Қоғамдық мониторинг жемқорлықтың алғышарттарын анықтайды

Сұлугүл Бакесова Сұлугүл Бакесова
3777

Ұлттық бюро мен "Атамекен" КҰП-тың бірлескен бастамасы денсаулық сақтау саласына зерттеу жүргізеді.

Қоғамдық мониторинг жемқорлықтың алғышарттарын анықтайды

Сыбайлас жемқорлық бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Мемлекетімізді жегі құрттай жаулап бара жатқан оны қауіпті індет десе де болғандай. Қалай десек те, онымен күресті күшейту, оның алдын алу және болдырмау белгілі бір құзырлы органдардың ғана емес, қоғам болып айналысатын мәселе. Бірақ, бұл күресте қоғам айтарлықтай белсенділік танытпай отыр. Сол себепті Мемлекеттік қызметтері ісі және сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес агенттігі ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен арадағы ынтымақтастық туралы келісім жасап, соның шеңберінде  сыбайлас жемқорлыққа алғышарт болуы ықтимал жағдайларды сараптайтын қоғамдық мониторинг жүргізуді бастады. Ол денсаулық сақтау саласынан басталды.   

"Өткен жылы 5-ші желтоқсанда жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен ұлттық кәсіпкерлер палатасы арасында жол картасы бекітілді. Оның басты мақсаты – сыбайлас жемқорлық көлемін азайту, алдын алу, мүмкіндігінше болдырмау, себептерін жою. Жалпы 16 салаға қоғамдық мониторинг жүргізу көзделген. Бірінші болып денсаулық саласы таңдалды. Осы салаға қатысты талдау жұмыстарының қорытындысын шығарып отырмыз. Осы саланы мониторингілеу барысында біз бірінші кезекте, нормативті-құқықтық актілерінің заңға сәйкестігін, орындаушылық басқару жұмыстарына, мемлекеттік қызмет көрсету қызметі, қала берді кадр саясаты мәселелеріне талдау жүргіздік" дейді мемлекеттік қызметтері ісі және сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес агенттігі төрағасының орынбасары Алик Шпекбаев.

Оның айтуынша, соңғы он жыл ішінде аталған саланы қаржыландыру бес есеге дейін, яғни нақты сандарды сөйлетсек,  2005 жылғы 190 млрд теңгеден 2016 жылы 1 трлн теңгеге дейін өскен. Алайда осыншама қаржының бөлініп жатқанына қарамастан, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингісінде Қазақстан денсаулық көрсеткіші бойынша 145 ел арасында 111 орынға табан тіреген. Мұндай жағдайдың орын алуына бірінші себепті, агентік өкілі, жең ұшынан жалғасып отырған сыбайлас жемқорлықпен байланыстыруда. 2016 жылы 80 лауазымды тұлғаға қатысты 200-ден астам жемқорлыққа қатысты қылмыстық іс тіркеліп, 22 адам сотталған. Ең көп қылмыстық іс Қызылорда, Павлодар,Оңтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында тіркеліпті.

"Біздің тарапымыздан жүргізілген мониторинг барысында, сыбайлас жемқорлықпен байланысты заң бұзушылықтар медперсоналдарға тестілеу жұмыстарын жүргізетін аттестациялау, тіркеу бөлімдерінің жетекшілері тарапынан анықталды. Сондай-ақ, бюджеттік қаржыны жасанды актілер, құжаттар жасау арқылы жымқырған медициналық орталықтар директорлары, сондай-ақ, мүгедектікке қатысты жалған анықтамалар жасаушы мамандар да бар. Денсаулық сақтау саласындағы ең көп жемқорлық фактілері, бас кеңселердегі қаржылық-шаруашылық қызметтерін жүзеге асырушы лауазымды тұлғалар тарапынан дәрі-дәрмектер, медициналық жабдықтар, тамақтану өнімдерін сатып алуда, кепілді медициналық тегін  қамтамасыз ету қызметтері барысында байқалуда. Жаңа жыл басталғалы екі ай ішінде денсаулық сақтау саласының лауазымды тұлғаларына қатысты агенттік тарапынан 16 қылмыстық іс қозғалды. Ал аймақтық деңгейде жемқорлықтың тамыры жайылғанын бүгінде Павлодар, Маңғыстау,  Оңтүстік Қазақстан облыстары мен Астана және Алматы қалаларынан көреміз. Осы екі ай ішінде, пара беру және алуға, тендерлік сатып алулар барысында өкілеттіліктерін асыра пайдалану сияқты оқиғаларға қатысты қылмыстық іс көп қозғалды. Сондай-ақ, қызметтік этикалық нормаларды сақтамау жайттары ашық қалып отыр. Бұл фактілерге қатысты тәртіптік, әкімшілік жазаға тарту шаралары қолданылды. Десе де, өкінішке қарай, бұл жағдайлар барлық өңірге тән" деп  талдау жұмыстарының қорытындысымен егжей-тегжей таныстырған Алик Жатқамбайұлы қоғамдық мониторинг Ақтөбе және Алматы облыстарына жүргізілгенін атап өтті.

Бұдан кейін денсаулық саласында сыбайлас жемқорлықпен байланысты құқықбұзушылыққа итермелейтін жағдайлар мен себептерді төмендету және жою бойынша жұмыстар қорытындысымен Алматы облысы бойынша жемқорлықпен күрес департаментінің және Ақтөбе облысы бойынша  аймақтық кәсіпкерлері палатасының жетекшілері бөлісті.

Мәселен, ақтөбелік палата жетекшісі Нұрлыбек Мұқановтың айтуынша, Қазақстан денсаулық сақтау саласы бизнес үшін келешегі мол сегмент, оның негізгі қаржыландыру көздері болып республикалық және жергілікті бюджеттер табылады. Меншіктік формасына қарамастан, медициналық ұйымдар мен көрсетілетін медициналық қызметтер деңгейін жетілдіру және сапасын арттыру өз кезегінде еліміздің бәсекеге қабілетті болуының негізгі факторы екенін айта келіп, Мұқанов мырза бұған жеке медициналық ұйымдардың дамуы мен өсу әлеуеті бар болғанда ғана мүмкіндік туатынын жеткізеді. Алайда, қоғамдық мониторинг нәтижелеріне сүйенген ол жеке сектордың мемлекеттік ұйымдармен бәсекелесуі қиындау екенін айтады. Өйткені түйкілдер көп, түйіні шешілмеген мәселе жеткілікті.

"Қазақстанда стационарлық медициналық көмек қызметін 901 медұйым жүзеге асыратын болса, соның 161-і, яғни 18 пайызын ғана жеке меншік ауруханалар құрап отыр. Ал еліміздегі 3149 амбулаторлық-емхана ұйымдарының 30 пайызы ғана жеке меншік еншісінде. ҚР денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызметтерді төлеу комитетінің дерегі бойынша, 2016 жылы мемлекеттік бюджет қаржысы есебінен кепілді тегін медициналық көмек көлемі шеңберінде көрсетілетін қызметқе 288 коммерциялық медұйым қатысты, бұл дегеніміз, мемлекеттік тапсырысқа жалпы қатысушылардың 28 пайызын ғана құрайды", – дейді Нұрлыбек Мұқанов.

Ақтөбе аймақтық кәсіпкерлер палатасының басшысы, тапсырыс берушілер тарапынан медициналық жабдықтарды сатып алу процедураларын әдейі бұзған фактілердің де бар екенін, бұл өз кезегінде отандық тауар өндірушілердің құқығына қысым жасалып отырғанын жасырмады.

Мысалы, ШҚО бойынша денсаулық сақтау басқармасы Бірыңғай дистрибьютордың сәйкес тізіліміне  енгізілген медициналық жабдықты сатып алу міндеттемесін есепке алмай, өз бетімен ресейлік өндірістен шыққан рентген аппаратын сатып алуға қатысты тендер өткізген. Сөйтіп, бұл арада Бірыңғай дистрибьютердің  сәйкес тізіліміне енгізілген  Қазақстанда рентген жабдығын шығаратын жалғыз ғана кәсіпорын "Ақтөберентген" АҚ құқығы бұзылған. Осы сияқты тағы бір екі мысалды тілге тиек еткен палата өкілі осыған ұқсас жағдай Астанада да болып, жүргізілген сатып алулар нәтижесінде ресейлік аппарат отандық тауар өндірушілер өнімінен 40 пайызға қымбатқа сатып алынғанын, ал сапасы жағынан қазақстандық өнімнің көршілес ел аппаратынан бірде-бір қалыспайтынын айтты. 

Аймақтармен бейнеконференция арқылы байланысқан жиын соңында құзырлы орган және ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері денсаулық сақтау саласына қатысты жүргізілген қоғамдық мониторинг нәтижелері бойынша өз ұйғарымдарын жеткізіп, сыбайлас жемқорлыққа алғышарт болатын себеп-салдарды жіктеп беруге тырысты. Және де осы кемшіліктерді түзетуге нақты мерзімдер белгіленіп, ал жеңнен ұштасатын жемқорлық белгілері жойылмаған жағдайда қатаң шаралар қолданылатынын да ескертті.

Сұлугүл Бакесова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу