Көлдің түбін тазаламаған қос вице-министрдің түбіне көл жете ме?

2256

Щучинск-Бурабай курорттық аймағының су жобаларына миллиардтап қаржы құю жалғасуда.

Көлдің түбін тазаламаған қос вице-министрдің түбіне көл жете ме?

Inbusiness.kz бұған дейін Энергетика министрінің істі болған экс-вице-министрі Анатолий Шкарупаға қатысты бірнеше рет жазды. Дегенмен бұрынғы бас энергетиктің басқа орынбасарлары Ғани Сәдібеков және Бақытжан Жақсалиев қылмыстық қудалануда. Олардың ісіне нүкте қойылатын күн жақын қалғанға ұқсайды.

Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр аудандық сотында бұрынғы вице-министрлерге қатысты атышулы қылмыстық істі қарау қайта жалғасты. Үкіметтің биік лауазымды экс-мүшелеріне Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы Қарасу көлін тазалау кезінде бюджет қаржысын ұрлады деген айып тағылып отыр.

Бұл іс бойынша бұлардың сыртында, Энергетика министрлігінің Қалдықтарды басқару департаментінің директоры Жан Нұрбеков, мердігер ұйымның – "Аймақ" ЖШС басшысы Даурен Дуанбек, мердігердің өкілдері Серік Жұмалинов, Бекзат Қадірберлин, Нұрлан Ғарифолла және Берден Жаркенов күдікті ретінде танылды

Биылғы 6 қазанда осы іс бойынша сотта жарыссөз басталды.

2015 жылы ел басшылығының тапсырмасы бойынша Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы Қарасу көлін балшық пен тұнбадан тазарту жұмыстары қолға алынған. Энергетика министрлігі тендер жеңімпазы және мердігермен келісімшартқа қол қояды.

Прокурорлардың айтуынша, құжат жүзінде бәрі жақсы болған, күмән тудырмапты. Жұмыстар уақытында орындалған, бюджеттен бөлінген қаражат дер кезінде игеріліп отырған. Алайда шын мәнінде жұмыстардың бір бөлігі сол бойы мұрты бұзылмай тұрған. Орындалған жұмыстар көлемін құжаттарда асыра көрсету үшін балшық-тұнба су күйінде тасылатын болған. Сонымен бірге орындалған жұмыстардың көлемін асыра көрсеткен. Жұмыстардың құнын өсіріп жіберген.

Күдік тудырмау үшін мердігерлер актілердегі цифрларды, көрсеткіштерді қолдан көркейтіп отырған деседі.

2015 жылы жоба бірқатар кедергіге тап болып, уақытша тоқтатылыпты. Себебі сол жылы қыс ерте түсті, сондай-ақ саммитке жиналған одақтас елдердің президенттері Бурабайда демалғаны мәлім. Көл түбін тазалау жұмыстары 2016 жылы жалғасты.

Айыптау актісінде айтылғандай, Энергетика министрінің экс-орынбасары Ғани Сәдібеков көлдегі тиісті жұмыстардың орындалмағанын біле тұра, орындалған жұмыстар актісіне қол қойып отырған. Тергеушілер бұл актілерді "жалған" деп таныпты. Прокуратура бұрынғы вице-министр ел бюджетінен ақша ұрлау үшін мердігермен мәмілелесті және сонымен тізе қоса қимылдады деген байламға келіпті. 

"Жауапты мемлекеттік қызметті атқаратын тұлға ретінде Сәдібеков алдын ала әзірленген қылмыстық жоспарға сүйеніп, қылмыстық мәміле жасап, қызметтік кабинетінде орындалған жұмыстар актісіне әдейі қол қойған. Ол жұмыстардың құны 7,6 миллиард теңгеге дейін заңсыз өсірілгенін алдын ала білген. Ол қылмыстық әрекеттің ұйымдастырушысы және орындаушысы", – деп мәлімдеді прокуратура. 

Басқа Экс-вице-министр Бақытжан Жақсалиев те орындалған жұмыстардың жалған актісіне қол қойды деп айыпталуда.

Прокуратураның тұжырымдауынша, биік лауазымды күдіктілердің әрекеттерінен 2014 жылдан 2017 жыл аралығында мемлекетке жалпы сомасы 2,6 миллиард теңге сомасында шығын келтірілген.

Прокурорлар не сұрады?

Айыптаушы тарап судьядан сотталушыларды кінәлі деп тануды және оларды әртүрлі жазаға тартуды сұрады.

Біріншіден, қадағалаушы орган экс-вице-министр Б. Жақсалиевті 8 жылға бас бостандығынан айырып, өмір-бойы мемлекеттік қызметке тұру құқығынан, сондай-ақ "Құрмет" орденінен айыруды ұсынып отыр.

Екіншіден, прокурорлар экс-вице-министр Ғ. Сәдібековты 10 жылға соттап, дүние-мүлкін тәркілеуді, мемқызметке орналасу құқығынан мәңгілікке айыруды өтінді.

Үшіншіден, егер сот айыптаушы тарапты жақтаса, онда департамент директоры Ж. Нұрбеков тоғыз жылға темір торға қамалып, оның барлық мүлкін мемлекет тартып алуы ықтимал. Бұл жағдайда ол енді шенеунік атана алмайды.

Төртіншіден, құзырлы орган "Аймақ" ЖШС басшысы Д. Дуанбектің бүкіл мүлкін тәркілетіп, оның 10 жылға абақтыға қамалуына қол жеткізбек.

Бесіншіден, прокурорлардың ұстанымынша, мердігердің өкілдері С. Жұмалинов пен Бекзат Қадірберлиннің әрқайсысы жеті жылға бас бостандығынан және дүние-мүліктерінен айырылуға тиіс. 

Алтыншыдан, қадағалаушы орган Жаркеновті сегіз жылға соттап, мүлкін конфискациялауды сұрап отыр. Ол осыдан кейін техникалық қадағалаумен байланысты қызметпен айналыса алмай қалуы мүмкін.

Жетіншіден, Н. Ғарифолла айыбын мойындап, тергеушілермен жұмыс істеген, сондықтан ол жазалаудан босатылуы мүмкін.

Прокуратураның пікірінше, сотталушылар орташа қауіпсіздіктегі колонияларда жазасын өтеуге тиіс. Прокурорлар сондай-ақ Жақсалиевті, Сәдібековты және сыбайластарын сот залында қамауға алуды сұрады.

Айта кету керек, бюджеттен ірі ақша ұрлау қылмысы бойынша Энергетика министрінің қос орынбасарының күдіктіге айналғаны туралы хабар 2018 жылы тарады. Сол жылы тұтқындалған вице-министрлердің бірі – Жақсалиев 740 миллион теңге, екіншісі – Сәдібеков одан да қомақты, яғни бір миллиард теңге бюджет қаражатын ұрлады деп айыпталды. Коррупциямен күресуші орган ақпарат құралдарына екі ірі шенеунікті ұстау, тінту және "ұрланған" қаражатты тәркілеу түсірілген жедел видеожазбаларды таратты.

Алайда 2020 жылы бұзушылықтарды жоюы үшін сот істі прокурорға кері қайтарған. Бұл іс бойынша тыңдаулар биылғы жылы қайта басталды.  

Жалпы алғанда Щучинск-Бурабай курорттық аймағында су қоймаларын тазалауға 16 миллиард теңгедей бөлінген. Бірінші кезекте тазалық Щучье және Бурабай көлдерінде жүргізілуге тиіс болды. Ал Қарасу – осы аудандағы үшінші аса ірі су қоймасы. Онда тазалау және санация 2020 жылға дейін толық аяқталуы шарт еді. Бірақ жоспар орындалмады.

Дегенмен жергілікті мамандардың айтуынша, биылғы жылы осы аймақтағы сулар табиғи түрде өздігінен молығуда. Нәтижесінде, оның жағалауында орналасқан шипажай-қонақүйлердің іргесін су шайып, жертөлесі суға толып, әбігерге түсірген көрінеді.

Көпмиллиардтық келесі жоба не болды?

Щучинск-Бурабай курортындағы су жобаларына бюджеттен мол қаржы салу жалғасуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі таяуда "Ақмола облысының облыстық бюджетіне Щучинск-Бурабай курорттық аймағының сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін салуға және реконструкицялауға берілетін нысаналы даму трансферттері" атты бюджеттік бағдарлама жобасын жариялады.

"Бюджеттік бағдарламаның мақсаты – Бурабай ауданының Қатаркөл және Щучье көлдерінің айналасында орналасқан балалар сауықтыру орталықтары мен өзге сауықтыру орталықтарын сумен жабдықтау және су бұру желілерін салу. Осы арқылы Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамытудың 2017–2020 жылдарға арналған (ІІІ кезең) жоспарына енген іс-шаралар жүзеге асырылады. Нәтижесінде, Щучинск-Бурабай курорттық аймағында тынығушылар сапалы сумен және су бұру қызметтерімен қамтамасыз етіледі", – деп түсініктеме берді министрлік.

Жоба аясында 12,3 шақырым ауыз сумен жабдықтау және кәріз желілері тартылады. Соның ішінде 2021 жылы – 4,1, 2022 жылы – 4,1 шақырымы салынуға тиіс.

Жыл аяқталып қалды, демек бұл жоба да ары жылжитын болса керек. Осының дәлеліндей, бюджеттік бағдарлама жобасында 2021 жылға – 2 млрд 710,5 млн теңге, алдағы 2022 жылға – 5 млрд 321,5 млн теңге бөлу жоспарланған. 2023 жылға 3 млрд 310,4 млн теңге қарастырылыпты.

"Ашық бюджеттер" мемлекеттік порталының дерегіне жүгінсек, дәл осы жоба 2020 жылы басталған екен. Осылайша, былтыр 678 миллион теңгедей игеріліпті. Бұл ретте өткен жылы бюджетті оңтайландыру аясында жоба бюджеті 100 млн теңгеге азайтылған. 700 миллиондай қаражат есебінен курорт-өлкені сумен жабдықтау және кәріз жүйесін қалпына келтіру бойынша 1 нысан құрылысы жүзеге асырылған көрінеді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу