Жапонияның хризантемалық тағына ханзада Нарухито отырды. Осылайша 59 жастағы мұрагер әлемнің байырғы монархиясының 126- императоры атануымен күншығыс елінде "Рейва" дәуірі басталып жатыр.
Нарухитоның әкесі, 85 жастағы Акихито, тақтағы соңғы сөзінде халқына шын жүректен алғыс айтып, ғаламдық бейбітшілік үшін дұға жасады. Оның императорлық рөлді трансформациялаған 30-жылдық дәуірінің шымылдығы осылай жабылып, жаңа дәуірдің қоңырауы соғылды деуге болады.
Cәуірдің 30-да Акихитоның тақтан түсу рәсімі императорлық сарайдың Емен бөлмесінде өтіп, 10 минутқа ғана созылды. Салтанатта ол шақырылған 300-ге жуық мейманның алдында 60 жыл отасқан жұбайы Мичикомен бірге бас иді.
Бұл - Жапонияның соңғы 200-жылдық тарихында императордың алғаш рет тақтан түсуі, "Рейва" немесе "Әдемі гармония" эрасының басталуы. Жаңа дәуір Нарухито "патшалықтан" кеткенше жалғаса береді.
Жаңбыр жауып тұрса да, салтанатты тамашалау үшін сарай маңына жүздеген адам жиналды. Сонымен қатар бұл шараға Токио көшелерінде орнатылған алып экрандардан миллиондаған жапондық куә болды.
"Өкінішті екен, енді мен ол кісіні теледидардан көре алмаймын. Бірақ 85-ке толды ғой. Қалған өмірін жұбайымен бірге тыныштықта өткізсе, ол да бақыт", – дейді 45 жастағы Мьюки Сакай "Франс пресс" агенттігіне берген сұхбатында.
"Зая кеткен онжылдық"
Нарухитоға империалық символ ретінде ежелгі жебе мен бағалы тас мұрагерлікке қалады. Сонымен қатар оған сарайдан ешқашан әкетілмеуге тиіс айна аманат етіледі. Дегенмен Нарухитоның алдында 1989 жылдан бері мүлде өзгерген Жапонияға императорлық ету міндеті тұр.
1980- жылдардың соңында бұл мемлекет әлемге экономикалық үстемдік етті, оның технологиясына өнеркәсібі дамыған елдердің өзі қызыға да, қызғана қарады, ал Токио биржасында индекстер максимумға дейін көтерілді. Бірақ содан кейінгі "зая кеткен онжылдықта", яғни 1991-2000 жылдары, жапон экономикасы құлдырау жолына түсіп, жалпы ішкі өнім кеміді, жалақы азайды, активтер құнсызданды. Бұл стагнациядан Жапония әлі күнге дейін арыла алмай келеді. Әрине дефляциямен, мардымсыз экономикалық өсіммен күрес жалғасып жатыр. Алайда сол түйіткілдерге халықтың қартаюы, тұрғындардың ауылдарды тастап, ірі қалаларға қоныс аударуы тәрізді проблемалар қосылып отыр.
Нарухитоға жүктелетін тағы бір жауапты міндет – ұлттың сан ғасырлық тарихын сақтай отырып, әкесі ұстанған императорлық жолды әрі қарай жалғастыру.
Акихито 2011 жылы цунами кезінде халықтың қасынан табылып, алапат апаттан зардап шеккендердің алдында бас иді, мұң-мұқтажын тыңдады, жұбатты, осындай адами қасиеттері үшін ел сүйіспеншілігіне бөленді.
"Әкесі қалыптастырған стандарттарды ескере отырып, император Нарухито соларға ұқсас ережелерді ұстанып, қоғамға өз ықпалын көпшілік алдына шығу арқылы таратуға тиіс", – дейді Economic Intelligence Unit ұйымының сарапшысы Вакас Аденвала.
Дегенмен Окфордтың түлегі Нарухито кейде императорлық әулеттегі қатаң шектеулерді сынап көзге түсті. Ал оның жұбайы – бұрынғы дипломат Масако – сарайдағы өмірге әлі күнге дейін бейімделе алмай келеді. Бұған қоса оның денсаулығы нашар деген мәлімет бар.
"Масакоға бұл әулеттегі міндеттерді атқару оңай болмайды. Әзірге жағдайы аз да болса мүмкіндік беріп тұрғанда, ол императорлық қызметтерге қатысып тұрса жақсы болар еді", – дейді 67 жастағы зейнеткер Кумио Судо AFP агенттігіне берген сұхбатында.
Бір шөлмек ауа – 10 доллар
Акихитоның тақтан түсуіне байланысты ел тұрғындарына 10-күндік демалыс берілді. Алайда әлеуметтік зерттеулерге қарағанда, еңбекқорлығымен әлемге әйгілі жапондықтардың көпшілігі мұнша үзіліске риза емес.
Сирек мүмкіндікті саяхатқа пайдаланып жатқандар да бар. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, бұл күндері зымыран пойыздар мен әуежайлар жолаушыларға лық толы. Ал Токио маңына қатынайтын пойыздардың вагондары босап қалған. Олар әдетте қарбалас шақта үнемі толық болады.
Заман ауысып жатқан шақта саудагерлер де қарап қалған жоқ. Олар Акихитоның "Хейсей" эрасынан алынған ауаның бір шөлмегін Нарухитоның императорлығымен "Рейва" дәуіріне аяқ басқан халыққа 10 долларға сатып жатыр.
Арыстан Рысбек