2025 жылы ел Парламенті "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңын түпкілікті қабылдауды жоспарлап отыр.
Оны қолдаған депутаттардың түсіндіруінше, бүгінде Қазақстанда Яндекс, InDrive, Maxim, Аparu, Tappy Taxi және басқа таксиге тапсырыс берудің мобильді қосымшалары жұмыс істейді. Жаңа заң жобасына сәйкес, бұл сервистер, ұялы қосымшалар, такси агрегаторлары енді "Автотасымалдаушылар палатасының" құрамында болуға тиіс.
Яғни, жолаушылар тасымалымен айналысатындар палата түріндегі өзін-өзі реттейтін ұйымдардың (ӨРҰ) біріне мүше болуға міндеттеледі. Құрамына кірсе "аман" қалады, кірмесе, шенеуніктер мәжбүрлеп жапқызады.
Осы мақсатта Көлік министрлігі өзі атқарып келген бірқатар мемлекеттік функцияларды мойнынан алып тастап, осы палаталарға жүктейді. Осылайша, бұдан былай Қазақстанда жолаушылар тасымалы саласын министрлік бейнесінде мемлекет емес, палата сипатында нарықтың өзі реттейтін, бақылайтын болады. Осы арқылы министр Қарабаевтың командасы жауапкершіліктен біршама құтылғалы тұр.
"Заңда екі мәселе қарастырылған. Біріншісі – міндетті түрде мүше болу, екіншісі – еркін түрде мүше болу. Бұл ретте алпауыт такси агрегаторлары осындай өзін-өзі реттеу ұйымына, палатаға міндетті түрде мүше болады. Егер таксопарк немесе такси агрегаторы өзін-өзі реттеу ұйымына мүше болмаса, оның қызметі заңсыз деп танылады! Жалпы, олардың қызметіне тыйым салу заңнамалық актілерде қарастырылған. Сондықтан осындай үлкен интернет платформалар өз қызметін сақтап қалғысы келсе, алдағы уақытта міндетті түрде өзін-өзі реттейтін ұйымға мүше болады", – деді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Кейбір депутаттар онсыз да қысым көріп жатқан қарапайым таксишілердің болашақтағы ахуалына алаңдаушылық білдірді.
"Елімізде бұқараның үлкен бір бөлігі жеке автомобилімен таксилетіп, күн көреді, нәпақасын айырады. Біраз отбасыда бұл – табыстың жалғыз көзі. Халықтың таксилетуіне тыйым салып, тосқауыл қоя берсек, талай отбасы аш қалады. Жүргізушілердің басым бөлігі басқа жұмыскерді жалдамайды, жалғыз, жеке өзі, төл көлігімен жолаушылар тасымалдайды. Мына заң жобасы бойынша олар міндетті түрде өзін-өзі реттеу ұйымына мүшелікке кірмеуіне де болады. Ерікті түрде кіре алады деп белгіленген", – деді мәжілісмен Айтуар Қошмамбетов.
Алайда болашақта бұл ерікті дегені ерікті-мәжбүрлі түрге айналып кетпей ме? Оған заңда еш кепілдік жоқ. Таксилетіп бала-шағасын асырайтын қазақстандықтарға тек қазіргі министрдің сөзіне сенуге тура келеді. Ал, қазақстандық шенеуніктер сөзі мен ісінен қысқа күнде қырық жаңылып, алпыс рет айни беретіні жасырын емес.
"Жеке такси тасымалымен айналысып жүргендерге бұл заңның әсері болмайды. Яғни, қазір жұмыс істеп жүргендей істей береді. Бізде заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, қасына тағы бір-екі кісіні алып, жалдап, жалақысын төлеп, бірге жұмыс істеп жүрген 2 883 кәсіпкер бар. Олардың атында тіркелген көліктің жалпы саны – 10 мың. Бастапқы кезеңде дәл осы 10 мың көліктің иелері операторлар ретінде палатаға мүше болуға міндеттеледі. Өйткені, осы 10 мың көліктің иесі бизнесі үшін айына небәрі 900 теңге салық төлейді", – деді Қарабаев.
Егер заң бойынша тек "ерікті" болса, онда палаталарға тұрақты түрде қомақты мүшелік жарна төлеп, қосымша шығындалып, ондай ауыр қамытты ерікті түрде киюге есі дұрыс қандай таксиші келіседі? Министр келіседі деп отыр.
"Олар да Аparu, Яндекс, inDrive, басқасымен бірлесіп, өз құқықтарын қорғайтын арнайы қағидалар қабылдауға қатыса алады. Операторлар өзін-өзі реттеу ұйымының аясында өз құқығын қорғап, жұмысының тиімділігін дәлелдесе, солардың жетістігін көре отырып, алдағы уақытта жеке өзі такси тасымалымен айналысып жүрген қазақстандықтар да палаталарға міндеттеп емес, өз еркімен кіруге ынталанады деп ойлаймыз", – деді Марат Қарабаев.
Мәжіліс депутаты Марат Башимов бұл заң кесірінен осы саланы да олигархтар өз уысына түсіруі мүмкін екенін жеткізді.
"Құжатқа сәйкес, "Автотасымалдаушылар палатасы" жолаушылар мен багажды тұрақты түрде халықаралық, қалааралық және облысаралық тасымалдауды жүзеге асыратын автокөліктердің кем дегенде үштен біріне, сондай-ақ елдегі бүкіл такси машиналарының әрбір оныншысына ие тасымалдаушыларды біріктіретін болады. Тиісінше, алда құрылатын өзін-өзі реттейтін ұйымдардың (ӨРҰ) ең көп саны үш палатадан аса алмайды. Бұл жаңашылдық нарыққа жаңа қатысушылардың кіруін шектеп, осы нарықтың да бұдан былай монополизациялануына соқтыруы ықтимал", – деді Башимов.
Көлік ведомствосының басшысы болашақта Қазақстандағы барлық таксишілерді, жолаушы мен жүк тасушыларды біріктіретін палаталардың саны үшеу ғана болатынын растады.
"Шынында да еліміз бойынша 3 ӨРҰ құрылып жатыр. Міне, солардың арасында бәсекелестік жүреді. Сондықтан осының өзі монополизацияны болдырмауға ықпал етеді. Бұған қоса, ӨРҰ-лар коммерциялық ұйым болмайды. Олар қауымдастық түрінде жұмыс істейді. Заң бойынша оларға табыс әкелетін қызметпен айналысуға тыйым салынады. Сондай-ақ ӨРҰ-лар тікелей тасымал қызметімен айналыспайды. Бұл факторлар да кез келген түрдегі монополияға тосқауыл болады. Заң жобасында нарықты монополиялануға ынталандыратын ешқандай бап жоқ деп санаймыз", – деп сендірді министр Қарабаев.
Басқа салаларды ен жайлаған монополизмнен аузы күйген елдің бұған сенуі қиын. Мысалы, ұялы байланыс нарығында да 3 алпауыт бар, алайда антимонополиялық орган анықтағандай, олар бір-бірімен еш бәсекелеспейді, қайта өзара ымыраласып, тарифті бірлесе көтереді. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі "Кселл" АҚ (Kcell, Activ), "Мобайл Телеком-Сервис" ЖШС (Tele2/Altel) және "КаР-Тел" ЖШС (Beeline) операторларына қатысты Кәсіпкерлік кодекстің 170-бабы бойынша, тарифтердің келісілген түрде көтерілуіне қатысты тергеп-тексерулер жүргізіп, олармен 2023 жылдан бері соттасып жатыр. Нәтиже шығара алатын емес.
Болашақта мына заң кесірінен жолаушылар мен жүк тасымалы саласында да үш палата мүшелік жарналарын келісілген түрде көтерсе, сол үшін заңды қабылдаған қазіргі бірде бір шенеунік пен депутат жауап бермейді.
Мәжілісмендер бұл заң жобасын қабылдап қойды. Соған қарамастан, алаңдаушылығын да жасырмады. Мысалы, кейінгі кезде мемлекеттің өкілеттіктері мен функцияларын жекенің қолына – өзін-өзі реттеу ұйымдарына, квазимемлекеттік ұйымдарға, серіктес компанияларға табыстау жаппай белең алды. Жаңа заң да сол қауіпті дәстүрді жалғастырды.
"Заң жобасының басты мақсаты – жолаушылар мен жүктердің автомобиль тасымалы саласындағы бірқатар мемлекеттік функцияларды ӨРҰ-ларға табыстау болып табылады. Содан кейін заңға сәйкес, Көлік министрлігі Автотасымалдаушылар палаталарының мүшелеріне, қатысушыларына қатысты көліктік бақылауды доғарады. Тек тасымалдаушылар палатаға мүше ме, мүше емес пе, соны ғана тексереді. Ендеше бұл министрліктің осы саланы, әсіресе, облысаралық, қалааралық автобустік тасымалды басқаруға қабілетсіз болып шыққанын көрсетеді", – деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода.
Көлік министрлігінің дерегінше, қазіргі кезде Қазақстанда 100 мыңнан астам автобус, 450 мыңнан астам жүк автомашинасы жолаушылар мен жүкті тасымалдаумен айналысады. Алайда олардың нақты саны қанша екенін көлік ведомствосы да, әкімдіктер де білмейді.
Еш жерде тіркелмеген, тіпті кәсіпкер мәртебесі жоқ жүргізушілер де қалалардың шетіне жақын орналасқан базарларды, сауда үйлерін, вокзалдарды жағалап, сол жерден жолаушыларын өзге қала, ауылдарға тасуды жүзеге асырады. Клиенттерінің бір бөлігін әлеуметтік желі, мессенджерлердегі топтар арқылы табады.
Министрлік олардың бәрін бақылауға алуға, тұрақты қадағалап тұруға күші жетпейтінін жасырмады. Себебі, бүкіл республика бойынша небары 180 көліктік бақылау инспекторы ғана бар екен. Жүздеген мың тасымалдаушының әрқайсысының соңынан олар жүгіріп жүре алмайды. Оған мүмкіндігі де, уақыты да жетпейді.
Сондықтан Қарабаевтың ұжымы мұны келесі жылы салалық палаталарға жүктей салмақ. Өзіне мүше тасымалдаушыларды солар бақылауға міндеттеледі.
Министрлік болса, заңның орындалуын тасымалдаушылардан емес, осы үш палатадан сұрайтын болады. Мүшелерінің заңды сақтауын қамтамасыз ете алмайды екен, палата жабылады, миллиардтаған жарнасынан қағылады.