5G-ден қандай қауіп бар?

11375

2024 жылы әлемде 5G-ге қосылған гаджеттер саны 22 миллиардқа жетпек. 

5G-ден қандай қауіп бар?

Бірақ, қазіргіден 100 есе жылдам сол желінің игілігін көруге үміт еткендер өз алдына, одан соншалықты үрейленіп отырғандар да бар.

Телефон компаниялары қазір 5G сымсыз интернетін қолданысқа енгізіп, мобильдік қызметті өзге инновация әлеміне жетелеуге уәде беріп отыр. Ширек ғасыр бұрын кабельдік теледидар да дәл осылай жүздеген жаңа арнаның өмірге келуіне түрткі болған-ды. Сонымен қатар, 5G жаңа ғаламдық технологиялық бәсекеге жол ашады деген үміт бар.

5G – сымсыз интернет жүйесінің бесінші толқыны. Ол – 2009 жылы пайда болған 4G-дің ізбасары. 5G ізашарынан 100 есе тез жұмыс істеп, жылдамдықты секундына 10 гигабайтқа дейін жеткізеді. Яғни, қолданушы толық метражды фильмді ап-анық күйінде бірнеше секундта-ақ жүктей алады. Бұл желіні интеллектуалдық тоңазытқыштар мен бағдаршамдарға, тіпті иттің қарғысына да қосып, қажетті мәліметті алып немесе жолдауға, жүргізушісіз көлікті қашықтықтан басқаруға болады. Тізбектей берсек, 5G-дің мүмкіндіктері зор.

5G-ді қолдана бастаған елдер бар ма?
Сәуірдің алғашқы аптасында Оңтүстік Кореяның SK Telecom компаниясы мен оның шағын бәсекелестері бүкіл ел аумағында 5G қызметін іске қосты. Ал, Samsung Electronics осы сымсыз интернет желісіне бейімделген телефондарын сата бастады. Өткен аптада АҚШ-та Verizon Communications компаниясы да Миннеаполис пен Чикагода 5G сервисін енгізгенін жариялады. Алайда, бұл кәсіпорында 5G-ге сәйкес келетін телефон әлі жоқ. Сондықтан, оның аса жылдам интернетін Motorola Z3 телефоны бар тұтынушылар ғана қолдана алады. Ал, AT&T компаниясы 5G-ді былтыр желтоқсанда іске қосты. Sprint Corp. болса, мұндай қызметті мамыр айында көрсете бастайтынын мәлімдеп отыр. Болжамдарға қарағанда, әлемде көптеген компаниялар биыл 5G-ге сәйкес смартфондар шығарады. Солардың қатарында Huawei, ZTE, LG, Lenovo, OnePlus бар.

5G қашан "нью нормалға" айналады?
Оған дейін көп уақыт қалған жоқ. Тіпті жаңа интернет инфрақұрылымын шоғырландырып жатқан АҚШ, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай тәрізді елдерде тұрғанның өзінде 5G-ді қазіргі сымсыз ғаламтордың мүмкіндіктеріне жүгінбей-ақ қолдану үшін әлі екі жылдай уақыт қажет екен. Өйткені, бұл интернеттің географиялық қамту аумағын барынша кеңейту үшін шамамен осынша мерзім қажет.

5G-ден қандай қауіп болуы мүмкін?
Бұрынғы желілерге қарағанда 5G-ге бұзып кіру оңай емес. Бірақ, екінші жағынан, оған көп құрылғы қосуға болады. Сондықтан, қазір бұл мәселе үлкен алаңдаушылыққа себеп болып отыр. АҚШ пен бірқатар елдер мамандарының ойынша, Қытайдың 5G жабдығы, чиптері, бағдарламасы басқа мемлекеттерде шпиондық жасауға бейімделуі мүмкін. Тамыз айында Аустралия ұлттық қауіпсіздікті алға тартып, өзінің телекоммуникациялық операторларын Huawei және ZTE компанияларының 5G-мен жабдықтауына тыйым салды. Verizon мен оның бәсекелесі AT&T болса, Huawei телефондарын сату жоспарын доғарып отыр.

Қауіпсіздік үшін тағы қандай шаралар қолданылып жатыр?
Ұлыбритания, Германия, Франция және өзге елдер қытайлық желі жабдықтарын шектеуге бола ма деген мәселені таразылап жатыр. Ал, Трамп Huawei-дің Құрама Штаттарда бизнес жасауына тыйым салғысы келеді. Бірақ, Американың шалғайдағы елдімекендері бұл байланыс құралын арзан көріп, одан бас тарта қойған жоқ.

Қауіп зор ма?
АҚШ-тың Huawei-ге таққан кінәларының қатарында өнеркәсіптік саботаж бар. Америка әкімшілігі өкілдерінің сөзінше, 5G-дің қамтитын аумағы кең болады. Тағы бір алаңдатарлық жайт – бүгінде сымсыз жүйеге телефондар мен компьютерлер тәрізді бірнеше құрылғы ғана жалғанады. 5G тұтынушыларға радиотолқынға бай орта уәде етіп отыр. Ал, сол ортада бір-бірімен байланысатын, мәлімет алмасатын миллиардтаған чиптер, сенсорлар, камералар, электроқұралдар мен электроникалық заттар қызмет етпек.

Швецияның Ericsson компаниясының зерттеуіне қарағанда, 2024 жылға дейін мобильдік желімен тасымалданатын деректер көлемі қазіргіден бес есеге өсіп, 5G әлем халқының 40 пайызын қамтымақ. Сонымен қатар, сол жылы "заттар интернетіне" дүниежүзінде 22 миллиард гаджет қосылады екен.

Huawei не дейді?
Huawei Қытай барлаушыларына байланыс қызметін көрсетеді деген айыптарды қайта-қайта жоққа шығарып келеді. Оның ескертуінше, бұл компанияны еш дәлел келтірмей, "қара тізімге" енгізу – осынау индустрияға зиян тигізіп, жлыдамдығы жоғары технологияның жолын бөгейді. Бұған қоса, компанияның негізін қалаған миллиардер Жэнь Чжэнфэй биыл қаңтарда баспасөз маслихатын өткізіп, Huawei-дің Бейжіңге шпиондықта көмектеспейтінін бас айтты.

Телефон компанияларының пікірі қандай?
Бірқатар, телекоммуникациялық фирмалар ескерткендей, Huawei-дің 5G жабдықтарына тыйым салынса, жаңа сымсыз интернеттің бағасы тұтынушлылар үшін қымбат болуы мүмкін.

"Кез-келген шектеу еуропалық байланыс компанияларының шығындарына "айтарлықтай әсер" етеді. Өйткені, олар 5G енгізуді және оның инфрақұрылымын жасақтауды кешеуілдетуі ықтимал ғой", –  дейді Vodafone Group-тың бас директоры Ник Рид.

Арыстан Рысбек

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу