Кіріптарлық пен коллапс: Қазақ және өзбек сарапшылары Ресей ұсынған "газ одағы" жайлы не дейді

2595

Өткен аптадан бері Қазақстан мен Өзбекстанда Ресей ұсынған "газ одағы" тақырыбы қызу талқыланып жатыр. Ресми Астана мен Ташкент Мәскеудің ұсынған "газ одағына" бір-бір жауаптан жолдап үлгерді. Ресейдің бұл қадамына қарымта ұсыныстар да айтыла бастады, деп хабарлайды Іnbusiness.kz

Кіріптарлық пен коллапс: Қазақ және өзбек сарапшылары Ресей ұсынған "газ одағы" жайлы не дейді Фото: ашық дереккөзден

Путиннің тұтқиыл ұсынысы

"Үштік газ одағы" идеясын Путин қарашаның соңында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Мәскеуге ресми сапары кезінде айтқан болатын. Ұсыныстың өзі "шабуыл" секілді тұтқиылдан жасалғандай әсер қалдырған. Тоқаев Путинге берген жауабында ұзын арқан, кең тұсауға салып, мәселені зерттеп көретінін білдірген еді.

"Ресей, Қазақстан мен Өзбекстанда совет заманынан бері бірыңғай газ-көлікті жүйе бар. Өзара серіктестігімізді кеңейтуде мол мүмкіндіктеріміз бар", - деген еді кейін Ресейдің вице-премьер Александр Новак.

Украинамен соғыста есесін жібермес үшін осы уақытқа дейін Еуропа елдеріне тасымалдап келген газын саяси тетік ретінде қолданып отырған Кремльдің бұл ұсынысын әлбетте, Қазақстанда да, Өзбекстанда да ұнатпағандар көп болды. Биылдың өзінде Ресей газының Еуропа елдеріне экспортталатын газы айтарлықтай азайған. Пандемияға дейін мәселен, Германия қажетті табиғи газдың 55%-ын Ресейден сатып алып кетсе, соғыс басталғалы неміс нарығында бұл көлем 35%-ға дейін төмендеген. Польша, Литва, Латвия, Финляндия да соғыс басталғалы бері Ресей газынан бас тарта бастады. Еуропа елдеріне газ сатылмайды деген сөз – Ресей бюджетіне тиісті деңгейде қаражат түспейтінін, артынша күні ертең Украинамен соғысарлық ресурс та азаятынын білдіреді.

Екі ел де бас тартты

Путиннің ұсынысы Қазақстанда да қызу талқыланды. Журналистер Мәжіліс кулуарында осы мәселенің мәнісін Қазақстанның Сыртқы істер вице-министрі Роман Василенкодан сұрап көрген. Ол Қазақстан билігі "өз аумағын санкцияларды айналып өтетін аймақ ретінде пайдалануға рұқсат бермейтінін" мәлімдеген.

"Қазақстанның ұстанымы әуел бастан аумағымыз санкцияларды қандай да бір жолмен айналып өту аймағына айналмаған және айналмайды да дегенге саяды. Үштік газ одағы туралы айтсақ, оның мазмұнын талқылауға әлі ерте. Өйткені бұл әзірше әлдебір идея ғана. Бірақ Қазақстанның принципиалды ұстанымы бар. Қазақстан өз аумағын санкцияларды айналып өтетін аймақ ретінде пайдалануға рұқсат бермейді. Сонымен бірге біз санкцияны халықаралық проблемаларды шешудің тәсілі ретінде пайдалануды қолдамаймыз", - деді Роман Василенко.

Бұл реакцияны Өзбекстан тарапы да күткен болуы керек. Күні кеше Өзбекстанның Энергетика министрі Жорабек Мырзамахмұдов Өзбекстан "ешқашан газ үшін саяси шарттарға бас шұлғымайтынын" мәлімдеді.

"Ресеймен газ келісімі жасалса да, бұл одақ дегенді білдірмейді. Егер біз газды басқа елден импорттайтын болсақ, біз тек коммерциялық негізде, сатып алу-сату шартында ынтымақтасамыз. Біз ешқашан газ үшін саяси шарттарға келіспейміз. Қысқаша айтқанда, біз өзімізге ұсынылған газ келісімшартын өз мүддемізге сай болса ғана мақұлдаймыз", - деді ол.

Өзбек шенеунігінің бұл жауабы Кремльге ұнамай қалса керек. Путиннің баспасөз хатшысы Песков "ешкім саяси шарттар туралы сөз қозғап отырған жоқ" деп мәлімдеме таратып та үлгерді. Бірақ Астана мен Ташкент Мәскеуге газ одағын құруға келіспейтінін білдіріп отыр. Онсыз да Еуразия экономикалық одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымында бар Қазақстан үшін газ одағы Кремльге бағындыра түсетін қосалқы тетік болатыны да жазылып жатыр. Мәселен, Азаттыққа сұхбат берген саясаттанушы Димаш Әлжанов онсыз да ұйым мен одаққа кірген Қазақстан егемендігінен айырылып бара жатқанын ашық айтқан.

Санкция қаупі бар

Экономист Расул Рысмамбетов болса, Ресей ұсынып отырған газ одағы – одақ емес, транзит екенін алға тартты. Оның айтуынша, Ресей Қытайға газ өткізу үшін Қазақстанды пайдаланғалы отыр.

"Кезінде Ресей Түрікменстанның Еуропаға жоғары маржалы газын тоқтатып тастап, енді қазір Ресей ықтимал бағдар ретінде Орталық Азияны көріп отыр. Сол арқылы Қытайдың Батыс-Шығыс газ құбырына қосылғысы келеді. Санкциялар болмайтын шығар, өйткені бізде бұрыннан бергі инфрақұрылым бар. Алайда тәуекел қашан да бар", - деп ескертеді ол.

Ал саясаттанушы Ғалым Ақелеуов "Ресей Украинамен соғыста жеңіліп бара жатып, үлкен маневрларды Орталық Азия елдері есебінен жүргізгісі келетінін" алға тартады.

"Басты мақсаты – Қазақстан мен Өзбекстанды Кремль саясатына бағындырып алу. Осы екі елдің ресурстық базасын пайдаланып, Ресей Орталық Азия елдерінің егемендігін шектегісі келеді. Бұл жерде гибридті ақпараттық соғыстың да көрінісі бар. Олар Путиннің сценарийімен өрбуі тиіс болған. Елдің батысында Украинадан жеңіліп жатқан олар Орталық Азия елдеріне қысым жасай отырып, жеңілістің орнын толтырғысы келеді", - дейді ол.

Басқа жолын көріп тұрғаным жоқ...

Өзбекстан сарапшысы әрі қоғам белсендісі Әзиза Омарова осы мәселе жөнінде пікірін әлеуметтік желіге жазыпты. Ол Өзбекстанның Энергетика министрі Жорабек Мырзамахмұдовтың сөзі Қазақстанда қызу талқыланып жатқанын, соны шенеунікті мысалға келтірген қазақтар "бұған дейін Қазақстан қолға алған "Болашақ" бағдарламасынан не пайда бар" деп сұрақ қойып жатқанын да атап өткен.

"Іргемізде Түрікменстан тұр. Газ қоры жағынан әлемде төртінші орында. 19,5 трлн кубометр газымен жылына шамамен 83 млрд кубометр газ өндіреді. Алайда білмесеңіздер айтайын, біз әлі күнге дейін Түрікменстанның газын ресейлік делдалдар арқылы алуға мәжбүрміз", - дейді ол.

Сарапшының өзі 2018 жылы Ашхабатта болған кезін еске алады. Сол кезде Ресей ол мемлекеттің Қытаймен өзіндік келісімшарт жасаспақ болғаны үшін бірнеше жыл бойы Түрікменстанға газды экспорттауға тыйым салып тастаған екен.

"Ізінше Түрікменстан бюджетке түсетін қаншама қаражаттан қағылды. Манат долларға шаққанда 8-9 есе құлдырады. Түрікменстан өз байлығын өзі болып сатқысы келгені үшін экономикалық әрі валюталық коллапсқа түсіп қалды. Орталық Азия елдерінде қажетті табиғи ресурстардың бәрі бар. Өзін-өзі немен болса да қамти алатын аймақ. Энергетикамен де! Бірнеше жылдан бері жазып келе жатырмын – бізге аймақ ішінде күш біріктіру керек. Барлық салада. Күні ертең аман қалудың басқа жолын өз басым көріп тұрғаным жоқ", - деп түйеді Әзиза Омарова.

Бүгін Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей президенттері Бішкекте кездеседі. Ресей президентінің халықаралық істер жөніндегі көмекшісі Юрий Ушаков мемлекеттер басшылары кездесу барысында "газ одағы" тақырыбы талқылануы мүмкін екенін жоққа шығармайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу