"Колгейт-Палмоливке" тексерушілер аттануы мүмкін

17870

Ол енді "тәуекелдің жоғары дәрежесіне" жатқызылды.  

"Колгейт-Палмоливке" тексерушілер аттануы мүмкін

Осыған орай әлемдік атақты компания Қазақстанның Қаржы министрлігіне шағыммен жүгінді. Өйткені сабын, сусабын, тіс пастасы мен мәуесегі, сондай-ақ үй жануарларына арналған азық-жем мен тұрмыстық химия түрлерін шығаратын халықаралық компанияның еліміздегі бөлімшесі барлық салықтарын уақытылы төлеп келіпті.

"Қазақстанның Мемлекеттік кірістер комитеті "Колгейт-Палмолив Қазақстан" ЖШС-ын 2020 жылғы бірінші жартыжылдықта тексерілуге тиіс компаниялар тізіміне енгізіп қойыпты. Бұл ретте тәуекелдің жоғары дәрежесі берілгені көрсетілген. Сондықтан мұндай дәреженің қандай негізде бекітілгенін түсіндіруді сұраймыз. Себебі, күні бүгінге дейін салық төлеушілер кабинетінде тәуекелдің төмен дәрежесіне иеміз", – деп қайран қала сұрайды жауапкершілігі шектеулі серіктестік қаржы ведомствосына хатында.

Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Марат Сұлтанғазиев бұл жерде ешқандай қателіктің жоқтығын айтады. Дегенмен, бұл шағымды қосымша бақылауға алғанын да жеткізді.

Жалпы, салық органдары алым-салық төлеудегі адалдығы не арамдығына қарай салықшыларды үш санатқа – тәуекелдің төменгі, орта және жоғарғы дәрежелісіне бөлетіні мәлім. Осы мақсатта бизнесмендердің қалай бағаланатыны, қандай өлшемшарт-критерийлер қолданылатыны Салық кодексінің 136-бабында жазылған.

Ал егжей-тегейі қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы №252 "Құпия ақпарат болып табылмайтын өлшемшарттар бойынша тәуекелдерді басқару жүйесін қолдану қағидаларын бекіту туралы" бұйрығында нақтыланады. Кәсіпкерлер өзара оны "ТБЖ бұйрығы" (приказ СУР, система управления рисками) деп атайды.

Ол бойынша "қауіптіліктің" төменгі дәрежесіне ие кәсіпкерлерді салықшылар еш мазаламайды. Ал "жоғарғысын" ұдайы бақылауда ұстайды, дүркін-дүркін "ревизорлар" жіберіп, армансыз тексереді.

МКК басшысы 2019 жылдың екінші жартысында "Колгейт-Палмолив" тәуекелдің төменгі дәрежесіне жатқызылғанын растады. "Салық төлеуші кабинеті" web-қосымшасында да сол ақпарат жарияланған.

"Алайда осы айтылған санаттау сыртында, мемкірістер органдары салық төлеушілерді салықтық тексеруге іріктейді. Ол іріктеу кезінде тәуекелдің дәрежесі Қаржы және Ұлттық экономика министрлерінің 2018 жылғы 28 қарашадағы №1030 бірлескен бұйрығына сәйкес бағаланады. Осы бірлескен бұйрыққа сай бизнес нысанының тәуекел дәрежесінің жалпы көрсеткіші тек құпия ақпарат болып табылмайтын өлшемшарттар бойынша ғана емес, сонымен қатар құпия ақпарат саналатын өлшемшарттар бойынша да анықталады", – деп түсіндіреді Марат Сұлтанғазиев.

Сөз болып отырған құжаттың 8-тармағында бизнес нысанының "ықтималдық көрсеткіші 51%-дан артық болса, жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылатыны" атап көрсетілген. "Тәуекел дәрежесінің неғұрлым жоғары ықтималдылық көрсеткіші барларға" салықтық тексерулер тағайындалады.

"Есептеулер нәтижесінде, "Колгейт-Палмолив Қазақстан" ЖШС бойынша ықтималдылық көрсеткіші 51%-дан асып кетті. Сәйкесінше, ол салықтық тексерудің нысаны ретінде тәуекелділіктің жоғары дәрежесіне жатқызылып отыр. Осылайша, "Колгейт-Палмолив Қазақстан" ЖШС-ын 2020 жылғы І-жартыжылдықта ерекше тәртіп бойынша салықтық тексеру жүргізу кестесіне енгізген мемлекеттік кірістер органының іс-әрекеті негізді болып есептеледі", – дейді Мемкірістер комитетінің төрағасы.

Ол мұндай қатаң шешім қабылдауға нақты қандай "құпия ақпарат" ықпал еткенін ашып айтпады. Бірақ жақын арада халықаралық беделді компанияға тексерушілер тобы сау ете қалуы ықтимал.

Мамандар қандай да бір компанияның осы "қара тізімге" ілігуіне әсер етуі мүмкін кейбір себептерді атады. Мысалы, біріншіден, жеке кәсіпкерлік жеңілдетілген түрде қызметін тоқтататынын жарияласа, екіншіден, компания қосылған құн салығы бойынша тіркеу туралы өтініш берсе, үшіншіден, салықтық есеп ұсынуды уақытша тоқтатса, төртіншіден, салығын уақытылы төлемесе, бесіншіден, салықтық қарызы мәжбүрлі түрде өтелсе, сол қатарға қосылады.

Әділет министрлігінің борышкерлер реестріне жүгінсек, "Колгейт-Палмолив Қазақстанға" қатысты әр жылдары борышты өтеу жөніндегі 3 атқару өндірісі ашылыпты. Рас, сомалары сонша көлемді емес. Бірақ салықшылар жазалайын десе, 1 теңге үшін де жауапкершілікке тарта беретінін тіпті қарапайым адамдар жақсы біледі.

2014–2016 жылдарды қамтыған атқару өндірістерінің барлығында "өндіріп алушы" ретінде мемлекет көрсетілген. Біріншісінде 18 мың 520 теңге, екіншісінде – 9 мың 260 теңге, үшінші атқару өндірісі бойынша 74 мыңдай теңге айыппұл мемлекет қазынасына түсуге тиіс болған. Алайда атқару құжаты кінәраты табылып, кері қайтарылған. Барлық құжаттар бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында рәсімделіпті.

Бірақ компания Алматы қаласында тіркелген. Бас директоры Манафли Вугар (Vugar Manafli) 2010 жылдан бері Орталық Азияда қызмет атқарады. Бастапқыда компания атынан Өзбекстанда еңбек етсе, кейін Қазақстанға ауысқан.

Мемкірістер комитетінің дерегінше, компания өзі төлейтін салығының көлемін жыл сайын арттырып келеді. Мысалы, 2014 жылы – 582 млн 645,1 мың теңге, 2015 жылы – 488 млн 339,4 мың теңге салық төлеген. 2016 жылы бұл көрсеткішті 1 миллиард теңгеден асырыпты. 2017 жылы ел қазынасына 1 млрд 330 млн теңге, 2018 жылы 1 млрд 365,6 млн теңге салық аударған. Өткен жыл бойынша әзірге мәлімет жоқ.

Жанат Ардақ

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу