Көлік салығы толығымен жойылады

5973

Бұл жерде аталған игілік қырғыз еліне беріліп отырғанын бірден нақтылай кеткен жөн

Көлік салығы толығымен жойылады Фото: inbusiness.kz

Бұған дейін салығын төлемей келгендерге әрі қарай да төлемеуіне рұқсат етілді, оларға салықтық амнистия жарияланды.

Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров көлік құралдарына арналған салықты толығымен жоюға тапсырма берді және өзі соны қарастыратын тиісті жарлыққа қол қойды.

Осы тарихи оқиғаға байланысты Алатаудың арғы баурайындағы ағайын елдің лидері халыққа үндеумен қайрылды.

"Құрметті қырғызстандықтар! Салықтар жөніндегі арнайы жарлыққа қол қойдым. Қарапайым азаматтарға түсінікті болуы үшін бұл құжаттың мәнісін түсіндіре кетейін. Қырғызстанда көлік құралдарына салынатын салық атаулыны толығымен жою туралы тапсырма беріп, жарлыққа қол қойып отырмын. Бұл шешім "Жол қоры туралы" заңға әрбір литр жанармайдан 1 сомнан жинауды қарастыратын өзгерістердің күшіне енуіне байланысты", – деді Президент Садыр Жапаров.

Еске сала кетсек, 2024 жылғы 20 қарашада Жоғорку Кеңеш жанар-жағармайдың литрінен 1 сомнан алым жинау туралы заң қабылдаған болатын. Бұл қаражат Жол қорына түседі де, әрі қарай жолдарды жөндеуге және ұстап тұруға бағытталады.

Көлік және коммуникациялар министрінің орынбасары Бекназар Базарәлиевтің айтуынша, Жол қорына 2023 жыл қорытындысында шамамен 4,5 миллиард сом (Қазақстанның Ұлттық қорының бүгінгі бағамы бойынша 27,3 миллиард теңгеге тең) түскен. 2025 жылы бұл сома 5 миллиард сомға жетеді деп күтіліпті.

Дегенмен, жаңа заң күшіне енген соң, Жол қорына түсімдер шамамен 7 миллиард сомға (42,5 млрд теңгеге) жетуі мүмкін.

Бұған көршінің бір палаталы Парламентіндегі қуатты оппозицияның өкілдері және қоғамның бір бөлігі қарсы шықты. Мысалы, депутат Илимбек Кубанычбековтің пікірінше, бұл заңды қабылдау жанар-жағармай бағасының қымбаттауына соқтырады. Министрлер кабинетінің өкілдері мұны жоққа шығарып бақты.

Жоғорку Кеңеш депутаты Дастан Бекешевтің айтуынша, бұл алым алдымен ЖЖМ құнының, артынша азық-түліктің, құрылыс материалдардың бағасының көтерілуіне әкеледі. Ар жағында жол жүру тарифтері жоғарылайды, көлік тасымалымен тығыз байланысты басқа шығыстар артады.

Қоғамның пікіріне құлақ асқан қырғыз президенті күтпеген қадамға барып, алым орнына көлік салығын жойды. Осылайша, Қырғызстан осы салықтан бас тартқан алғашқы елге айналып отыр.

Айта кету керек, Қазақстанда бүгінде Жол қоры жоқ. Алайда "ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясы бар. Ол қазақстандықтардан ақылы жолдармен, яғни, барлық дерлік республикалық маңызды автожолмен жүргені үшін ақы жинайды. Бұл тариф дүркін-дүркін көтеріледі.

"ҚазАвтоЖол" ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Дархан Иманашев өткен 2024 жылы халықтан ақылы жолдар арқылы 48 миллиард теңгесін жинап алғандарын жариялады.

Бір белгілісі, 2024 жылға арналған республикалық бюджетте "мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару шарты бойынша міндеттемелерді орындауға "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ-ына 151 млрд 314,9 млн теңге" аударылған.

Бұдан бөлек, ел қаржысынан былтыр "республикалық деңгейде автомобиль жолдарын дамытуға" деп, 224 млрд 775,4 млн теңге берілген. Бұған қоса, бюджеттен "ортақ пайдаланымдағы автомобиль жолдарын жөндеу және олардың сапасын жақсартуға бағытталған күтіп-ұстауды ұйымдастыруға" тағы 201 млрд 963,5 млн теңге бөлінді.

Жалпы, Қазақстанда да кезінде "Жол қоры" болды. Ол Қазақстан Президентiнiң 1995 жылғы 21 желтоқсандағы жарлығымен құрылды. Алайда 1998 жылғы 17 желтоқсандағы заңымен бұл қор таратылды.

Бірақ ол қайта құрылуы мүмкін. 2023 жылғы 26 сәуірде өткен Бас прокуратураның кеңейтілген алқа отырысында "жол жобаларын қаржыландыру тапшылығы проблемасын шешу үшін Жол қорын құруға" ұсыным берілді. Бұл қорда көлік салықтары, отын акцизі, ақылы жолдардан түскен алымдар, айыппұлдар, автожол саласында өтелген шығындар және басқа түсімдер қордаланатын болады.

Атап өтетін жайт, биыл қабылданатын жаңа Салық кодексінің бастапқы нұсқасын талқылау барысында Үкімет қазақстандықтардың ескі машиналарынан көлік салығын алып тастау бастамасын пысықтаған болатын. Алайда Мәжіліске енгізілген жобада одан бас тартты. Қазіргі кезде депутаттар мен Үкімет мүшелері тек "жасы" 10 жылдан асқан (11-20 жыл) автомобильдердің салығын 30%-ға, ал, 20 жылдан асқан ескі машиналарға 50% азайтуды ғана талқылауда.

Алайда бұлай төмендеткенімен, біраз уақыттан кейін салық бұрынғы қалпына келеді. Себебі, Қазақстанда салықтар айлық есептік көрсеткішке сай есептеледі, АЕК болса, жыл сайын артады.

Салдарынан, бүгінде Қазақстанда автокөлігі бар халық пен бизнес жолдарды пайдаланғаны үшін бірнеше рет алым-салық төлейді. Біріншіден, "темір тұлпары" болғаны үшін көлік салығын аударады. Екіншіден, онысын қала ішінде тұраққа қойғаны үшін алым төлейді.

Үшіншіден, республикалық трассалармен жүргені үшін ақы жиналады. Төртіншіден, жанар-жағармай құю станциялары "отын акцизін" төлейді және ол шығынын клиенттерінен өндіреді. Бұған жол жүрісі ережелерін бұзғаны үшін түрлі айыппұлдар қосылады.  

Қырғызстанның жағдайына келсек, Садыр Жапаровтың айтуынша, бұдан былай қырғыздар көлік салығын төлемейді.

"Бұдан әрі көлік салығы алынбайды, оның орнына 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап әр жүргізушіден көлігіне құйған бензин немесе дизель отынының әрбір литрінен 1 сомнан (6 теңгеден) алына бастады. Ал, 2025 жылдың 1 қаңтарына дейін автокөлік құралдарына салығын төлемеген азаматтарымыз ол берешегінен босатылды. Мен рақымшылық-амнистия жасау туралы тапсырма бердім", – деді қырғыз көшбасшысы.

Оның айтуынша, машинасы үшін салығын төлемейтіндер көп болып шықты. Жапаров көлік салығын жою және бұған дейін оны төлемей, борыш қордалағандардың қарызын кешіру мемлекеттік бюджетке үлкен салмақ түсіретініне қарамастан елге осындай игілік сыйлауға шешім қабылданғанын жеткізді.

Көрші республикада тек халыққа ғана емес, бизнеске де ғажайып тосынсый жасалды. Биыл заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің 2022 жылдың 1 қаңтарына дейін қордалаған қарыздарына да амнистия жарияланып, оларды мемлекет кешіріп отыр.

Тиісінше, салық органдары кәсіпкерлердің 2022 жылдың 1 қаңтарына дейінгі салықтарын төлеген-төлемегенін тексеруді доғарады.

Осы орайда "электронды тауар-көлік ілеспе құжаты" (ЭТТН) бойынша жұмыс жасайтын арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның мүшелеріне – мүдделі меморгандардың жауапты мамандарына бір айдың ішінде тиісті ұсыныстарды ел басшылығына енгізу жүктелді.

Сонымен қатар, Қырғызстанда егін шаруашылығымен айналысатын ауыл кәсіпкерлері тегіс жер салығынан босатылды. Олар бұған дейін жер салығын төлемей жүрді, енді бұл мораторий мерзімі 2030 жылға дейін ұзартылды.

Үкіметке 2030 жылға дейін фермерлердің суармалы егістік жерлерін суландыру  мәселелерін шешу, негізгі және қосалқы жаңа суармалы каналдарды салу, қолданыстағы арналарды толығымен тазартып шығу міндеті қойылды

"Қысқасы, шаруалардың су мәселесін шешеміз! Осыдан кейін ғана жер салығын жинауды жандандырамыз. Бірақ, құрметті отандастар, бір нәрсені еске сала кетейін. Салықтардың арқасында мемлекет сақталады және қуаттанады. Жалақыны, зейнетақы мен жәрдемақыны көтеру, әлеуметтік нысандар салу, жолдарды асфальттау, басқа да жұмыстар жиналған салыққа байланысты екенін ұмытпайық. "Салық төлемей жүре берсек, қарызымыз ақырында жойылады" деген түсініктен аулақ болуымыз керек. Салықты уақытылы төлеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы", – деді Садыр Жапаров.

Ол әрбір қырғыз тамсанатын дамыған елдерде салық – қасиетті парыз екенін еске салды. Салық төлемегені немесе салық салу объектісін жасырғаны үшін жаза өте ауыр екенін ескертті. Ол Қырғызстанда да салық төлеу мемлекеттің бір ұстыны ретінде қасиетті парызға айналатынын жеткізді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу