Чипсіз телефон қолданамыз

24106

Сим-карта eSIM-ге ауыстырылады.  

Чипсіз телефон қолданамыз

Қазақстанда 5G желісі енгізілгеннен кейін, ұялы телефондар чипсіз, яғни сим-картасыз жұмыс істейтін болады. Бұл үшін байланыс құралдарына арнайы бағдарлама орнатылады. 

"Қазақтелеком" АҚ басқармасының төрағасы Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, қолданысқа  eSIM деп аталатын виртуалды сим-карта енеді. 

"Бұл – чип түріндегі классикалық сим-картаның бағдарлама нұсқасы. eSIM-ді виртуалды сим-карта деп атасақ қателеспейміз. Бүгінгі таңда ұялы байланыс операторлары eSIM тұжырымдамасын әзірлеп жатыр. Меніңше, 5G қосылғаннан кейін, технологияның басым бөлігі eSIM-ге көшеді. eSIM абонеттерге де, операторларға да тиімді болады деп есептейміз", – деді басқарма төрағасы.

Қуанышбек Есекеев 5G технологиясын тестілеу барысында бірқатар мәселелер туындағанын мәлімдеді. 
"Қазіргі уақытта 5G желілері үшін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында 3,5ГГц диапазонында ені 100МГц бос тұтас спектр жоқ. Реттеуші байланыс операторларымен және қорғаныс министрлігімен бірлесіп, 5G желілері үшін Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент қалаларында 3,5ГГц диапазонында ені 100МГц кем емес тұтас спектрді босату жұмысын жүргізу қажет", – деді ол. 

Оның пікірінше, операторларды ынталандыру мақсатында 5G бойынша радиожиілік спекторы үшін жыл сайынғы төлемнің мөлшерлемесін қайта қарау керек. 

"Радиожиілік спекторы үшін операторға 5G бойынша 100 МГц үшін жыл сайын қосымша 9,8 млрд теңге төлеу қажет. Бізге 2020-2024 жылдарға 0 теңге деңгейінде 5G бойынша радиожиілік спекторы үшін жыл сайынғы төлем бойынша мөлшерлемені бекіту керек", – деді басқарма төрағасы.

Қуанышбек Есекеевтің айтуынша, операторларды ынталандыру мақсатында 5G бойынша радиожиілік спекторы үшін біржолғы мөлшерлемені қайта қарау керек. 

"Жиіліктерді бөлу ведомствоаралық комиссияның (ЖБВК) ағымдағы тәсілі кезінде оператор 5G бойынша 100 МГц РЖС үшін шамамен 200 млрд теңге төлеу керек болады. 0 теңгеге 5G үшін 100 МГц РЖС беру жайын ЖБВК-мен пысықтау қажет. Операторлар реттеушімен бірлесіп, 5G бірыңғай инфрақұрылымдық оператордың амал-тәсілдерін қарастыруға тиіс. Өйткені 5G үшін жиіліктер шектеулі және 5G желілері үшін капиталды қажет ететін инфрақұрылым қажет", – деді Қуанышбек Есекеев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу