"Қолжетімді баспана" ипотекасына зейнетақы жинағынан 2 млн теңге беру ұсынылды

7353

Коммерциялық баспана салушылар субсидия сұрап отыр.

"Қолжетімді баспана" ипотекасына  зейнетақы жинағынан 2 млн теңге беру ұсынылды

Коммерциялық баспананың бағасы арзандасын десе, мемлекет компанияларға субсидия төлеуі керек. Құрылысшылар одағы осындай талап қойып отыр. Егіншілер жерге сепкен тыңайтқыш  шығынының бір бөлігіне субсидия алғаны сияқты, құрылысшылар да материалға жұмсаған шығынның 20%-ын мемлекеттен қайтарып алғысы келеді. Олардың айтуынша, мұндай қадам коммерциялық баспананың бағасын 20-25% арзандатпақ. "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының елордалық филиалында өткен дөңгелек үстелде осындай мәселе қаралды. 

Қазақстан құрылысшылар одағының сарапшылық бөлім басшысы Әсем Нүкенова осы және өзге де ұсыныстарды жинақтап билікке бірнеше хат жолдағандарын айтады. 

"Нұрлы жер", "7-20-25", "Бақытты отбасы" сияқты мемлекеттік бағдарламалар  әлеуметтің әлсіз топтарын қамтамасыз етуге арналған. Ал бұл санатқа енбейтін қарапайым азаматтар да баспана тапшылығына тап келіп жатыр. Біз бұл тапшылықты жою үшін құрылысшылар мен мемлекет екіжақты серіктестік аясында жұмыс істеуі керек деп есептейміз. Коммерциялық үйдің қымбаттауына бірнеше себеп бар. Құрылыс түсетін жер телімін екі қайтара сатып алу мәселесі бар. Бірінші жер иесінен сатып алса, екінші жолы мемлекетке пайдалану мақсатын өзгерткені үшін тағы ақша төлейді. Үйге тартылатын инфрақұрылым шығыны да компанияның мойнына жүктелетіндіктен, үй бағасы тағы қымбаттайды. Паркинг шығыны да құрылысты қымбаттатады. Оған қоса мемлекет құрылыс материалын отандық өндірушілерден сатып алуды міндетті етпекші. Ал импорттық материалдар одан әлдеқайда арзан және сапалы. Бұл талапты шынымен міндеттесе, қымбатшылықтың келесі толқыны болады", – дейді сарапшы.

Қалалық әкімдік пен "Атамекен" палатасының өкілдері отырғанын пайдаланып, құрылыс компаниясының басшылары да көкейде жүрген күпті сұрақтарын қойды, ұтымды деген ұсыныстарын айтты.

"СтройДизайн Астана" ЖШС  директоры Сергей Столяров коммерциялық баспананың инженерлік желісін коммуналдық қызмет көрсетуші ұйымдар салуы керек деген пікір білдірді. 

"Қазір коммерциялық баспана іс жүзінде қолжетімсіз болып отыр. Біз оны қолжетімді етудің бірнеше тәсілін ұсынбақпыз. Ең жауыр болған мәселенің бірі – жылу, электр, су-кәріз жүйесі сияқты  сыртқы коммуникация инфрақұрылымын күтіп ұстауға жауапты ұйымдарға беру проблемасы. Ол үшін, әрине, бюджеттен қаражат керек. Бірақ соның есебінен коммерциялық баспана құны 25-30% арзандайды. "Теплотранзит", "Астана су арнасы", "РЭК" сияқты күтіп ұстаушы ұйымдар инфрақұрылым шығынын коммуналдық төлем есебінен 3-3,5 жылдың ішінде ақтап алар еді.  Ол үшін коммуналдық тарифті көтерудің қажеті жоқ. Біз бұл тұрғыда есеп жасап көрдік. Онсыз да коммуналдық төлем есебінен біз салып берген желіні пайдалану арқылы аталған ұйымдар пайда тауып отыр", – деген кәсіпкер тұрғын үй салынатын жер телімі тегін берілсе деген тілегін де айтты.

Құрылыс компаниялары жер сатып алуға кеткен шығынды баспана бағасына қосып отыр. Үйдің қымбаттауына бұл да әсер ететін көрінеді.

"Қазақстан жерге кенде емес қой. Осынша ұланғайыр жерден құрылысқа неге тегін телімдер бермеске? Есесіне біз баспана бағасын арзандатар едік", – дейді ол.

Ал "Орда Инвест" компаниясының басқарма төрағасы Шалқар Тәліпов салық саясатындағы асыра сілтеу де коммерциялық баспананың бағасына кері әсерт етіп отырғанын айтады. 

"Біз жылу трассасы мен қосалқы стансаларды салуға, кәріз жүйесін тартуға ақша жұмсаймыз. Осы желіні мемлекеттік органдарға өткізгенде проблема басталады. Біз оны ақысыз өткізіп, үстіне салық төлеуіміз керек екен. Мемлекет меншігіне берілген инфрақұрылымның құнын тәуелсіз бағалаушылар белгілейді. Сол баға бойынша қосымша құн салығын төлеуіміз керек. Бұл аз ақша емес. Әжептәуір сома шығады. Қандай заңды негізге алып осындай салық салып отырғанын ешкім түсіндіре алмай қойды. Одақ атынан осы мәселені көтеріп хат жазсақ деген ұсынысым бар", – дейді кәсіпкер.

Оның айтуынша, Нұр-Сұлтан қаласында салынатын баспананың кез келген түрі паркингпен қамтылуы керек. Бұл талап қазір коммерциялық үйдің бағасына тікелей әсер ете бастаған.

"Егер қарапайым халыққа қолжетімді баспана салғымыз келсе, бұлай болмауы керек. Сатып алу мүмкіндігі шектеулі тұрғынға көлік қаңтару бірінші кезектегі мәселе емес. Эконом-кластағы әлеуметтік баспанаға осы талап қойылмаса екен. Осындай өзгеріс енгізе аламыз ба? Бұл үй бағасын әлдеқайда арзандатар еді", – деді  Шалқар Тәліпов.

Арендадағы жерге коммерциялық баспана салып, оны сатып алушыға басыбүтін рәсімдеп бере алмай жүрген компаниялар да бар екен. "Қолжетімді баспана" АҚ-ның Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Олег Ким осындай проблема көтерді.

"Біздің компания котедж қалашықтарын салумен айналысады. Әр шаршы метрі 200-220 мың теңге болатын 300-ден астам үй тұрғыздық. Былтыр шілдеден бері жер мәселесіне тап болдық. Үй тұрған жер арендада болғандықтан, сатып алушылар оны өз меншігіне рәсімдей алмайтын болып шықты. Заң бойынша әр азамат 0,1 гектар жерді тегін алуға құқылы. Бұған дейін отандастарымыз бұл құқығын емін-еркін пайдаланып келген болатын. Былтырдан бері бұл ереже өзгерді. Шенеуніктер әр азаматқа тегін тиесілі телімнің есебінен бюджеттің бүйірін толтырғысы келген болуы керек. Баспанаға зар болып жүрген халыққа қосымша кіріс көзі ретінде қарау мемлекетке сын", – дейді ол.

Кезек-кезек сөз алған құрылыс компаниясының өкілдері коммерциялық баспана нарығында ауыр ахуал туындады дегенді қайталай берді. Осылай кете берсек, көбіміз банкротқа ұшыраймыз деп отыр. Қазақстан құрылысшылар одағы төрағасының бірінші орынбасары Аяжан Өтеуова осындай көңіл күйдегі шағымдар өңірлерден де түсіп жатқанын айтады.

Коммерциялық баспана нарығына зейнетақы реформасы тың серпін береді деп күткендер көп болыпты. Алайда Еңбек және халықты әлеуметтік министрлігінің соңғы шешімі ол үмітті де өшірген.

Одақтың Қарағанды облыстық филиалының директоры Төлеген Әшімов Үкімет сол шешімді қайта қарау керек деген ой айтты.

"Зейнетақы жинағын ипотеканың алғашқы жарнасына беру туралы Президент нұсқау берді. Бірақ оның орындалуы сәтсіз болып шықты. Өйткені, шектік мөлшері тым жоғары. Біз осы шекті 3 млн теңгеге дейін түсіруді ұсынамыз. 40 жастағы жұмысшының шотында 3 млн теңгесі болса, баспана алуға жұмсай алады деп есептейміз. Қалған 20 жылда кәрілікке қажетті ақшаны жинап үлгереді екен. Бұл тұрғын үй құрылысына серпін берер еді", – деген маман иесіз инженерлік желілердің мәселесін де қозғады.

"Біз инфрақұрылым нысанын өткізгеніміз үшін салық төлесек, оны күтіп ұстаушы тегін қабылдап алғаны үшін тағы салық төлейді. Салықтың бұл түрі желі мемлекет меншігіне берілген кезде салынбау керек деп ойлаймын. Иесіз инфрақұрылым нысандары осындай бассыздықтан пайда болып жатыр. Мысалы, Қарағандыда 30-40% желі иесіз тұр. Басы артық салық  төлегенше иесіз тұрғаны бәріне тиімді. Осыдан барып инженерлік желі қараусыз қалады. Ал күтімсіз қалған желі көп өтпей тозады. Салық кодексінде осы мәселеге өзгеріс енгізілуі керек", – дейді Төлеген Әшімов

Оның зейнетақы реформасына қатысты ұсынысын әріптесі Әсем Нүкенова толықтыра түсті.

"Егер алатын үй "Қолжетімді баспана" санатына жататын болса, зейнетақы жинағынан 1-2 млн теңгеге дейін алғашқы жарнаға алуға рұқсат етілуі керек. Үй қымбаттаған сайын оның мөлшері де көбейе береді. Бірақ бұл жинақтағы ақшаның 50%-ынан аспауы керек", – деді сарапшы.

Жиында айтылған ұсыныстардың барлығы инақталып мемлекет басшыларына нақты ұсыныс ретінде жолданатын болды.

"Президент  әкімшілігі мен Премьер-Министрге, "Атамекен" палатасына, министрлікктерге жолдаған хаттарда осы және өзге де нақты ұсыныстар көрініс тапқан. Бұл мәселелерді Үкімет деңгейінде көтереміз. Жаздан бері өңірлерді араладық. Бәрінің айтатыны, коммерциялық баспана салу тиімсіз болып барады", – дейді одақ өкілі.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу