Мектептердің автотұрағы ақылы болуда

2332

Білім ордасына оралған ата-аналар қызық жайға тап болды. 

Мектептердің автотұрағы ақылы болуда Фото: sputniknews.kz

Елордада мектептер көктемнен бері жабық тұрған. Тек бір ай бұрын олар кезекші сыныптарға жазылған оқушыларға есігін ашты. Бұл ретте ата-аналарға ішке кіруге тыйым салынған. Ересектер оған қарсы емес. Тек мектептің қасына да жолатпай қойғанына аң-таң.

Бақыт Қайдауылованың баласы №66 мектепте оқиды екен. Мектептің автотұрағы ақылы болып кеткенін біліп, қайран қалған, ашуы келген.

"Мектеп автотұрағы неге ақылы болып кеткен?! Астанада аяқ басқан сайын ақылы автотұрақтар белгілері самсап қойыла бастады. Мемлекетке салық төлейміз, сөйтіп бюджеттік мекемелерді қаржыландырамыз. Енді мемлекет білім ұйымының жанында көлігіңді уақытша қою үшін де ақы сұрайды. Бұл сауда орны емес қой. Сауда жасау үшін емес, баланы сабағына әкелу үшін келеміз", – дейді ана.

Әкімдікке шағым жолдап, білім ордаларының автотұрағын ақы жинаудан босатуды сұрап жатқан басқа да ата-ана бар.

Бір қызығы, шағымданушыларға өз блогы арқылы жауап берген Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов Елбасының және ел Президентінің тапсырмасын орындап жатқанын алға тартыпты.

"Елбасы Н.Назарбаевтың "Ақылы тұрақтар жүйесін ұйымдастыру бойынша іс-шаралар жоспарын қабылдау туралы" 2016 жылғы 27 сәуірдегі хаттамалық тапсырмасын және Президент Қ.Тоқаевтың "Негізгі қалалық орындарды МЖӘ тетігі негізінде заманауи автотұрақтармен және паркоматтармен жабдықтау шараларын қабылдау туралы" 2019 жылғы 8 қазандағы тапсырмасын орындау мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі арнайы жобаны жүзеге асыруда", – деді А.Көлгінов.

Бұл жерде мектептердің бұрынғы тегін тұрақтарынан енді қандай компанияның табыс табатыны да белгілі болды. Қалабасы "Астананың ақылы автотұрақ кеңістігін құру және пайдалану" жобасы қолға алынғанын жеткізді. Осы мақсатта "Астана тұрақ кеңістігі"  ЖШС құрылды. Әкімдіктің серігі сол. Оны Шыңғыс Досыбаев басқарады. Жасыратыны жоқ, тұрғындар форумдарда оны, тіпті, қарғап жатыр.

Елорда әкімі "осы жоба арқылы бас қаланың көшелеріне және жолдарына түсетін жүктемені азайту, жаяу жүргіншілердің және көліктердің қозғалысы үшін қолайлы шарттар туғызу" көзделіп отырғанын айтады. Әйткенмен бар жер ақылы болып кетсе, жүргізушілер көліктерін тура жүргіншілердің жолына, тротуарларға жаппай қоя бастамақ. Бұл жағдайда жаяу адамдар үшін қалай қолайлы жағдай туғызылатыны беймәлім.

"Жобаны іске асыру барысында да, сондай-ақ ол аяқталғаннан кейін де әкімдіктің ақылы автотұрақтарға бөлген жер учаскелері мемлекеттік меншікте қала береді. Ал №66 мектептің жайына келсек, ондағы жер телімі Нұр-Сұлтан әкімдігінің 2018 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен автокөлік қоюға арналған орын ретінде белгіленген. Кейін ол учаске "Астанада көлік құралдарын орынтұраққа қойғаны үшін ақы алуға және олардың орынтұрақта тұрған уақытын есептеуге арналған сертификатталған арнайы құрылғылармен жабдықталған орындарды айқындау туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы" жобасына қосылды", – дейді әкім.

Оның пікірінше, "Автотұрақтарды ақылы ету – жүргізушілерді қоғамдық кеңістікті анағұрлым жауапты пайдалануға, көлік қою уақытын нақты жоспарлауға ынталандырады".

Мысалы, ""Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаевтың мәліметінше, "Нұржол" ақылы болғалы онда жүргізушілердің көлік қою ұзақтығы бұрынғы тегін кездегі 4 сағаттан биыл 40 минутқа дейін күрт азайған.

"Осылайша, күні бойға қалдырылған автомобильдер саны қысқарады, тиісінше тұрақ орнын мейлінше көбірек жүргізуші қолдана алады. Бұған қоса, ақылы жолдар желісін ұйымдастыру жобасы қала көшелері мен жолдарында бейберекет автотұрақтардың жойылуына септеседі, жол қозғалысын жүйелендіреді және жүргіншілердің қауіпсіздігін арттыру үшін жағдай жасайды. Бүгінде бүкіл қала бойынша автотұрақ орындарында ақылы жүйе әзірге енгізілген жоқ. Тек "Нұржол" бульварында ғана ақы жиналады", – деді Нұр-Сұлтан әкімі.

Қала басшылығының дерегінше, ақылы тұрақтардан және айыппұлдардан түсетін қаражат жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға бағытталады. Бірақ жаңа жол төсеуге, әрине, жетпейді. Өйткені астана жолдарының құны өте қымбат: мысалы, биыл Қабанбай батыр даңғылын қайта жаңғыртуға 91,7 млрд теңгенің бөлінуі әлі күнге дейін аңыз ретінде айтылады.

Елорда әкімдігі автотұрақтар мен айыппұл қаражаты "жол белгілерін орнатуға, жолға таңба түсіруге, автобус аялдамаларын ұстап тұруға, бағдаршамдарға және жол жөндеуге жұмсалады" деп жоспарлауда.

Айтпақшы, автотұрақ ақылы болғанымен, ондағы көлікке зақым келсе, автобөлшектері ұрланса, оған ППА жауап бермейді.

"Біздің компания сақтандыру агенттіктерімен ынтымақтастық жасамайды. Әйтпесе, тұрақ үшін ақы әлдеқайда жоғары болар еді. Ашық қалалық автотұрақтарда қауіпсіздікті сақтау мүмкін емес. Өйткені әрбір автомобильдің автотұраққа кіргенге дейінгі және одан шыққанға дейінгі жай-күйін жан-жақты талдау және бағалау керек болар еді. Бұл тек ірі әрі жабық автотұрақтарда ғана рентабельді, кірісті іс: оларға адамдар машинасын ұзаққа қалдырады. Ал жұмысқа немесе сауда жасауға аз уақытқа ғана келген адамның машинасын бағалап жату орынсыз деп санаймыз", – дейді Ш.Досыбаев.

Демек, егер таңертең мектеп жанындағы ақылы болған автотұраққа көлігін қойған мұғалім кешке үйіне қайтарда оның жайрап жатқанын көрсе, "Астана тұрақ кеңістігі" ЖШС-дан да, әкімдіктен де әділдік пен өтемақыға қол жеткізе алмайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу