Қой еті Қытайға жөнелтіледі

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
4126

Қазақстан екінші жартыжылдықта қой етін Қытай нарығына экспорттауға ниетті.

Қой еті Қытайға жөнелтіледі

Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімін Қытай нарығына өткізу белең ала бастаған сыңайлы. Осыдан он жыл бұрын ғана бұл нарықтың келешегі мен сыйымдылығы туралы ғана айтылып келген, бірақ іс жүзінде сынақ үшін ең аз партияларды жеткізген болса, бүгінгі күні сатылатын өнім түрі кеңейіп келеді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева үкіметте өткен брифингте сәуір айының үшінші он күндігінде Қазақстанға ҚХР-дың сапаны қадағалау, инспекция және карантин жөніндегі бас басқармасының (СҚИКББ) мамандары келетінін айтты. Қытайлық мамандар тамақ қауіпсіздігі жүйесін тексерсе, еліміздің мамандары қой етін өңдейтін кәсіпорындарды тексермек.

"Қазақстанның өтінімі кезектен тыс басымдықпен қаралды. Оның үстіне СҚИКББ рұқсат алу рәсімдерін қысқарту мақсатында Қазақстан үшін екі кезеңнен тұратын инспекциялық тексеруді біреуге біріктірмекші. Биылғы жылдың екінші жартыжылдығында қой етін экспортқа шығару басталады деп үміттенеміз", – деп баса айтты Гүлмира Исаева.

Сонымен бірге дәнді дақылдарды импорттауға рұқсат берілетін кәсіпорындар тізілімін кеңейту бойынша Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі мен СҚИКББ арасында ортақ жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі 100 мың тонна қазақстандық бидайды жеткізуге арналған квота көлемін 500 мың тоннаға дейін арттыру жөнінде келессөз жүргізілді және болашақта жақсы тәжірибе жиналса жақын арадағы үш жылда квота көлемін миллион тоннаға дейін көбейту мәселесін қарастыру жоспарлануда. Квотаның 90% иемденуші қытайлық "КОФКО" компаниясы, вице-министрдің айтуынша, Азық-түлік корпорациясының жұмысымен танысу үшін Қазақстанға келіп, квота мәселесін талқылауға әзір.

"Қазақстан органикалық ауыл шаруашылығы өнімдерін өсіру мен жеткізу бойынша әлеуеті жоғары болғандықтан, Бүкіләлемдік ауыл шаруашылығы азық-түлік ұйымы мен Қытайдың ауыл шаруашылығы министрлігінің техникалық көмегі арқылы біздің өнімді сертификаттау үшін халықаралық сарапшылар жіберіледі деген келісімге қол жеткіздік", – деп мәлімдеді вице-министр.

2020 жылға қарай майлы дақылдар бойынша квота көлемін 42 мың тоннадан 120 мың тоннаға дейін көбейту туралы келісім бар. 2017 жылдың соңы мен 2018 жылдың басында қызанақты өңдеу жөніндегі зауыт салу жоспарда тұр – бұл Қазақстан-Қытай арасындағы ортақ кәсіпорын болмақ. Айта кетерлігі, ортақ жобалар жасауға қазақстандық кәсіпорындар ғана емес, қытайлықтар да қызығушылық танытып отыр.

"Жыл сайын Қытай тек азық-түлік өнімдерін 117 млрд долларға сатып алады. Ет өнімінің өзі ғана жыл сайын 1 млрд долларға сатып алынады. Біз үшін, қазақстандық бизнес үшін, бұл үлкен мүмкіндік, – дейді "Атамекен" КҰП басқармасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев. – Қытайдың бизнесі де ет өнімдері, дәні дақылдар, ара өсіру шаруашылығының өнімдері, жем-шөп өндірісіне ерекше қызығып отыр".

КҰП өз тарапынан Қытай нарығына шығуға ниет білдіріп отырған ауыл шаруашылығы өндірушілеріне қолдау көрсетуге дайын. Палатаның сайтында арнайы бөлім жасалған, әлеуметтік желілерде "Қытайға экспортта" атты парақшалар жұмыс істейді, онда ҚХР-дың қоятын талаптары мен стандарттары орналастырылған, ал Ұлттық палатаның мамандары өтінімді рәсімдеп, инспекцияның тексеруіне дайындалуға жәрдемдеседі.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі алдағы уақытта отандық кәсіпорындарды қытайлық нарыққа енгізу рәсімін жеңілдетуге үмітті. Егер бүгін ол үшін қытай мамандарының келгенін күту керек болса, ендігі жерде тексеруді отандық мамандар өткізеді деп үміттенеді АШМ.

"Жалпы жүйеге (азық-түлік қауіпсіздігіне) баға беріледі және болашақта біз Қытайдың ветеринария қызметімен бір келісімге келеміз деп ойлаймын, не біздің ветеринария қызметінің кепілдігімен, не жүйеміздің тексеруден өту қорытындысынан кейін кәсіпорындарымызды өзіміз аттестаттап, тізілімге енгізуге мүмкіндік аламыз деп үміттенемін. Осындай жұмыс өзге елдермен, мысалға, ЕАЭО аясында іске асырылуда", – деп баса айтты вице-министр.

Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу