Үй құрылысына ешкім инвестиция салғысы келмейді

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
21529

Құрылыс компаниялары тұрғын үй құрылысына инвестиция тартудың баламалы көздерінің тапшылығын сезініп отыр. 

Үй құрылысына ешкім инвестиция салғысы келмейді

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2018 жылдың қаңтар-шілде аралығында үй құрылысындағы жалпы инвестиция көлемінің 82%-ы құрылыс компанияларының өз қаражаттары болған. Бұл соңғы 10 жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш. Демек биыл салынып жатқан үйлер негізінен құрылыс компанияларының өз ақшасы есебінен салынуда. Құрылысқа ешкімнің ақша салғысы жоқ. Банктердің де.

Айта кетейік, былтыр қаңтар-шілде аралығында құрылыс компанияларының үй құрылысындағы өзіндік қаражаты 69% болса, алдыңғы жылғы жартыжылдықта 74%-ды құраған. 

Үй құрылысының негізгі инвесторы болуға тиіс банктер де құрылысқа ақша құюға құлықсыз. Биылғы алғашқы жеті айда екінші деңгейілі банктердің баспана салуға берген несиесі 14 млрд теңге болды. Бұл жалпы үй құрылысына салынған инвестицияның бар болғаны 2,4%-ы ғана.

Банктердің қарыз беруді тоқтатуы баспана құрылысындағы қаражатты азайтып жіберді. Бір жыл ішінде салалық портфельдің көлемі 184,7 млрд теңгеге, яғни 19%-ға күрт төмендеп кеткен. Ал банктердің салған қаражаты жалпы портфельдің 6%-ын ғана құрайды. Салыстыру үшін айта кетейік, 2009 жылы баспана салуға пайдаланылған қаражаттың 20%-ы банктердің берген несиесі болатын.

Банктерден қайыр болмағанын көрген құрылыс компаниялары енді әлеуетті тұтынушылар, яғни халықтың қаржыландыруына үміт артады. Ол үшін құрылыс компаниялары салынып жатқан пәтерлерді алдын ала сата бастамақ. Үй құрылысын кепілдендіру қорының мәліметінше, коммерциялық баспананың 60%-ы үлескерлік құрылыс екен. Мамандардың айтуынша, бұл үрдіс 2020 жылға дейін сақталмақ.

Жоғарыдағы мәліметке сенсек, былтыр жер үйлерді санамағанда жаңадан 72,9 мың пәтер салынса, соның 43,7 мыңы үлескерлік қаржыландырумен бой көтерген. Ал 2018 жылдың қаңтар-шілде аралығында 34 мың пәтер салынған болса, оның 20,5 мыңдайы үлескерлерден қаржылай қолдау көрген.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу