық беріп, осы вирустың мыңдаған көшірмесін жасауға жол ашады.

Дегенмен, зерттеушілердің сөзінше, коронавирустың осал тұстары да баршылық. Мәселен, оның мембранасы қарапайым сабынға шыдамай жойылып кетеді. Сондықтан дәрігерлер дауасы жоқ инфекцияны залалсыздандыру үшін қолды жиі жуып тұруға кеңес беріп отыр.

Жалпы, коронавирустардың жүздеген түрі бар.  Бірақ солардың жетеуі ғана адамға жұғады. 2002 жылы Қытайдан SARS деген (ауыр әрі өткір респираторлық синдром) вирус тарап, әлемде 8 мыңға жуық адамға жұғып, 700-ден астам тұрғынды мерт қылды. Тағы бір індет – Таяу Шығыс респираторлық синдромы немесе MERS – 2012 жылы анықталып, адамдарға түйелерден берілді.

Жаңа коронавирусқа ғалымдардың назары ерекше. Ондаған жылдар бойы оқымыстылар жұқпалы індеттерге дәл осылай көңіл бөлмеген екен.

Covid-19-дың үлкен қауіп төндіріп тұрғаны әу бастан белгілі болды. Адамның иммундық жүйесі мұндай ауруға ешқашан қарсы тұрып көрмеген. Мысалы, "Зика" эпидемиясын тоқтату үшін масаларды бақылауға алу жеткілікті, ал СПИД жұқтыру жыныстық қатынасты талап етеді. Коронавирус болса, ауадағы ұсақ тамшылармен-ақ тарай береді.

Ғалымдар "Covid" жарқанаттардан тарағанына  сенімді. Адамға берілу үшін ол етке пайдаланылған өзге жануарға жетсе керек. Қаңтардың соңына қарай, яғни, Қытай осы індеттің ошағы - Ухань қаласын оқшаулағанда, коронавирусты енді тоқтату мүмкін еместігі түсінікті болды.

Бұған дейінгі ең ауыр пандемия 1918 жылы басталды. Сол кезде "Испан тұмауы" Бірініш Дүниежүзілік соғысқа аттандырған жауынгерлер тарады. Бірақ, ол заманда мұхитты кемемен кешіп, бір құрлықтан екіншісіне жету үшін бірнеше апта қажет болды. 

"Қазір әлемде күніне 100 000-нан астам коммерциялық ұшақ туристерді, іскерлерді, студенттерді тасымалдап, вирустың тез жайылуына ықпал етіп отыр", – дейді медицина тарихшысы, "Пандемия ғасыры: байбаламға, долылыққа, менмендікке жүз жыл" кітабының авторы Марк Хонигсбаум.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Арыс Әділбекұлы

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу