Сауда нарығындағы бәсекелестік жағдайын талдаумен айналысатын жұмыс тобының отырысында отандық сарапшылар ұялы байланыс нарығында ойыншылардың азайып кеткенін айтып, дабыл қақты. Мұндай тенденция соңғы 5 жылда үдей түскен. Ақыры салада қызмет көрсететін екі ірі ойыншы ғана қалып отыр. "Алтел", Kcell және Tele2 байланыс операторларын қарамағына қаратқан "Қазақтелеком" акционерлік қоғамы елдегі абоненттердің 62 %-ын иемденген. Ал Beeline операторын иелігіне алған "Кар-Тел" компаниясы қалған 38%-ға ие. Ұялы байланысқа қажет радиожиілікті екі алпауыттың теңдей бөліп алуы балама операторлардың пайда болуына кедергі.
"Байланыс, телекоммуникация саласында қызмет көрсету үшін радиожиілік спектріне қол жеткізу керек. Ал оның ресурсы қазір шектеулі. Барлық ресурстың иесі бар. Оның ішінде мемлекеттік органдардың үлесі де жатыр. Тіпті қолындағы ресурсты пайдаланбай, босқа ұстап отырғандар да болуы мүмкін. Ұялы байланыс нарығына жаңа ойыншы шыққысы келсе, әуелі, осы спектр иелерінің бірінен рұқсат алуы керек. Жиілік иесі жаңа бәсекелесті нарыққа жібере ме, жоқ па деген мәселе туындайды. Сондықтан радиожиілік кеңістігін бірлесіп пайдаланудың тәртібін заңмен реттеуді ұсынып отырмыз. Яғни жиілік иесі қай жағдайда кеңістікті бөлісуден бас тарта алатыны, қай жағдайда бас тарта алмайтыны заңнамалық актімен бекітілуі керек", – дейді бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті төрағасының орынбасары Арсен Ысқақов.
Бұл ұсынысты сарапшылар да қолдап шықты.
"Әрине, бір нарықта екі-ақ ойыншының қалуы ойлантады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитеті саладағы ірілену процесін о, баста қолдағанымен, енді соның салдарымен күреспекші. Біз бұл нарыққа мемлекеттің араласуын азайту шараларын қолдаймыз. Нарыққа қатысушылар да бұған қарсы болмауы керек. Мәселен, "Самрұқ-Қазына" телекоммуникациямен байланысты қызмет түрлерін өз қарамағындағы ұйымнан ғана сатып алатын ереже қабылдап жатыр. Бұл да нарықта жаңа ойыншылардың шығуына үлкен кедергі", – дейді "Бәсекелестікті дамыту және қорғау" орталығының басшысы Алдаш Айтжанов.
Ал "Кар-Тел" ЖШС өкілі Азамат Көшімбаев радиожілікпен бірге жерасты желілері де монополистің қолында екенін мәселе ретінде көтерді.
"Ашық аспан" қағидаты бойынша байланыс сымдарының бәрін жер астымен тарту керек. Бұл жерде де монополистің басымдығы бар. Осы мәселені де заңмен реттеу керек", – деді ол.
Есімжан Нақтыбайұлы