Ресей-Қытай романсы, Трампқа кеңес және бақылау камералары

2789

Inbusiness.kz порталы назарларыңызға соңғы күндері әлем баспасөзінде Қазақстан мен Орталық Азия турасында жазылған мақалалардың кейбіріне жасалған шолуды ұсынады.

Ресей-Қытай романсы, Трампқа кеңес және бақылау камералары

"Орталық Азия: Ресей-Қытай романсындағы қайшылық". Бұл - жақында Nikkei Asian Review басылымында жарық көрген көлемді мақаланың тақырыбы. Авторы – Хироюки Актита. Оның пікірінше, Вашингтонның Орталық Азиядағы ықпалымен бірлесіп күрес жүргізіп жатқан Мәскеу мен Бейжің өзара қарама-қайшылықтардан да кенде емес.

Биыл маусымның басында Қытай президенті Си Цзиньпин Ресейге сапар шеккенде, екі ел байланыстарын тереңдетуге уағдаласып, 30 шақты экономикалық келісімге қол қойды.

Сол жүздесуде президент Владимир Путин Құрама Штаттарды Қытайға жариялаған сауда соғысы мен технологиялық санкциялары үшін сынап, Бейжіңмен бірлесіп, АҚШ-тың қысымына қарсы тұруға уәде берді. Екі держава Американың Иран мен Солтүстік Кореяға қатысты позицияларын да мақұлдамай келеді.

Бір-біріне мұқтаж Қытай-Ресей романсы шиеленісіп келе ме, әлде әрі қарай жалындай түсе ме? Бұл сауалға жапондық басылым тілшісінің жауабы төмендегідей:

"АҚШ пен Еуропа санкцияларының салдарынан Ресей экономикасы биыл 1 пайызға ғана өседі. Бұндай жағдай Мәскеуді Қытайға тіпті сүйенуге мәжбүрлемек. Ал, Си Цзиньпин үшін Ресей - Вашингтоннның Қытайға қарсы қатаң саясатымен күрес жолындағы пайдалы құрал.

Дегенмен Қытай мен Ресей қанша жерден бір-біріне жақындай түссе де, қарама-қайшылыққа тап болуы мүмкін. Ресейлік әскери сарапшылардың бірінің пікірінше, Кремль Қытайды қауіп көреді. Екі жақ арасындағы қайшылықтар кеңейіп келеді. Қытайдың жалпы ішкі өнімі Ресей экономикасынан 8 есеге, халқының саны 10 есеге көп. Ресейді, әсіресе, бір кездері Кеңес одағына кірген Орталық Азияның Қытай ықпалына түсу мүмкіндігі алаңдатып отыр.

Бұл мүмкіндік экономикалық тұрғыдан қазіргі өзінде жүзеге асып жатыр. 2018 жылы Қытай үш постсоветтік республика – Өзбекстан, Түркіменстан, Қырғызстанның ең ірі сауда серіктестіне айналып үлгерген. Қырғызстан мен Тәжікстан таратқан ресми мәліметтерге қарағанда, олар үшін Қытай – шетелдік тікелей инвестцияның қайнар көзі. Сонымен қатар, Қытай Ресейді Қазақстанда да төртінші ірі инвестор деген мәртебесінен айырған. Ресей Қытайдың Орталық Азиядағы экономикалық басымдығына төзер. Өйткені, Бейжіңнің инвестициясы арқасында бұл аймақ дамып, инфрақұрылымы жақсарып жатса, одан Ресей пайда көреді. Алайда қауіпсіздіктің орны бөлек. Мәскеу өз ықпалына кіретіне аумаққа өзгенің қол сұққанын қаламас еді.

Мәселен, жергілікті сарапшылардың пікірінше, Қытай Тәжікстанға құпия әскер шоғырландыра бастады. Осындай жағдайдың нышаны Ауғанстанда да байқалады. Бірақ  Қытай сыртқы істер министрлігі мұны жоққа шығарып отыр.  Тәжікстанда Ресейдің 8 мыңдай жауынгері орналасқан. Орталық Азиядағы бір стратегтің ойынша, Ресей мен Қытай бір елде әскер ұстап, қатынастарын ұзақ уақыт бойы қайшылықсыз сақтай алады дегенге сену қиын", – дейді материал авторы.

"Қазақстан Американың Орталық Азиядағы жаңа серіктесі бола ала ма?". Бұл мақалада автор Қазақ-Америка қатынастарына тоқталады. The National Interest басылымында жарық көрген материалда ол екі мемлекеттің байланыстарын "шынайы әрі ынтымақтастыққа негізделген" деп сипаттайды және Люк Коффи жаңа президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл қатынастарды өзгертуіне ешқандай себеп жоқ екенін атап өткен.  

Оның сөзінше, Қазақстан Құрама Штаттарға Ауғанстанда көп көмектесіп қана қоймай, бұл соғыс жүріп жатқан елде экономикалық және білім жобаларына ондаған миллион доллар инвестиция салды, сонымен қатар, Қазақстан АҚШ-тың ауған жеріндегі әскери контингентін құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстарының ажырамас бөлігіне айналған.

Тағы бір сөзінде автор Астана процесі Сириядағы әскери жанжалды тоқтата алмаса да, Қазақстан - сол азаматтық соғысқа нүкте қоюға бағытталған келіссөздерді өз  жерінде қабылдап, дипломатиялық күш жұмсағаны үшін мақтауға тұрарлық ел. Бұған қоса, журналист Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуға, терроризммен күреске қосқан үлесін де ерекше атап, онымен энергетикалық салада да байланысты нығайту қажеттігін айтады.

"Энергетикалық салада АҚШ компаниялары Қазақстанда ондаған жылдар бойы жұмыс істеп келеді. Бұл мемлекетте Вашингтонның еуропалық одақтастарын Ресейдің мұнайы мен газына тәуелділіктен құтқаратын потенциал бар. Былтыр Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы келісім осы теңіздің батысы мен шығысын жалғауға қажетті Транскаспий газ құбырын салу жолындағы үлкен кедергіні жойды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін енді Қазақстан Түркіменстанмен, Әзербайжанмен тығыз ынтымақтастық орнатуы керек. 

Ресейдің КТК (Каспий құбыр консорциумы) құбыры қосымша салмақты көтере алмауы мүмкін. Ал, Қазақстан өзінің артылған мұнайын Ресейді айналып өтетін Баку-Тбилиси-Джейхан құбыры арқылы экспорттап, Еуропаның Мәскеуге тәуелділігін азайтар еді. Құрама Штаттар Қазақстанды бұндай таңдауға ынталандыруы керек.

Экономикаға келсек, АҚШ бұл аймақпен ынтымақтастықты тереңдетудің жаңа жолдарын іздеуге тиіс. Қытай мен Ресей солай етіп жатыр. Вашингтонның  бәсекеден ұялуына ешқандай негіз жоқ. Қазақстанның энергетикалық секторына ондаған миллиард доллар инвестиция салынды. Оны әрі қарай көбейтуге болады.

Саясатқа келсек, АҚШ-тың мүддесі үшін Орталық Азияда екі маңызды фактор бар: үкімет жүйесіндегі тұрақтылық пен сол жүйенің жақсарып келе жатуы. Америкаға аймақтағы рөлін таразылай алатын тұрақты және қауіпсіз Қазақстан қажет.

Президент Трамп Қазақстанға дереу сапар жоспарлауы тиіс. Өйткені, Құрама Штаттардың бұл аймаққа жіті мән беретін кезі жетті",– деп жазады автор.

"Huawei Орталық Азияда: смарт қалалар ма әлде бақылау ма?" Таяуда Азия-Тынық мұхит аймағындағы мәселелерге қалам тербейтін The Diplomat журналында осындай тақырыппен көлемді материал жарық көрді. Онда журналист Қытайдың бақылау технологиясының біздің аймақта да үлкен сұранысқа ие екенін баяндай келе, осы мәселеге қатысты өз қорытындысын  

"2019 жылы мамырда Өзбек үкіметі "қауіпсіз қала" жобасының сәтті жүзеге асып жатқанын Әзербайжаннан, Армениядан, Беларусьтен, Қазақстаннан, Ресейден, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан, Түркіменстаннан жиналған ресми өкілдерге әңгімелеп берді. Тәшкентте бейнебақылау жүйесі жолдағы қозғалысты жазып, сараптап, жылдамдықты асырғандарды анықтайды.

Өзбекстан астанасында Huawei-дің қолдауымен 883 камера әрі қарай жетілдіріліп жатыр. Сонымен қатар, Американың қарсылығына қарамастан, Huawei-дің  5G  желісі өзбектің Uzmobile және Ucel телекоммуникациялық компанияларымен бірлесіп жұмыс істеуге кірісті.

Қазақстанға келсек, оның астанасы Нұр-Сұлтанда 2 мыңнан астам камера орнатылған. Мұнда да Huawei Kazakhtelecom, Kcell, Beeline және Tele2-мен серіктестік орнатып отыр. Ал, Тәжікстан үкіметі 2013 жылы Душанбеге "қауіпсіз қала" жүйесін енгізу үшін 22 миллион доллар жұмсады. Бұнда 800-ден астам қытайлық камера монументтер мен парктер тәрізді қоғамдық орындарды бақылайды. Сондай-ақ тәжіктің бес телекоммуникациялық провайдерлерінің бірі - TK mobile Қытайдың иелігінде. Қырғыздың Sky Mobile және Alfa Telecom сияқты жетекші телекоммуникациялық провайдерлері үшін де  Huawei технология жеткізетін негізгі серіктеске айналды", – деп жазады Яо Цзи Ян.

Оның сөзінше, әу баста, Қытай үкіметі мұның барлығын "қауіпсіз қалалар" деп атап, оларды жолдағы қозғалысты бақылауға ғана қолданды. Ал, қазір мұндай технология адамның бет-бейнесін танитын және бүкіл Қытайдан жиналған ақпаратты жеткізетін саяси құралға айналып отыр. Бұған нақты мысал ретінде автор Шыңжаңда орнатылған миллиондаған бейнебақылау жүйесінің азаматтардың қайда жүргенін қалай көріп отырғанын келтіріпті.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу