1 қараша Қытайдың мобильдік байланыс операторлары жаңа толқынға жататын супер-жылдам 5G қызметін коммерциялық негізде ұсына бастады. Биліктегі Коммунистік партияға сенсек, бұл жетістік технологиялық революцияға жол ашады.
"Вашингтон пост" газетінің хабарлауынша, осы амбициялық жоспарымен Қытай АҚШ-қа өзінің өнеркәсіптік дамуын, әсіресе, Huawei тәрізді технологиялық алыбын ешкімнің тежей алмайтынын ескертіп отыр.
"Олар ұлттық басым бағыттарды жүзеге асыра білді. Осы арқылы Коммунистік партия үлкен жетістігін көрсетіп отыр. Сауда даулары мен Huawei-ге қарсы шабуылдарға ұшыраса да алға басып жатқанын паш ету Қытай үшін өте маңызды", – дейді Еуразия консалтингтік топ геотехнология бөлімінің басшысы Пол Триоло аталған басылымға берген сұхбатында.
Бейсенбі күні Қытайдың мемлекеттік үш операторы – China Mobile, China Unicom және China Telecom 5G пакеттерін таныстырды. Жедел интернетті (секундына 1 гбит) қосу үшін Unicom клиенттері айына 45 доллар төлеуге тиіс.
Жылдамдықтардың айырмашылығын салыстыра келіп, сарапшылар 4G-ді скейтбордқа, ал 5G-ді ракетаға теңеп отыр. Соңғысы, әсіресе, видео ойындар мен түрлі қызметтер үшін үлкен артықшылық саналады. Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Қытайда 10 миллионнан астам адам жеңілдетілген бағамен 5G қызметін алуға тіркеліп үлгерген.
"5G технологиясы болашаққа жетелейтін революцияның бір бөлігі және де ол экономикаға мүлде жаңа өзгерістер әкеледі", – дейді China Telecom компаниясының президенті Кэ Руйвен.
Оңтүстік Корея, Аустралия, АҚШ тәрізді кейбір мемлекеттер 5G-ді пилоттық жоба ретінде қолға алса, Қытай сымсыз интернет бойынша әлемде көш бастау үшін 5G-ді коммерциялық негізде іске қосып отыр.
"5G технологиясын коммерцияландыру – президент Си Цзиньпиннің Қытайды кибердержаваға айналдыру стратегиясы үшін ұлы іс. Сонымен қатар, ол еліміздің ақпараттық технология индустриясын дамыту жолындағы маңызды қадам",– дейді China Unicom компаниясының президенті Ван Сяочу.
Си Цзиньпиннің мәлімдеуінше, әлем қазір ақпараттық технологиялар мен жасанды интеллект салаларындағы жетістіктерімен сипатталатын төртінші революция қарсаңында тұр. Және Қытай президенті өз елінің осы революцияның көш басында тұрғанына көз жеткізгісі келеді. Ал, 5G-ді қолданысқа енгізу бұл бәсекеде үлкен қадам жасауға жол ашады.
Бейжіңнің байланыс әкімшілігі осы аптада келтірген деректерге сүйенсек, Қытай астанасында 5G-мен қамтамасыз ететін 13 000 базалық станция орнатылып, 10 мыңы жұмыс істей бастаған. Үкімет жыл соңына дейін 5G интернетінің Бейжіңге, Шанхайға, Ханчжоуға, Гуанчжоуға толық тарағанын қалайды. Елдің ең ірі байланыс операторы – China Mobile компаниясының қызметіне 900 миллион телефон ұстаушы тіркелген. Бұл компания қазір Қытайдың 50-ден аса қаласында 5G желісін қосуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Қытайдың мемлекеттік ақпараттық және коммуникациялық технологиялар академиясының зерттеуіне қарағанда, Бейжің 2020-2025 жылдары 5G енгізуге шамамен 130-217 миллиард доллар жұмсамақ.
Қытайдың технологиялық компаниялары 5G желісін цемент шығаратын кәсіпорындар, тайфундарды бақылау және роботтарды басқару тәрізді салаларға енгізуде.
5G Қытайдың адам жүзін танитын қосымшалары үшін де үлкен көмек. China Unicom компаниясы өкілдерінің айтуынша, саяхатшылар Бейжіңнің жаңа әрі алып әуежайында бет-бейнені анық көрсететін жүйенің көмегімен тіркеуден тезірек өте алады. Алайда бұған байланысты бірнеше шешілмеген мәселе бар. Біріншіден, 5G желісімен жұмыс істейтін ұялы телефон көпшілікте жоқ. Huawei, Oppo және Оңтүстік Кореяның Samsung компаниялары жаңа интернет желісін қабылдайтын смартфондар шығарды. Ал, Қытай нарығының 6%-ын жаулаған Apple 5G-ге лайықты "айфондарын" келесі жылы ұсынбақ.
Сонымен қатар, Американың қара тізіміне іліккен Huawei базалық станция жасауды қазіргі қарқынмен жалғастыра ала ма деген сауал туындап отыр.
Айта кетсек, мамырда Трамп әкімшілігі ұлттық қауіпсіздікті алға тартып, Huawei мен оның 70 бөлімшесіне Америкада жасалатын қосымша бөлшектер сатуға тыйым салған.
"Huawei үшін бұл бөлшектерге қол жеткізу қиындап барады. Құрама Штаттар оларды жеткізуді мүлде тоқтатса, Huawei сол тапшылықтың орнын толтыра ала ма? Бұл – үлкен сауал", – дейді Еуразия консалтингтік топ геотехнология бөлімінің басшысы Пол Триоло.
Ресми Вашингтонға сенсек, қытайлық 5G жабдықтарында шпиондық жасауға мүмкіндік беретін "қара есіктер" жасырылған болуы мүмкін.
"Қытайдың Huawei және ZTE компаниялары АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді деген уәжге негіз көбейіп келеді", - дейді АҚШ-тың байланыс жөніндегі федералдық комиссиясының төрағасы Аджит Пай өткен аптада жасаған бір мәлімдемесінде.
Алайда, ресми Бейжің мен Қытайдың технологиялық компаниялары мұндай мәлімдемелерді үнемі жоққа шығарып келеді.
Арыс Әділбек