Кірістерді бөлу механизмін әділетті деуге келмейді

804

Сарапшылардың айтуынша, кірістерді бөлу механизмі мен нәтижелері қоғамның әділеттілік туралы түсініктеріне сәйкес келмейді. Сондықтан жаңа Салық кодексі кірістерді ең байлардан кедейлерге қайта бөлу, кірістердің шамадан тыс саралануын азайту, әлеуметтік теңсіздікті жою және халықты әлеуметтік қолдауға бағытталуы тиіс.  

Кірістерді бөлу механизмін әділетті деуге келмейді Фото: freepik

Сонымен 2024 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енген Салық кодексіне түзетулер жайлы салық маманы Ғалия Нұри егжей-тегжейлі айтып, әр түзету бойынша осы саланың мамандары өз ойларымен бөлісті, деп жазады inbusiness.kz сайты.

"Қазіргі қоғамның даму деңгейінің маңызды көрсеткіші — мемлекеттің ұлттық байлық пен халықтың табысын әділ бөлуге негізделген әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету қабілеті. Алайда біздегі кірістерді бөлу механизмі мен нәтижелері қоғамның әділеттілік туралы түсініктеріне сәйкес келмейді. Қоғамның кіріс мөлшері бойынша саралау дәрежесі, атап айтқанда, Джинни коэффициентімен сипатталады. Бұл коэффициент 0-ден 1-ге дейінгі сандық мәнге ие, мұнда нөл толық теңдікті білдіреді, яғни барлық адамдар бірдей алады, ал оның мәні 1-ге тең болса – бұл барлық игіліктер бір адамның қолында шоғырланған абсолютті теңсіздік", — деді Тұран университеті қаржы кафедрасының профессоры Лутпулла Омарбакиев. 

Коэффициент мәні нөлден ауытқып, бірлікке жақындаған сайын (немесе индекс жағдайында 0-ден 100 пайызға дейін) теңсіздік соғұрлым күшті болады. Көбінесе жылдық табыс деңгейі бағаланады, бірақ біз көргеніміздей, байлық та ескеріледі және ол әлеуметтік теңгерімсіздікті одан да айқындай түседі.

"ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросы мәліметіне сүйенсек, біздің елде джини коэффициенті 0,291 болды. Ал Дүниежүзілік банктің мәліметі бойынша, әлеуметтік саралау (дифференциация) бойынша көшбасшылар Сейшел аралдары (0,66), Оңтүстік Африка (0,65) және Комор аралдары (0,64). Табыс теңдігі бойынша көшбасшылар – Норвегия, Словакия және Чехия (0,26) елдері болып табылады екен.

Табыс теңсіздігінің деңгейі маңызды макроэкономикалық фактор болып табылады. Егер байлар мен кедейлер арасында алшақтық болса экономикаға қауіп төндіретіні сөзсіз", — деді сарапшы. 

Ал экономикалық өсімнің жоғары қарқыны мен елдің әлеуметтік-экономикалық даму деңгейінің артуының бірден-бір факторы — салық салу жүйесі. Халықтың өмір сүру деңгейін реттеуде жеке тұлғалардың табысына салынатын салық ерекше рөл атқарады.

"Алайда, қазіргі кезде табыстарға салық салудың заңнамалық нормалары мемлекет алдында тұрған әлеуметтік міндеттерді шешуге жәрдемдесу бойынша жеке тұлғалардың табыстарына салынатын салықтың мүмкіндіктерін толығымен пайдалануға мүмкіндік бермей тұр.

Қазіргі жеке тұлғалардың табыстарына салық салу жүйесі мен салықтардың құрылымы әлеуметтік мемлекеттің мақсаттары мен міндеттеріне жауап бермейді. Салық салу жүйесі мемлекеттің әлеуметтік функциясын қамтамасыз етуге бағытталғандығының болмауымен сипатталады. Қазіргі кездегі елдің салық саясаты негізінен мемлекеттің әлеуметтік функциясын, әлеуметтік әділеттілік пен теңдікке қол жеткізудің стратегиялық міндеттерін орындауды қамтамасыз етуге емес, фискалдық қажеттіліктердің ағымдағы міндеттерін шешуге бағытталған", — деп түсіндірді профессор. 

Сондықтан да, сарапшының ойынша, келешекте елдің салық жүйесі әлеуметтік әділеттілік, әлеуметтік теңдік пен әлеуметтік қорғалу деңгейін арттыру жағына қарай қоғамдық қатынастарды қайта құрумен байланысты болуы  шарт. 

"Мұнда ауқатты азаматтар табысына прогрессивті салық салу шкаласын енгізуден басқа дамыған мемлекеттер сияқты капиталға салық салу жүйесін енгізуді қарастырған жөн.

Салық жүйесін одан әрі жетілдіру оның әлеуметтік функциясын тиімдірек орындауға бағытталуы керек. Кірістерді ең байлардан кедейлерге қайта бөлу, кірістердің шамадан тыс саралануын азайту, әлеуметтік теңсіздікті жою және халықты әлеуметтік қолдау болып табылады. Бұл міндеттер, сондай-ақ оларды шешудің әдістері мен құралдары салық саясатының жалпы тұжырымдамасы аясында және жаңа Салық жүйесі жобасының негізгі бағыттарында тұжырымдалуы керек", — деді Лутпулла Омарбакиев.

Жалпы салық жинау жүйесіне Президенттің де көңілі толмайтынын анық. 7 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жаңа Салық кодексіне қатысты бірнеше маңызды тапсырма берді: табыс пен мүлікке салық салудың жаңа жүйесін енгізу керектігін мәлім етті. Қазір бизнес өкілдері жаңа Салық кодексін талқылауға қатысуда. Сарапшылар тобы құрылды. "Учет.kz" компаниялар тобының негізін қалаушы Максим Барышевтың сөзінше, жаңа құжатта оң өзгерістер байқалғанымен, әлі де болса бизнес өкілдеріне оның тілін түсіну қиынға соғуда. 

"Жаңа құжатта оң өзгерістер де бар, мысалы, 2024 жылдан бастап бөлшек салықты арнайы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі екі есеге жуық - 190-дан 364-ке дейін өсті. 

Дегенмен Қазақстандағы Салық кодексін түсіну қиын. Мәтіннің күрделілігі соншалық, бір қаланың әр Мемлекеттік кірістер басқармасында бір норманы әр түрлі түсіндіреді.

Кәсіпкерлік үшін салық заңнамасындағы тұрақтылық өте маңызды екенін түсіну қажет. Жаңа Салық кодексі Қазақстандағы бизнес-ортаның барлық ерекшеліктерін бірден ескеруі тиіс және оған кемінде 3 жыл бірде-бір түзетулер енгізілмейтіндей етіп әзірленуі қажет. 

Шындығында, кәсіпкерлер кем дегенде үш жыл бойы өзгермейтін қарапайым және түсінікті салық заңнамасын жазуды сұрайды. 2018 жылдан бастап, ағымдағы салық кодексі енгізілген кезде, оған 40-тан астам заңға түзетулер енгізілді, олардың кейбіреулері ретроспективті. Кәсіпкерлер барлық өзгерістерге ілесе алмай келеді. Баптарға енгізілген түзетулер кейін оның күшін жоятын заңдармен тоқтатылып жатады. Салық нормасындағы басты мәселе — тұрақсыздық", — дейді сарапшы. 

Сонымен 2024 жылдың 1 қаңтарынан өз күшіне енген түзетулер жайлы inbusiness.kz редакциясына салық маманы Ғалия Нұри егжей-тегжейлі айтып, әр түзету бойынша өз ойымен бөлісті. Бүгінгі таңда Қазақстанда бюджетке және бюджеттен тыс қорларға төлемдердің 76 түрі: салықтардың 24 түрі, аударымдар - 2, жарналар-4 (оның ішінде МЗЖ), төлемдер -11, алымдар -14, баждар - 21 түседі. 

Соттарда мемлекеттік баж төлеуді кейінге қалдыру тәртібі мен шарттары өзгерді

Уақытша қаржылық қиындықтарға тап болған талапкер (салық төлеуші) талап қою кезінде мемлекеттік бажды төлеу мерзімін кейінге қалдыру туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы. Бұл ретте кейінге қалдыру туралы шешімді сот органдары қабылдайды.

Кейінге қалдыруды ұсынудың ең ұзақ мерзімі - шешім қабылданған күннен бастап бір жыл.

Сонымен қатар талапкер (салық төлеуші) өз қалауы бойынша мемлекеттік бажды көрсетілген мерзімге дейін мерзімінен бұрын немесе ішінара төлей алады. Бұл ретте, қандай да бір өтеу кестесін жасау немесе қандай да бір кепілді қамтамасыз ету қажеттілігі қарастырылмаған.

"Мемлекеттік бажды төлеуге қаражаттың болмауына байланысты талапкердің сот органдары арқылы өз құқықтарын қорғау мүмкіндігі бола бермейді, сондықтан мұны оң өзгеріс деп бағалауға болады. Мысалы, жеке тұлғаға жалақы төленбейді, бірақ немқұрайлы жұмыс берушіні жауапқа тарту құқығын пайдалану үшін мемлекеттік бажды төлеу қажет, оны қай ақшасымен төлейді? Ал енді мемлекеттік бажды төлеуді кейінге қалдыру арқылы кез келген адам өзінің құқығын дер кезінде қорғай алады. 

Сол сияқты, жеткізілген тауар үшін төлем жасалмаған жағдайда, мысалы, кәсіпкер тауарларды сату кезінге шығынға батып, жеткізілген тауар үшін қаражат алмай, қаржылық қиын жағдайға тап болған заңды тұлғалар үшін де мемлекеттік бажды төлеуде қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан бұл өзгерістер өз құқықтарын қорғаймын деушілер үшін жақсы жаңалық", — дейді Ғалия Нұри. 

Букмекерлер салықтан жалтармайтын болды

Сондай ақ Салық кодексінде 26 бап мынадай мазмұндағы 28 тармақпен толықтырылды:
Букмекерлік кеңсенің және (немесе) тотализатордың қызметін жүзеге асыратын ойын бизнесін ұйымдастырушылар мәліметтерді беру бойынша автоматтандырылған өзара іс-қимылды қамтамасыз ету мақсатында аппараттық-бағдарламалық кешендердің салық органының ақпараттық жүйелерімен интеграциялануын қамтамасыз етуге міндетті.

"Бұл өзгерістер бюджетті толықтыруға оң әсер етеді, өйткені букмекерлік компаниялардың "кассадан тыс" төлемдерді қабылдау мүмкіндігі болмайды. Ал ойыншылар туралы ақпарат салық органдарына беріледі, бұл жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде жасалады. Сандық әкімшілік жолындағы тағы бір үлкен қадам", — деді маман.

Декларация тапсырудың бірыңғай мерзімі белгіленді

Салық кодексінің 632-бабында жалпыға бірдей декларациялау шеңберінде салық есептілігін табыс етудің бірыңғай мерзімі көзделген.

Активтер мен міндеттемелер туралы декларацияны ұсыну бойынша міндеттеме туындаған сәттен бастап осы жылдың 15 қыркүйегінен кешіктірілмей тұрғылықты (болған) жері бойынша ұсынылуы тиіс.

"Бұрын қағаз жүзінде және электрондық байланыс арналары арқылы декларация тапсыру мерзімі әр түрлі болған. Енді декларацияларды ұсыну мерзімдері туралы түсініспеушіліктер туындамайды", — деп ойлаймын деді ол.

Арнайы экономикалық аймақтар

Салық кодексіне енгізілген түзетулердің бірі арнайы экономикалық аймақ аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдар мен жеке кәсіпкерлерге салық салуға сараланған тәсілді енгізуді көздейді.

АЭА резиденттеріне салықтық жеңілдіктер "инвестициялар неғұрлым көп болса, соғұрлым жеңілдіктер" қағидаты бойынша беріледі. Салық жеңілдіктерінің қолданылу мерзімі инвестициялар көлеміне байланысты тікелей айқындалатын болады. Әр санат үшін салықтық жеңілдіктердің өзіндік мерзімі болады.

Сараланған тәсіл 2024 жылғы 1 қаңтардан кейін шарттар жасасқан АЭА қатысушыларына қолданылатын болады.

Жеңілдікті қолдану мерзімі санаттарға байланысты, бірақ қызметті жүзеге асыру туралы шарттың қолданылу мерзімінен және арнайы экономикалық аймақтың жұмыс істеу мерзімінен аспауы керек.

Маманның ойынша, түзетулер оң экономикалық нәтиже беруі керек, өйткені олар қызметтің басым түрлеріне қосымша инвестициялар тартуға ықпал етеді.

Бөлшек салықтың арнайы салық режимі

Құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде АСР-ны қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалардың бөлшек салықтың арнайы салық режимін (АСР) қолдану құқықтарын шектеу үшін Салық кодексінен "бөлшек салық" деген түсінік алып тасталады.

Алынған табыс жиынтық түрде айқындалатын бөлшек салықтың арнайы режимін қолдану кезінде табысты айқындау тәртібі нақтыланды.

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап мәслихат бөлшек салық бойынша мөлшерлемені 2024 жылғы 31 наурызға дейін төмендету туралы шешім қабылдауға құқылы.

Жеке табыс салығы 

Жеке тұлғаның табысы ретінде:

Еңбек кодексіне сәйкес жұмыс берушінің қаражаты есебінен кәсіптік төлем – 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап;

Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан нысаналы жинақтар (төлемдер), сондай-ақ ерікті зейнетақы жарналарын есепке алу үшін жеке зейнетақы шотына бағытталған-2024 жылғы 1 қаңтардан бастап;

Қазақстан аумағында тіркелген күннен бастап бір жыл не одан да көп уақыт бойы меншік құқығында тұрған тұрақ орындарын сату (заңды тұлғаның жарғылық капиталына салым ретінде беру) кезіндегі құн өсімі – 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап;

бұрын жүзеге асырылған сатып алулар немесе алынған жұмыстар, қызметтер үшін есептелген сома есебінен сатып алу кезінде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құнын үнемдеуден материалдық пайда - 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап саналмайды. 
 
Салымшыларды қадағалау шаралары қатаңдатылады

2024 жылдан бастап камералдық бақылауға қатысты кейбір өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді.

Енді, мысалы, салық төлеуші камералдық бақылау нәтижелері бойынша анықталған орташа тәуекел дәрежесі тіркелгег заңға қайшы дүниелермен келіспеу туралы түсініктеме берген кезде салық және бухгалтерлік есеп регистрлерінен және аталған заңбұзушылықтарға қатысты үзінді көшірмелерді қоса беруге міндетті емес, бірақ өз қалауымен ұсынуға құқылы.

Бірақ, екінші жағынан, егер түсініктеме салықшылардың ойын өзгертпеген жағдайда салық төлеушінің құжаты қабылданбады деп танылуы мүмкін.

Бұл ретте орташа тәуекел дәрежесі бар хабарламалар бойынша түсініктемелерді орындалмады деп тану туралы шешімді бұдан былай мемлекеттік кіріс органдары шығармайды, ол автоматты түрде жүзеге асады.

Ал банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкім енді банк шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру себептері жойылған күннен кейінгі бір жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жойылатын болады.

Осылайша, салық органдары жоспардан тыс тексерулерді тағайындауға көбірек мүмкіндік алды, салық маманының айтуынша, бұл бизнеске теріс әсер етуі мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу