Токио олимпиадасының медальдары қажетсіз смартфондардан құйылады

5329

Токио олимпиадасының медальдары қажетсіз смартфондардан құйылады

2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында күміс, қола медальдардың 30 пайызға жуығы қайта өңделген материалдардан жасалды. Ал келесі жылы Жапония астанасында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарының жүлделері 100 пайыз халықтан жиналған ескі смартфондар мен электрондық құрылғылардан әзірленеді. Жалпы алғанда, Токио-2020 Олимпиадасына 5 мыңдай алтын, күміс, қола медаль қажет. Әлемдік жарысты ұйымдастырушылар қалдық металл қабылдау науқанын 2017 жылы сәуірде Tokyo 2020 Medal Project деген атпен бастады. Содан бері қарапайым жапондықтар, бизнесмендер, кәсіпорындар 47,488 тонна істен шыққан, ескірген смартфон, сандық камера, ноутбук және ойын құралдарын жинастырған.

Ақпанның 8-де Токио Олимпиадасының және Паралимпиадалық ойындарының ұйымдастыру комитеті жалпыхалықтық электрондық құралдарды жинау науқаны 2019 жылы наурыздың 31-де аяқталатынын жариялады. Яғни осы айдың соңында атлеттерге қажетті медаль жасайтын зауыт құнды металдармен толық қамтамасыз етіледі.

"Жапония халқы мен жергілікті компаниялардың, ұлттық спортшыларымыз бен халықаралық атлеттердің қолдауы арқасында Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындарға арналған медальдардың материалдары жинақталып қалды", – дейді Токио-2020-ның ұйымдастырушылары.

2018 жылдың қарашасына дейін бүкіл Жапония аумағында NTT DoCoMo мобильдік телефон операторының шамамен 2400-дей дүкені мен елдің 1594-дей муниципалитеті ескірген смартфондарды, ноутбуктерді және өзге де электрондық гаджеттерді жинайтын орталық ретінде жұмыс істеді. Ал өткен жылдың қаза айына дейін NTT DoCoMo компаниясының дүкендеріне 5 миллиондай смартфон тапсырылса, муниципиалдық әкімшіліктер 47,488 тонна ескі байланыс және электрондық құрылғы жинаған. Жазғы ойындарды ұйымдастыру комитетінің өзге бір мәліметіне жүгінсек, былтырғы жылдың маусымына дейін елден қабылданған гаджеттерден 2700 келі қола өндірілген. Бұл материал осы санаттағы медаль шығаруға толық жеткілікті. Сонымен қатар, алтын жүлделерге қажетті металдың 93,7%-ы, күміс медаль жасайтын материалдың 85,4%-ы әзірленіп қойған.

Токио-2020 экологиялық тұрақтылыққа атсалысуды өз соңында мұра етіп қалдырғысы келеді және  Токио-2020 медаль жобасы бұл мақсаттың маңыздылығын ту етіп, "Планета мен адам үшін жақсы бол!" деген үндеуді ұран етіп таңдаған. Сонымен қатар бұл жоба жапон қоғамын 2020 жылғы Олимпиадалық және Паралимпиадалық ойындарға әзірлікте бірлескен күшке айналдырды. Идеяның іске асқаны қазірдің өзінде байқалып отыр. Айта кетсек, жапон қоғамы тұтынушылық электроника жинауда алғаш рет жалпы мемлекеттік ауқымда күш біріктіріп отыр.

Болжамдарға қарағанда, 2020 жылғы Олимпиада медальдарының дизайндері биыл жазда көрсетіледі. Оған байқау 2017 жылы желтоқсанда жарияланды.

"Біздің толқын алдағы қадамдар мен болашақ үшін толғануы керек деген ойға жақындап қалдық. Ескі телефондар үйдің бір сөресінде жатқанша, қайта өңдеуден өтіп, маңызды бір дүниеге айналғаны жөн. Сонда одан экологияға да зиян тимейді", – дейді британдық жүзуші Бен Проуд.

XXXII-ші Олимпиада ойындары 2020 жылы шілденің 24-де ашылып, тамыздың 9-да аяқталады. Токио метрополитендік басшылығы бұл халықаралық жарысты өткізуге 400 миллиар йен немесе 3,67 миллиард доллар жұмсамақ. Дәстүр бойынша, Жапония Олимпиаданы жаңа технология көрсету үшін де пайдаланады. Осы мақсатпен NTT DoCoMo телекоммуникациялық компаниясы Финляндияның Nokia компаниясымен бірлесіп, алдағы Олимпиаданы 5G сымсыз интернет желісімен қамтамасыз ету туралы келісімге қол қойды.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу