Коллекторлар бір сатқан пәтерге екі рет ақы өндіртуге тырысуда

5209

Мәдина Әбілқасымова командасының көркем есептері ащы ақиқаттан алыс жатқанға ұқсайды.

Коллекторлар бір сатқан пәтерге екі рет ақы өндіртуге тырысуда

Бір қарағанда, елде коллекторларға қатысты жағдай түзеліп кеткендей көрінеді. Мысалы, қаржылық реттеуші 2020 жыл ішінде қаржы ұйымдарына жалпы сомасы 127,3 млн теңге айыппұл салып, 103 қадағалап ден қою шарасын қолданыпты. Оның көбі – 94-і банктердің еншісінде. Ал анықталған бұзушылықтар бойынша коллекторлық агенттіктерге былтыр Мәдина Әбілқасымованың агенттігі небары 10 жазбаша ұйғарым және 7 әкімшілік жаза ғана қолданған, деп жазады Inbusiness.kz.

2021 жылғы 1-тоқсанда қаржылық реттеуші бизнес пен халықтан түскен 5 102 өтінішті қарап, шара қолданды. Арыздардың көп бөлігі – 67%-ы банктердің қызметімен байланысты. Небары 3,3%-ы коллекторлық агенттіктерге қатысты болыпты.

Коллектор неге камерасын сөндіреді?

Алайда коллекторлар бетегеден биік, жусаннан аласа, момақан күй кешіп жатқан жоқ. Банкке қарағанда, бұлардың үстінен шағым жазуға клиенттердің жүрегі дауалай бермейді. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің өзі жүргізген талдау нәтижелері коллекторлық агенттіктер (КА) қаптаған жөнсіздікке жол беріп жатқанын әшкереледі.

Ведомствоның дерегінше, біріншіден, КА-лар заем бойынша берешегін тезірек өтеуге тырысқан борышкерлердің арынын басып, "төлемдер қабылдауға шектеу белгілеп қойған". Осы арқылы олар қарыз азаматтарды барынша ұзақ азапқа салуға, уақыт созып, олардан көбірек сыйақы алуға ниеттенетінге ұқсайды. Бұл әрине, заңсыз.

Екіншіден, "борышкермен өзара іс-қимыл жүргізу барысын аудио- немесе бейнетехника құралдары арқылы тіркеуді жүзеге асырмайтынды" шығарған. Видеокамераны сөндіріп қойған коллектор ойына келгенін істей алатыны мәлім. Бұл да заңға қайшы, демек, борышкер бұл құрылғыларын қайта қосуды талап етуге құқылы. Әрине, егер байқап қалса.

Үшіншіден, КА қызметкері бірінші рет байланысқа шыққан кезде "Коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларында" белгіленген ақпаратты хабарлауға міндетті. Оны да жасамайтындар бар. Төртіншіден, борышкердің өкіліне сенімхат бойынша сұралған мәліметтерді ұсынбайды екен. Бесіншіден, КА-лар басқа мекенжайға көшіп кеткенін агенттікке де уақытылы хабарламайтын көрінеді. Бұл олардың бассыз кеткенін көрсетсе керек.

Алтыншыдан, берешектің сомасына, ол қарыздың пайда болу себептері мен сипатына қатысты жалған ақпарат беріп, борышкерді алдайтындары кездеседі. Жетіншіден, олар аудиожазба материалдарын борышкермен өзара іс-қимыл жүргізген күннен бастап 6 ай бойы сақтауы шарт. Оны да қамтамасыз етпейді екен.

Сегізіншіден, кейбірі тіпті қаржылық реттеуші қолданған ықпал ету шараларына пысқырмайды, орындамайды. Тоғызыншыдан, өздерінің жұмысын реттейтін басты құжатты – "Коллекторлық қызметті жүзеге асыру қағидаларын" сақтамайды. Оныншыдан, кредиттік бюроларға және агенттікке жалған мәліметтерді ұсынатыны бар болып шықты.

Қайталап айтайық, бұл – былайғы жұрттың жаласы, не жалаң пікірі емес, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің өзі анықтаған бұзушылықтар.

2020 жылы коллекторлық агенттіктерге қатысты қолданылған әкімшілік жазалардың жалпы сомасы 1,6 млн теңгені құрады.

Коллектор қинағысы келсе, он жылғы оқиғаны еске алады

Қарыз өндірушілердің әрекетіне шағымданушылардың бірі Динара Қ. банкте 2005 жылы ипотека рәсімдеп, 4 млн 350 мың теңгеге пәтер сатып алады.

"Төлемдерді дер кезінде төлей алмай, амалсыз, баспананы банкке беруге мәжбүр болдық. Неге екені түсініксіз, банк ол пәтерді коллекторлық ұйымға – "D.Experts" ЖШС-іне тапсырыпты. ЖШС ол пәтерді анағұрлым жоғары бағаға, 6,2 млн теңгеге сатып, пәтер үшін барлық қарызды артығымен өтеді. Ол пәтердің 2009 жылғы 22 қыркүйекте өткізілгенін растайтын, нотариус рәсімдеген сатып алу-сату келісімшарты бар. Осымен бәрі тынуға тиіс болатын. Алайда он жыл күткен коллекторлар онсыз да өмірі нашар байғұстарды тағы қысып, сол пәтер үшін екінші рет ақы алайық деп ұйғарса керек. Содан олар бізді еш хабардар етпей, сыртымыздан жасырын қимылдап, сотқа берген. Талап арызда олар борышкердің несиені өтемегенін және оның енді 11 млн 628,6 мың теңгеге жеткенін көрсеткен", – дейді Динара.

Сот жүйесін осылай алдап соққан коллекторлар отағасының жалақысын бұғаттап, жолай ұстай бастайды. Бұл сорақы тірлік 2021 жылғы маусымға дейін жалғасқан. Бірақ олар құрбанның қарсы қайрат танытатынын, әділдік іздейтінін білмесе керек.

"Пәтерді сатып жібергені, одан қыруар пайда тапқаны олардың есінен тарс шығып кетіпті. Алайда биылғы 22 маусымда судья Мақажанова аталған ЖШС-ның барлық алаяқтық талаптарының күшін жойды. Сот атқару қағазы арқылы жадын "жаңғыртқаннан" кейін ғана олар шынында пәтерді өздері сатқанын еске түсірді. Содан кейін олардың жасаған мәлімдемесі айран-асыр етті: бұлар қайырымдылықпен айналысатынын және ол ақшаны үлестіріп жібергенін айта бастады. Бұл енді арсыздықтың шегі! Бір отбасыны ұзақ жыл сергелдеңге салады, сөйте тұра ол ақшаны қайырымдылыққа таратып берген! Қолдарында соны растайтын құжаттары жоқ екеніне қымсынбайды. Олардың Қарағандыны аралап, үйді-үйге ақша үлестіріп жүргенін де ешкім көрмеген. Тіпті кімдерге бергенін ұмытып қалыпты", – дейді шағымданушы.

Бұл "абсурдты қойылым" жалғасуда: коллекторлар өздеріне ақша түспеді деп, бәрібір 11 млнды өндіруге одан әрі талаптанып көрмек. Оларды экс-борышкердің қолында қарызының жоқтығы туралы өздері берген құжат та тоқтата алмағанға ұқсайды. Сондықтан жәбірленуші құзырлы органдарға хат жазып, бұл коллекторлық ұйымды лицензиядан айыруды талап етпек. Сондай-ақ былтырдан бері еңбекақыдан заңсыз ұстап келген қаражатты қайтаруына қол жеткізгісі келеді.

Жалпы, сарапшылар бұл схеманың бұрыннан бар екеніне назар аудартады. Мысалы, кәсіпкер Н.Ким 2007 жылы гүлденген бизнесін ары қарай дамытуға, айналымдық қаржыны ұлғайтуға банктен 120 млн теңге несие рәсімдеген. Ізінше жаһанды қаржылық-экономикалық дағдарыс жайлады. Кәсіпкерлердің көбі дәрменсіз жағдайға жетті. Н.Ким борышын уақытылы төлей алмай, банктен "кейін төлеуге" (отсрочка) мүмкіндік алады. Артынша ахуал жақсарып, табыс түсе бастасымен, банкке жүгіреді. Банктегілер оның проблемалы заемшы екенін айтып, берешегі коллекторлық компанияға өткізілгенін мәлімдейді. Ақыры кәсіпкер 120 млн теңге несиені банкке 165 млн теңге етіп қайтарған. Бұған негізгі қарыз, өсімпұл және банктің сыйақысы кірген. Дегенмен, коллектор одан 2011 жылы тағы 122 млн теңге қарыз өндіртуге талаптанады...

Қаржылық реттеушінің құрғақ, "жаймашуақ" есептері бұл салада шын мәнінде қандай былықтар болып жатқанын көрсетпейді.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу