5G-ге бейімделген телефондар биыл пайда болады

10973

Американың AT & T компаниясы 5G атауын сол 5G-ге шын мәнінде еш қатысы жоқ сервисіне қолданып үлгерген.

5G-ге бейімделген телефондар биыл пайда болады

5G сымсыз интернетінен не күтуге болады? Модернизацияланған бұл ғаламдық байланыс жүйесі әркім үшін әртүрлі маңызға ие. Мәселен, АҚШ тәрізді мемлекеттер үшін ол келешекте Қытай ықпалымен күреске қажетті басты технологияға айналуы мүмкін. Өнеркәсіп үшін 5G - сымсыз интернет жүйесіндегі орасан инновациялық жаңалық. Ал, қарапайым адамдар үшін бұл ғаламдық желі әзірге жұмбақ күйінде қалып отыр.  

Осы айда Испанияның Барселонасында Мобильдік әлем конференциясы ашылады. 5G-ге инженерлер ғана қызығушылық танытып отырған жоқ. Оны қолдануда кенже қалған елдер технологиялық даму бәсекесінде ұпай жіберіп қана қоймай, шет мемлекеттердің шпиондық әрекеттері алдында дәрменсіз күйге түсуі мүмкін.

5G дегеніміз не?

5G – сымсыз желілер үшін жаңа технологиялық стандарт. Ол интернетке қосылуды мейлінше жеделдетуге, кідіруді азайтуға және интернетке салмақ түсірмей, оған көптеген құрылғыны қосуға уәде беріп отыр. Дәлірек айтсақ, 5G бұрынғыдан да көп қолданушыға, датчиктерге және ауыр трафикке оңай жауап бермек.

5G-ді қолдануға кіріспес бұрын, сымсыз желі компаниялары мен телефон шығарушылар жаңаруға тиіс. Смартфондарға өзгеше чиптер мен радиоантенналар қажет болады. Ал, бүгінгі телефондар 5G желісімен жұмыс істей алмайды.

Сымсыз желі компаниялары қазір осы өзгеріске әзірленіп жатыр. Олар жабдықтарын модернизациялап, 5G сигналын жеткізетін радиожиілік диапазондары бөліктерін сатып алуға кірісті. Сонымен қатар, олар кейбір елдерде мобильдік телефон мұнаралары мен көше фонарларының үстіне, бағандарға 5G арналған жаңа антенналар орнатып жатыр. Ал, Американың CTIA салалық сауда тобының мәліметінше, АҚШ-тағы сымсыз интернет провайдерлері 5G желісіне 275 миллиард доллар инвестиция салуды жоспарлап отыр.

5G қашан қолжетімді болады?

"Ассоушиэйтид пресс" агенттігінің хабарлауынша, Құрама Штаттарда 5G мобильдік байланысын орнату жұмыстары 2019 жылы басталады. Дегенмен, оны жалпыхалықтық қолданысқа енгізу үшін бірнеше жыл қажет болуы мүмкін. "Соның өзінде өткізу мүмкіндігі зор әрі мәліметті тез жеткізетін "миллиметрлік толқын" жиіліктерімен шалғайдағы елді мекендер толық қамтыла қоймас",  - дейді Signals Research Group консалтингтік компаниясының бас директоры Майкл Тэландер аталған агенттікке берген сұқбатында.

Оның сөзінше, 5G-ні шоғырландыру жұмыстарында Қытай АҚШ-тан бір жылға қалып қоюы мүмкін. Бірақ, кейінірек Қытай Америкаға қарағанда, мұндай технологияны көп аумаққа орналастырып, басты бәсекелесінен бәрібір озуы ғажап емес. Ал, Еуропа елдері бұл салада баяу дамымақ.

Дегенмен, шатасудан абай болу керек. Сымсыз интернет операторлары баяғыдан бері өз желілерінің ең үздіктігін жарнамалаумен келеді. Осы жолы да солай болып отыр. Мәселен, Американың AT & T компаниясы 5G атауын сол 5G-ге шын мәнінде еш қатысы жоқ сервисіне қолданып үлгерген.

5G желісі пайда болғанда, тұтынушылар оған қосыла алатын телефонды қажет етпек. Бұндай байланыс құралдары 2019 жылдың бірінші жартысында жасалады, бірақ  iPhone-дар 2020 жылға дейін 5G-ге қосылмайды. Сонымен қатар, 5G-мен жұмыс істейтін телефондар 4G-ді "аулайтын" телефондардан қымбатырақ болмақ. Дегенмен, ақпараттық технология мамандарының айтуынша,  5G желісі іске қосылғаннан кейін де 4G-ді әрі қарай қолдана беруге болады.

5G-мен не істеуге болады?

5G-дің мүмкіндіктері төңірегінде дау-дамай көп. Кейбір салалық топтардың мәлімдеуінше, бұндай интернетті сенсорлық желілерге жалғап, ақылды қалаларда қозғалысты басқарып,  көшедегі шамдардың ақауын жылдам анықтауға болады. 5G жүйесіне өз бетімен жүретін автомобильдерді де қосуға болады. Бұған қоса, осындай сымсыз әрі жедел интернеттің көмегімен қашықтықтан хирургиялық операциялар жасап, өзге де телемедициналық процедураларды жүзеге асыратын күн алыс емес. Ал, компаниялар өз зауыттары мен фабрикаларын автоматтандыруға мүмкіндік алады.

"5G-дің арқасында үйдегі интернеттің де жылдамдығы күшейіп, қазіргі қосымшалардың функциясы көбейіп, жаңа "ютюбтар", "снэптчаттар",  "фликирстар" пайда болады ", - дейді Силикон жазығындағы Andreessen Horowitz венчурлық компаниясының өкілі Бенедикт Эванс қаңтарда жариялаған блогтарының бірінде.

Сонымен қатар, 5G-дің арқасында тұтынушылар фильмдер мен видеоларды бұрынғыдан әлдеқайда жылдам жүктей алады. Ал, смартфондағы интернет стадион тәрізді адамдар көп жиналатын жерлерде жақсырақ жұмыс істемек.

Қауіпсіздік мәселесі

5G интернет желісі қазір АҚШ пен Қытай арасында күшейіп келе жатқан шиеленістің басында тұр. Ресми Вашингтонның ескертуінше, америкалық компаниялар қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін байланыс жүйесінде Қытайдың телеком технологиясын қолданбауы керек. Және де Құрама Штаттар өзге елдерді де Huawei-ден бас тартуға шақырды. Өйткені, Трамп әкімшілігінің сөзінше, Бейжің бұл компанияның байланыс жабдықтарын шпиондық мақсатқа пайдалануы мүмкін. Huawei болса, мұны үнемі жоққа шығарып келеді.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу