Құрылыс компаниялары ауладағы тұрақтарға шүйлігіп отыр

13216

Әкімдік  берген кепілдіктің құны көк тиын.  

Құрылыс компаниялары ауладағы тұрақтарға шүйлігіп отыр

Қазақстан құрылысшылар одағының мұрындық болуымен өткен онлайн мәжілісте тұрғын үй құрылысына қатысты өзекті мәселелер талқыланды. Бейнеконференция қалыбында өткен жиында Құрылыс комитеті және тұрғын үй шаруашылығы жөніндегі комитет пен Нұр-Сұлтан қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының көптің сұрағына жауап берді.

Тұрғын үй салуға маманданған компания өкілдері қала аумағындағы бос жер телімдері туралы ақпараттың әлі күнге дейін қолжетімсіз екенін алға тартты. Осы қажеттілікті өтеу үшін құрылған Жылжымайтын мүлік регистрі де, Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі де өз міндеттерін мүлтіксіз орындай алмай отыр. Кәсіпкерлер бүкіл халыққа емін-еркін ұсынылуы тиіс ақпараттың тасада жатуы салада жемқорлық тәуекелдерін өршітіп отыр деген уәж айтты.

"Кез келген интернет қолданушыға ыңғайлы, түсінікті геопорталдың болмауы жемқорлық тәуекелдерін күшейтеді. Қандай жердің бос тұрғанын немесе кімнің иелігінде екенін білу үшін көп жүгіру керек. Мемлекеттік органдарға жүгінсеңіз, құзыреттері шектеулі екенін айтып, бір-біріне сілтейді. Біздің Алматыда да картогарфиялық жобаны таныстырған. Бірақ картаның қарапайым адамға түсініксіздігі, онда толық ақпараттың болмауы көп кедергі келтіреді. Порталдағы кейбір телім туралы ақпараттар ескірген болып шығады. Ұдайы жаңалап отыру  жайлы айтудың өзі артық.  Сондықтан жерді заң жүзінде рәсімдеп әуре болғанша, біреуден сатып ала салған оңайырақ. Осылайша жемқорлық тәуекеліне жол ашып отырмыз", – дейді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңес мүшесі Баниямин Файзуллин.

Нұр-Сұлтан қаласы сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасының басшысы Нұрлан Уранхаевтың айтуынша, бұл мәселе алдағы 2-3 айдың ішінде шешілетін түрі бар. Жылжымайтын мүлік регистрі мен  Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі дерек қорын біріктіріп, бірыңғай портау құру жоспарланып отырған көрінеді.

"Осы бірыңғай портал іске қосылса, көптеген ақпарат елге қолжетімді болмақ. Оған мемлекетік құпияға жататын ақпараттан басқа нысанның бәрі енеді. Электрондық үкімет ресурсы арқылы да жер телімі туралы ақпарат алу мүмкіндігі пайда болады", – деді басқарма басшысы.

Құрылыс менеджерлері коронавирус талайдың жоспарына өзгеріс енгізгенін айтады. Айнымалы кезеңде жер телімін пайдалану мақсатын өзгерту бойынша қиындықтар туындай бастаған. Ал заң бойынша жерді пайдалану мақсатын жылына екі-ақ рет өзгертуге болады. Мемлекеттік орган өкілдерінің жауабынан ұққанымыз, телімді пайдалану мақсатын бір жылда екі-ақ рет өзгерту нормасын кезінде құрылыс компанияларының өздері қолдап дауыс берген екен. Сондықтан, кеше ғана өзгерген норманы қайта жою үшін тағы да жан-жақты зерделеу қажет.

Технология дамып, мемлекеттік қызметтің басым бөлігін электронды түрде алып жатқан кезеңде жер комиссиялары не үшін қажет? Баниямин Файзуллин ортаға осындай сауал тастады.

"Түсінеміз, аукциондар мен конкурстар өткізу үшін жер комиссиясы қажет шығар. Ал телімді пайдалану мақсатын өзгерту үшін комиссия ұстау ескірген тәсіл деп айтар едім. Оның міндетін электронды құралдар мүлтіксіз орындап тұр. Бұл комиссия да жемқорлық тәуекелін арттырады", – деді ол.

Қызды-қыздымен құрылыс компаниялары тұрғын үй ауласынан орын тебуге тиіс көлік тұрақтарының санын қысқарту керек деген ұсыныс айтты. Олардың қисынына салсақ, ауладан көлік қаңтару үшін бөлінген орынның көбі текке тұр. Орнына басқа нысан салу әлдеқайда тиімді-мыс.

"Үй түсетін жер телімін сатып алған кезде шығынның бір бөлігі осы аула тұрақтарына кетеді. Бос қалатын тұрақтардың кесірінен пәтер бағасы қымбаттайды. Онымен бітсе бір сәрі, кейін көлік тұрағына салық төлеп, күзету қажет болады. Оның бәрі шығын. Сондықтан тұрғын үй ауласындағы тұрақтар санына қатысты талапты қайта қарап, санын қысқарту керек", – дейді "Orda Invest" корпорациясының басқарма төрағасы Шалқарбек Талипов.

Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті төрағасының орынбасары Алмаз Ыдырысов бұл мәселенің екінші жағына назар аударуды ұсынды.

"Тұрақтар мәселесі "Атамекен" ҰКП алаңында да қаралған болатын. Төменгі класты баспаналарға қойылатын талапты жеңілдетіп, тұрақтан санын азайту керек деген ой жиі айтылып жүр. Бірақ мемлекет бұл істе тек құрылысшылардың айтқанын тыңдамай, қоғамның пікіріне де құлақ асуы керек. Аулада тұрақ аз болса, жол шетіндегі көліктер кептелісті көбейтеді. Ауласы тар үйлерге өрт сөндіру, жедел жәрдем қызметінің көліктері кіре алмай жатады. Осының бәрін көріп отырған халық тұрақ санын қысқартуға қалай қарайды? Осы сауалға нақты жауап алмай нақты шешім шығару қиын. Сондықтан бұл мәселені 2-3 ай бойы зерделеп барып, жауап айтамыз", – деді Алмаз Ыдырысов.

Шара барысында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне көп сын айтылды. Шенеуніктер уәдесінде тұрмайтын болып алды дейді құрылыс менеджерлері. Мысалы, елорданың Сығанақ көшесінен бой көтерген үш бірдей тұрғын үй су мен жарыққа қосыла алмай отыр. Кезінде уәдені үйіп-төккен әкімдік жеме-жемге келгенде инфрақұрылым тартуға қаржы бөлінбегенін айтып, ауыздарын құр шөппен сүртіп отырған көрінеді.

Маңғыстаулық Айдар Исмагулов пен оралдық Самат Өрмағамбетов  мұндай бассыздық бүкіл Қазақстанға тән екенін айтады.

"Нұрлы жер" бағдарламасы  бойынша  салынған үйлердің кейбірінде де осындай проблема бар. Әкімдіктер кепілдік беріп алады да, кейін орындамайды. Біз Оралда үй салған кезде елдің тағатын тауыспайықшы деп инженерлік желіні өз қаржымызға тартып бердік. Әкімдік бюджетке енгізіп, өтеп беретін болған. Бірақ сөздерінде тұрмады. Енді ақша жоқ дегенді алға тартып отыр", – дейді кәсіпкер.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу