Көлгінов пен Сағынтаевқа билігі жүретін алып мекеме құрылмақ

4886

Қазақстан Ресей мен Қытай таңдаған жолға түсуі мүмкін. 

Көлгінов пен Сағынтаевқа билігі жүретін алып мекеме құрылмақ

Агломерацияларды дамыту жайында айтылғанына он жылдай уақыт өтті. Бастама ілгері жылжитын емес. Себебі әр өңірдің өз әкімі бар және олар жұрт көзінше бір-біріне күлімсіреп, қол алысқанымен, іштей бір-бірін жақтыра бермейді. Осылай үнсіз саботаж жасалуы мүмкін. Бір әкім екіншісін өз аумағына билік етуге жібергісі келмейді.

Енді жағдай өзгермек. Президент Қ. Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 55-тармағына сәйкес, Ұлттық экономика министрлігі ел тарихында алғаш рет "Агломерацияны дамыту туралы" жеке заң жобасын әзірлеп жатыр.

Бірден айталық, жаңа құжат жаңа меморганды – орталық деңгейде "Агломерацияларды басқару жөніндегі ұлттық кеңесті" (қысқаша атауы – Ұлттық кеңес) құруды қарастырады. Бұған қоса, құрылымдық бөлімшелер болады деп күтілуде. Атап айтқанда, жергілікті деңгейде – "Агломерацияның жергілікті кеңесі" және "Агломерацияны дамыту орталығы" құрылмақ. Сондай-ақ қалалық агломерацияларды басқару жүйесі қалыптастырылады.

Бірақ бұл қазақстандық шенеуніктердің тосыннан ойлап тапқан басқарушылық инновациясы емес. Бас экономист Әсет Ерғалиевтің командасы көршілердің және алыс шетелдің үлгісін алғалы отырғанын жасырмайды.

Мысалы, солтүстік көршіде нән сағатты Кремль үшін астананы кеңейтуде және көркейтуде Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің ұсынысы мен ұстанымы басымдыққа ие екені мәлім. Сонымен қатар таяуда Ресейде "Қалалық агломерациялар туралы" федералды заңы әзірленіп, қазір қабылдануға дайындалуда. Ол агломерация орталығы саналатын ірі мегаполистер мэрлерінің құзыретін күшейтеді. Құжат қалалық агломерациялардың қалыптастырылуы мен қызмет етуінің құқықтық және ұйымдастырушылық шарттарын бекітеді.

Қытай да ірі қалалар айналасындағы көршілес муниципалитеттер арасындағы іс-әрекетті үйлестіру тетіктерін енгізуге кірісті. Жуырда ҚХР-да "жалпыұлттық нұсқаулық" әзірленген. Бұған дейін оған қажеттілік болмапты. Себебі шың елінде әрбір муниципалитет онсыз да ірі, оның біреуіне Қазақстан халқы тұтас сиып кетер еді. Тиісінше, олар онсыз да агломерацияның бүкіл аумағын тұтас қамтитын. Дегенмен екінші, тіпті үшінші бала тууға рұқсат етілумен бірге Қытай халқының жылдам өсуі болжануда. Тиісінше, агломерациялар енді суперагломерацияға айналып, әріде орналасқан әртүрлі қалалар мен ауылдарды, тіпті фермалар мен егістіктерді жұтып қоятынға ұқсайды. Сондықтан бұл іс орталықтан үйлестірілмек.

Қазақстан агломерациялық дамуды орталықтандырылған түрде үйлестіруге көшеді. Себебі Ақмола облысы үшін Целиноград ауданы – аймақ шетіндегі өлке саналады. Ал Нұр-Сұлтан үшін бұл іргелес аумақ. Нәтижесінде, Ақмола облысы жерінің бір бөлігі елордаға ауысатын болса, инфрақұрылымы артта қалған, дамымаған елді мекендер және олармен бірге проблемалар көшеді.

Екі әкімнің "басы" бір агломерацияға сия ма?

Егер бірыңғай агломерациялық даму үлгісі болса, ірі мегаполистерге қоңсы қонған өлкелерді дамытудың да бірыңғай жоспары болатын еді. Мысалы, жаңа заң жобасында агломерация аясында "бірыңғай қала құрылысын жоспарлауды қамтамасыз ету" қарастырылмақ. Бұл заңнамалық жаңашылдықтар қабылданса, Алматы облысының жаңа әкімі Қанат Бозымбаевқа кейбір мәселеде Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевқа бағынуға тура келуі ықтимал.

"Халықаралық тәжірибеге сәйкес, агломерацияға кіретін аймақта тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін ірі қалалар мен іргелес аудандарды келісімді дамыту жүзеге асырылады. Осы тәжірибеге сәйкес, "Қазақстан астанасының мәртебесі туралы" заңы бойынша Нұр-Сұлтан әкімдігінде облыс құрамына кіретін қала маңындағы жерлердің сәулет және құрылыс саясатын әзірлеуге қатысу функциялар бар. Ал Алматы әкімдігінің мұндай функциялары жоқ. Салдарынан, қала маңы аумақтарындағы сәулет және қала құрылысы қызметі Алматы әкімдігінің келісімінсіз жүзеге асырылады, бұл теріс салдарға соқтырады", – деп түсіндірді Ұлттық экономика министрлігі.

Мысалға, Алматы әуежайы айналасындағы жерлерді облыстың Талғар ауданының әкімдігі жаппай сатып жіберген, іс сотқа дейін жетті.

Жаңа заң жобасының өзге де жаңалықтары жетерлік. Нақтылай кетсек, мегаполистердің әкімдеріне шетелдік сыртқы нарықтарға шығып, өз бетінше қарыз қаражат тартуына рұқсат етпек. Бұл не үшін керек?

Экономика ведомствосының мәліметінше, "Жаңа Алматыны" салудың кешенді жоспары қолға алынды. Сондай-ақ Алматы агломерациясын дамыту жөніндегі өңіраралық жоспардағы пилоттық жобаларды іске асыру бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

"Бұлардың бәрі – инфрақұрылым, экология, көлік, цифрландыру, басқа салалардағы кең ауқымды жобалар. Бұл өршіл міндеттер ұзақ мерзімді, үздіксіз және ауқымды қаржыландыру арқасында ғана жүзеге аса алады. Қала бюджетінің кірістерін осындай мол капиталды қажет ететін жобаларға бағыттау мүмкін емес. Оның үстіне қазіргі уақытта жергілікті әкімдіктердің сыртқы қарыз алуы бюджет заңнамасымен шектелген", – деп түсініктеме берді Экономика министрлігі.

Мысалы, "Жергілікті атқарушы органдар борышының 2021 жылға арналған лимиттеріне" сәйкес, барлық өңір ішінде дәл осы Алматыға ең көп қарыз – 268 миллиард 579,1 миллион теңге заем алуына рұқсат етілген. Салыстыратын болсақ, Нұр-Сұлтан әкімдігіне 204,9 млрд, ал Шымкент әкімдігіне 119,3 миллиард теңге қарыз алуына жол ашық. Бірақ Алматы оны да жұмырына жұқ көрмейтінге ұқсайды.

Бірыңғай көлік жүйесі периферия мәселесін шеше ме?

Агломерацияларға арналған жаңа заңнама аясында "бірыңғай көлік моделінің енгізілуі және жұмыс істеуі" жоспарланған. Мұның қисыны да бар. Қоғам белсендісі Сәуле Тоқбаева қала іргесінде, Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты Тұрар ауылында тұрады. Ол мегаполис пен облыстың ықпалдастығына қатысты мәселелерді 2015 жылдан бері көтеріп келеді. Үкімет басшылығына да, жергілікті әкімдерге де хат жазған. Ол ұсыныстар әлі күнге өзекті дейді.

"Мегаполиске жақын орналасқандықтан, кентіміз ұлғайып барады. Барлық егістік жерлерді енді әкімдік тұрғын үй құрылысына бөлуде. Әкімдігіміз бізден 8 шақырым жерде, Шамалған станциясында орналасқан. Бір қарағанда алыс та емес сияқты. Алайда кентіміз бен станция арасында қоғамдық көлік байланысы жоқ. Тек таксимен жете аласыз. Былтыр қалалық автобустардың маршрутін Ташкент тракті бойындағы біздің бұрылысқа дейін ұзартуды сұрап, Алматы әкіміне өтініш жаздым. Алматының маршруттік желісін оңтайландыру тұжырымдамасы әзірленіп жатқаны туралы жауап келді. Алматыға жетуіміз мұң. Бізге қатынайтын шағын маршруткалар 15 адамның отыруына арналған, алайда жүргізушілер Алтын Орда базарынан соған 40-50 адамға дейін сыйғызып әкетеді", – дейді С. Тоқбаева.

Кешкі 6-дан кейін және демалыс күндері олар тоқтап қалады. Бұл автокөліктердің нашар жағдайда екенін жергілікті тұрғындар біледі. Тіпті көбірек жолаушы сиюы үшін ішіндегі орындықтарды алып тастаған. Нәтижесінде, жұрт тұрған күйі сапарлауға мәжбүр.

"Тұрғындарымыздың көпшілігі Алматыда жұмыс істейді, студенттер өте көп. Қалаға жақын ауыл болғандықтан студенттерімізге жатақхана берілмейді. Тұрғындардың бастамашыл тобы аудан әкімдігіне, Қаскелең автопаркіне барды, олар бұл мәселені шеше алмайтынын ашық айтты. Алматы әкімдігі мәселе қарастырылады деген ауанда сырғытпа жауап қайырды. Бізге Алматыдағы Сайран автостанциясынан маршрут бөлінсе, онда "Оңай" картасымен жолақыны төлеу мүмкіндігі берілсе дейміз. Мысалы, Есік қаласына қатынайтын автобустарда "Оңай" қолданылады. Ал Есік Алматыдан 56 шақырымда тұр. Одан жақын біз үшін бұл қарастырылмаған. Неге бір үйлесімге келтірмеске", – дейді жергілікті белсенді.

"Агломерацияны дамыту туралы" жеке заң жобасының ел үшін игілікті өзгерістері де, сонымен бірге әлдебір дау-дамай, кереғарлықтар туғызуы мүмкін түйткілді тұстары да бар екені байқалады. Соңғы сөз Парламентте болмақ.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу