Көлік саласына жүргізілген терең талдау біраз былықтың бетін ашты

5966

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі автомобильмен жолаушылар тасымалдау саласына талдау жүргізіп, саланың жағдайы сын көтермейді деген қорытындыға келген. 

Көлік саласына жүргізілген терең талдау біраз былықтың бетін ашты

Біріншіден, жол қауіпсіздігін толыққанды қамтамасыз етпегендіктен, жолаушылардың денсаулығы мен өміріне төнген қауіп төтенше жоғары болып отыр.

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дерегінше, бір ғана 2021 жылы Қазақстанда 13 мың 940 жол-көлік оқиғасы болды, онда 18 096 адам жарақат алды, 2 270 адам қайтыс болды. Бұл қайғылы жағдай жыл сайын қайталанады: 2020 жылы ел бойынша 13 515 ЖКО (2019 жылы – 16 614) тіркелді. 19 841 адам зардап шекті (2019 жылы – 24 585), оның ішінде 17 844 адам жараланды (2019 жылы – 22 180). ЖКО салдарынан алдыңғы жылы 1 997 адам (2019 жылы – 2 405 адам) көз жұмды.

Екіншіден, қанша күрессе де, билік заңсыз жолаушылар тасымалына тосқауыл қоя алмады. Көлеңкелі тасымал қайта еселеп артуда. Масқарасы сол, 2021 жылғы жағдай бойынша такси тасымалының шамамен 90%-ын заңсыз тасымалдаушылар жүзеге асырады. Осылайша, Қазақстанда заңды такси қызметі құрып бітуге таяу. Ресми мәліметке сәйкес, елде такси тасымалымен айналысатын 10 624 көлік тіркелген. Бұл ретте заңсыз такси тасымалымен ең кемі 95 616 (90%) автомобиль айналысады.

Үшіншіден, халыққа көліктік қызмет көрсету сапасы сол бойы төмен болып қалды. ИИДМ мәліметінше, 2021 жылғы жағдай бойынша мыңнан аса елді мекен тұрақты автобус қызметтерімен қамтылмаған. 100-ден астам адам тұратын 5 563 елді мекендердің 4 514-і немесе 81%-ы ғана тұрақты автобус қатынастарымен қамтылды.

Төртіншіден, тұрақты маршруттарда жолаушы таситын автобустардың басым көпшілігінің тозығы жетті. 2021 жыл қорытындысында, тұрақты халықаралық және облысаралық маршруттарда қатынайтын тозған автобустардың үлесі тиісінше 84% және 71%-ға жетті. Әрі қарай саланың тек толық күйреуі ғана қалады.

Бесіншіден, жолаушылар көлігі саласы жеке инвестициялар үшін тартымсыз болып қалуда. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, автобустарды қоса алғанда, жолаушылар тасымалдарының заңды көлемі 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 14%-ға құлдырады және 5 миллиард 19,1 миллион адамды құрады (2020 жылы 5 млрд 815,4 млн болған). Ресми такси тасымалдарының көлемі де 2021 жылы алдыңғы жылға қарағанда 2%-ға төмендеді және 2 млрд 466,7 млн адамды құрады (2020 жылы 2 млрд 500,4 млн адам). Яғни заңды қалааралық не халықаралық тасымалмен айналысатын автобус паркін құру, заңды таксомоторлы парк ашу, соған қаржы салу бизнесі тиімсіз болып кетті.

"Алтыншыдан, орталық және жергілікті атқарушы органдарда, облыстық әкімдіктерде қалааралық және халықаралық жолаушылар тасымалын, такси қозғалысын және тасымалдаушылардың қызметін бақылау жөніндегі мемлекеттік функцияларды орындау үшін кадрлар өте тапшы. Сала білікті жұмысшылар мен мамандарға қатты зәру. Салдарынан, көптеген функциялар толығымен орындалмайды", – деп түсіндірді министрлік.

Сондықтан қазіргі кезде Индустрия және инерақұрылымдық даму министрлігі саланы реттеудің жаңа тәсілдерін, жаңа заң жобасын әзірлеуде. Құжат алдағы 2023 жылы автомобиль көлігі арқылы жолаушыларды тасымалдау саласында міндетті өзін-өзі реттеуді енгізбек. Мемлекеттік көптеген функциялар өзін-өзі реттеуге көшіріледі. Салада ортақ ұйым құрылады.

Сондай-ақ ол стандарттар мен ережелерді жедел қабылдауды көздейді. Бұдан бөлек, жолаушылар тасымалы саласындағы талаптарды сақтау үшін шаруашылық жүргізуші субъектілерін қоғамдық бақылауды және өзін-өзі бақылауды дамытады.

Қолданыстағы тәжірибе бойынша, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тұрақты халықаралық автобус маршруттарын ұйымдастырады және тұрақты халықаралық жолаушыларды тасымалдауға рұқсатты береді. Ал жергілікті әкімдіктер тұрақты облысаралық автобус маршруттарын ұйымдастырады, куәлікті береді, тасымалдаушылармен шарт жасасады, сондай-ақ халықаралық және тұрақты емес автобус тасымалдарын жүзеге асыру құқығына лицензияны береді, такси тасымалдарын ұйымдастырады және кәсіпкерлерден такси тасымалы бойынша қызметін бастағаны туралы хабарламаны қабылдайды.

Бірақ министрлікте де, әкімдіктерде де маман тапшы болғандықтан, не қадағалау, не бақылау дұрыс жүзеге асырылмайды. Мемфункциялар да формальды, атүсті орындалады, жемқорлықтың дамуына сеп болады. Сондықтан бұл істе нәтиже шығара алмаған биліктегілер билікті бизнестің өзіне ұстатпақ.

Оның үстіне, қалаішілік және қалааралық такси қызметін ИнДрайвер, Яндекс такси секілді ресейлік агрегаторлар жаулап алды. Олардың қызметін ИИДМ де, көлік комитеті де, ұялы қосымшалар саласын реттейтін Цифрлық даму министрлігі де реттемейтін болып шықты. Яғни әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ.

Яндекс такси жүргізушісі Василий Искаков бұл саланы биліктің әбден бетімен жібергеніне наразы.

"Бұл сервис Ресейден келіп, Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын бұзуда. Олар біздің заңдарға пысқырмайды. Жұмыс болмаған соң, амалсыз соған тіркеліп, такси қызметімен шұғылдана бастадым. Тап болған бірінші проблема, Яндекс такси тіпті клиент мас, агрессивті болса да жүргізушілеріне өз еркімен тапсырыстан бас тартуға рұқсат етпейді екен. Екіншіден, үсті-басы лас мас жолаушыларды да тасымалдаудан бас тартуға құқымыз жоқ. Ондай клиенттерден соң машина салоны сасып кетеді, қанша жусаң да, химиялық тазаласаң да нәтиже жоқ, күлімсі иіс ұзақ уақыт қолқаны қауып тұрады. Егер мұндай клиенттерден өз еркіңмен бас тартсаң, Яндекс такси жүргізушіге айыппұл салады, рейтингін төмендетеді, жаңа тапсырыстарға қолжетімділікті шектейді", – дейді Василий.

Оның айтуынша, қазақстандық заңнамада, НҚА-ларда бекітілмеген, ресейлік бизнес таңған мұндай жазалар тасымалдан нәпақа тауып отырған қазақстандықтардың жағдайының нашарлауына соқтырады, әлеуметтік кернеу туғызады.

"Жүргізушілердің басым көпшілігі кредитке сатып алынған немесе жалға алынған машиналарды пайдаланады. Тапсырыстарды шектеу жүргізушілердің борышын уақытылы төлей алмай, берешек батпағына батуына әкеледі. Салдарынан, бұл жүргізушілердің жүйкесінің тозуына, жүректен кетуіне, ашуын клиенттен алуына соқтырады. Сондықтан мемлекет бұл салада импорталмастырып, Ресейге бағынбайтын, қазақстандық түсінікті, келісімді ережелермен жұмыс істейтін отандық баламасын жасаса, дұрыс болар еді. Ал Яндекс таксидің Қазақстанда жұмыс істеуіне тыйым салып тастау қажет", – деген ұсынысын білдірді Василий Искаков.

Айтпақшы, таксишіге агрегатордың тағы бір талабы ұнамайтын көрінеді.

"Яндекс такси жүргізушілерге туған-туысқанын тасымалдауға тыйым салады. Ресейлік такси агрегаторының саясаты қазақстандық жүргізушілерді ағайындарынан, отбасынан айыруға бағытталған ба дерсіз. Себебі Яндекс такси жүргізушілері тәулігіне 20 сағаттан жұмыс істеуге мәжбүр. Сондай-ақ ол балаларды балабақшаға және мектепке апарып тастау үшін жұбайына күйеуінің машинасына тапсырыс беруге рұқсат етпейді", – дейді Василий.

Жүргізушілер мұндай шетелдік алпауыттарды қазақстандық заңнамаға сай жөнге салуды, оған көнбесе, қызметіне тыйым салуды сұрайды.  

Қалай болғанда, Көлік министрлігі жойылғалы, көлік саласынан мән де, сен де, заң да кеткенге ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу