Шетелдік жұмысшыларды шектеу шаршы метрдің бағасына әсер ете бастады

12892

Пандемия құрылыс саласында маман тапшылығын туындатты.  

Шетелдік жұмысшыларды шектеу шаршы метрдің бағасына  әсер ете бастады

Қазақстанда баспана құны қымбаттауы мүмкін. Қазақстан құрылысшылар одағы мен Түркі әлемінің Орталық Азия бойынша инженерлер мен сәулетшілер одағы алғаш реті бірлескен мәжіліс өткізді. Осы шараға қатысқан Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев елімізде баспана әлі қымбаттай түсетінін айтты. Маманның сөзінше, бағаның құбылуына елдегі инфляция мен пандемияның қосалқы салдары себеп болмақ.

"Ащы болса да шындықты айту керек. Бізде баспана бағасы ұдайы өсіп келеді. Өйткені  ішкі инфляция құрылыс заттарын қымбаттатып отыр. Құрылыс заттарының 55-60 пайызын шетелден әкелеміз. Теңге бағамы құлдыраған сайын баға өседі.  Дәл қазір баға тұрақты көрінгенімен, экономика қалпына келіп, құрылыс заттарына сұраныс артқан кезде тағы өседі", – деген одақ төрағасы шаршы метрдің бағасына шетелдік жұмысшылардың санына қойылған шектеудің күшеюі де әсер ете бастағанын айтты.  

"Тұрғын үй құрылысында шаршы метрдің бағасына жұмысшылардың еңбекақысы сөзсіз әсер етеді. Үй бағасының шамамен 30 пайызын құрылысшылардың еңбекақысы айқындайды. Қазіргі таңда жұмыс күшінің ұсынысы аз, сұраныс көп. Әрине бұл бағаға әсер етеді. Қазіргі уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тыйым қойып отыр. Соның салдарынан мамандар келмей жатыр. Әр шетелдік жұмысшыны ресми түрде жұмысқа тартсаңыз 400 мың теңгедей төлем төлеуге тиістісіз. Сондықтан бұл кәсіпкерлікке, құрылысқа қиындық туғызуда. Бұл істе Жапонияның тәржірибесін алуға болады. Онда да жастар құрылысқа бармай жатыр. Сол үшін қазір онда вьетнамдықтарға 5 жыл визасыз кіруге рұқсат берілді. Өз мәселесін олар осылай шешіп жатыр, – дейді Талғат Ерғалиев.

Шетедік жұмысшының орнын қазақстандықтармен толтырудың өз қиындықтары бар көрінеді. Оны Талғат Ерғалиев отандық еңбек нарығында жұмыс күшінің аздығымен байланыстырады.

"Біз нарық заңы бойынша жұмыс істейміз. Өзіміздің отандастарымыздың ақша табу мүмкіндіктері көп. Біздің жастарға құрылыста қиналғанша, такси айдаған оңай. Қара жұмыс істеп қана екі күннің бірінде 10 мың теңге тауып жүргендер бар.  Бір күн істеп, екі күн демалып-ақ 150-200 мың теңге табады жалдамалы жұмысшылар. Оның үстіне құрылысқа нақты құзыреті бар, бір салада 10 жылдан астам табандап істеген мамандар керек. Ал жастардың тәжірибесі аз. Мысалы, 3-4 жыл бұрын Нұр-Сұлтанда бір шаршы метр ауданды өңдеу үшін  5-6 мың теңге төлесек, қазір ол 15 мыңнан 25 мыңға дейін көтеріліп кетті. Себебі ұсыныс аз. Қолмен жұмыс істейтін азаматтар аз. Жергілікті азаматтар тіпті жоқ деуге болады. Елордада көбінесе, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарынан келіп істейтін. Пандемия басталғанда ауылдарына қайтты да, келмей қалды. Қазір жұмысшы тауып берші деп хабарласатындар көбейіп кетті", – дейді ол.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу