Көлгінов мамандардың өзге өңірлерден астанаға миграциясын бастамақ

2211

Мегаполиске маман жетіспей жатыр, кәсіпкерлер жұмыс күшін Пәкістаннан шақыруға рұқсат сұрауда.

Көлгінов мамандардың өзге өңірлерден астанаға миграциясын бастамақ

Кез келген елдің астанасының тартылыс күші болады. Шетелдіктерді айтпағанның өзінде, сол мемлекеттің білікті мамандары, келешегінен үміт күттіретін дарындары бас қалаға лек-лекпен ағылады. Сондықтан басқа-басқа, Нұр-Сұлтан қаласы маманнан тарықпауға тиіс еді. Бірақ іс жүзінде олай болмай шықты. Мұның анық-қанығын Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы хабарлады.

"Қазіргі уақытта қала білікті мамандар тапшылығына тап болды. Сұранысқа ие мамандықтар тізбесі – үлкен, сан-салалы: оған сервис және қызмет көрсету, білім беру, медицина, құрылыс, коммуналдық шаруашылық, көлік, өндіріс, энергетика, байланыс, телекоммуникация, ақпараттық технологиялар секторлары кіреді. Бұл тізім елордалық еңбек нарығының қажеттіліктеріне сай анықталып отыр. Тиісті ақпаратты қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау, Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау, Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармалары, сондай-ақ қалалық кәсіпкерлер палатасы ұсынды", – деп мәлім етті ведомство.

Меморганның талдауы бойынша бұл проблеманың пайда болуына бірнеше фактор ықпал етуде. Біріншіден, елордалық университеттердің, колледждердің түлектері оқыған мамандығы және меңгерген біліктілігі бойынша жұмыс істемейді. Екіншіден, жұмыс берушілер тарапынан кадрларға қайтадан үлкен сұраныс пайда болды. Үшіншіден, өзге өңірлерге қарағанда астаналық мектеп түлектерінің кәсіптік бағдарлану деңгейі төмен. Оның үстіне олар жұмысшы мамандықтарына барғысы келмейтін көрінеді.

Астанаға қанша маман шақырылуы мүмкін?

Елордалық Білім басқармасының дерегінше, қазіргі кезде бас қалада келесі бағыттар бойынша кадр тапшылығы қалыптасқан: білім беруде – 8 040, сервис, экономика және басқару саласында – 3 043 адам, өндіріс және механика, технологияда – 2 711, құрылыс, коммуналдық шаруашылықта – 1 697, медицинада – 1 528, көлікте – 1 326, ақпараттық жүйелер, байланыс және телекоммуникацияда – 1 170, өнер, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдарда – 696 адам жетіспейді.

Сондықтан әкімдік білікті жұмысшы кадрларға қатысты тапшылықты жоюдың бірнеше жолын қарастыруда.

Бірінші тәсіл бойынша республиканың басқа өңірлерінен Нұр-Сұлтанға дайын мамандарды тарту көзделіп отыр. Бұл жағдайда өзге өңірлерден шақырылатын мамандарды жерсіндіру үшін оларды астанада тұрғын үймен қамтамасыз ету қажет болады. Бұл бағдарлама мегаполис тұрғындарының өсуіне әкеледі. Сондай-ақ олардың елордаға көшу шығындарын бюджеттен өтеу ұсынылып отыр.

Екінші әдіске сәйкес, мемлекеттік білім грантынан тыс жеңілдікті білім кредитін және студенттік несиелерді бөлу мәселесі пысықталуда. Бірақ бұл амалды сарапшылар құптамаған көрінеді.

Себебі жеңілдікті кредитпен оқығандар қалада тек білім несиесін өтеу кезеңінде ғана қалып, содан кейін кетіп қалуы мүмкін. Оның үстіне түлектердің білім беру несиелерін қайтармау тәуекелі бар. Студенттердің борыш батпағына батуы "қоғамдағы әлеуметтік шиеленісті күшейтеді".

Сол себепті республиканың басқа өңірлерінен дайын маманды тарту тиімдірек көрінеді. Нұр-Сұлтанға қайта қоныстанушыларға тегін кәсіптік білім, атап айтқанда қалаға қажетті жұмысшы мамандығын меңгеру мүмкіндігі ұсынылмақ.

Бұл тәсіл биылдан 2025 жылға дейінгі аралықта жүзеге асырылады деп күтілуде. Бастапқы кезеңде қаржыландыру мәселесі шешімін табуы, тиісті нормативтік құқықтық актілер әзірленуі керек.

Енгізуге және қойылған индикаторларға қол жеткізілуіне бағалауды жүзеге асыруға жауапты уәкілетті орган ретінде Нұр-Сұлтан қаласының Білім басқармасы белгіленіп отыр.

"Пәкістаннан шақырудан басқа амал қалмай тұр"

Айта кету керек, бұл проблема барлық мегаполистерімізге тән. Олардың бәрі жақсы әлеуметтік пакеттер ұсынып, өзге өңірлерден дайын мамандарын тартып ала бастаса, ауыл-аймақта білікті маман қалмауы мүмкін. Өз кезегінде кәсіпкерлер басқа тәсілді ұсынады. Ол пандемияға дейінгі жылдардағыдай мигранттардың еркін келіп, жерсінуіне жол ашуды қарастырады.

Бизнесмен Айнұр Жанмағамбетова жеке үйді тігін цехына айналдырыпты. Онда балалар киімін тігумен айналысады. Кәсіби тігін жабдықтарын сатып алып, цехты тиісінше жарақтандырған. Әсіресе, қыз балалардың әдемі көйлектеріне сұраныс жоғары екен. Бір проблема бар. Азаннан қара кешке дейін шүмектеп тер төгуге дайын жұмысшы тапшы. Шағын кәсіпкер болғандықтан аса жоғары еңбекақы ұсына алмайды. 

"Бизнесіміз жақсы жүруде. Тек табиғи биязы жүннен жасалған жіптен тоқылған маталарды ғана қолданамыз, сапасы жоғары, әрі денеге де жағымды. Алайда біздің басты қиындығымыз сол, тігіншілер жетіспейді. Тігіншілер бүкіл Қазақстан бойынша тапшы! Осыған орай Пәкістаннан жұмыс күшін тартқымыз келеді. Саладағы біраз бизнесмен соны қалап отыр. Ол елде нағыз шеберлер қаптап жүр. Әрі еңбегі арзанға түседі. Үкімет бізге оларды көптеп тартуға рұқсат берсе тамаша болар еді", – дейді А. Жанмағамбетова.

Оның байламынша, пәкістандық ісмерлер елге келсе, қазақстандық жеңіл өнеркәсіп көтерілуі мүмкін. Сондай-ақ олар жергілікті мамандарды тігін өнерінің қыр-сырына үйретеді деген үміт бар. Себебі киім тігу және сән индустриясындағы қаншама әлемдік брендтер Пәкістанда өз өндірісін өрістетіп жатыр. 

Бизнесмен осы идеясымен әкімдікке жүгінгенін айтады. Бірақ ондағылар шетелдік жұмыс күші қазір қатаң реттелетінін, квотаға ілікпегендіктен пәкістандық мамандарды шақыруға тыйым салынғанын жеткізіпті.

"Негізі, бұл өте перспективті, басымдықты сала. Адамдар әрқашан киім киеді, тұрақты сұраныс болады. Бізге мемлекеттің көмегі қажет. Мемлекет өз есебінен мейлінше көп жасты тігін тігуге, пішуге, сәнді киім үлгілерін дайындауға үйретсе жақсы болар еді. Біз хабарландыру беріп, тегін оқытатынымызды айтып, өз бетімізше іздеп көрдік. Ынтығып тұрғандарды таппадық. Жастар қиынсынады, үйренгісі келмейді, әйелдер үйінде баласымен отырғанын, көп уақыты жоғын айтып, сылтауратады. Еркектер әйелдің ісі деп, тігінші болып жұмыс істеуге ұялады. Бізге өзге елдерден жұмысшы тартқаннан басқа амал қалмай тұр", – дейді кәсіпкер.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу