Комитет "қисық" министрлікті тәрбиелегенде

1716

Инвестиция және даму министрлігі кәсіпкер сұратқан құжатты беруден бас тартқан және министрліктің бұл әрекеті заңсыз болып шықты.

Комитет "қисық" министрлікті тәрбиелегенде

Осы орайда іске кіріскен ұлттық экономика министрлігіндегі бәсекелестікті қорғау комитеті өзінен құзыры да жоғары, құрығы да ұзын ведомствоны заң талабын орындауға көндірді.

Көндіргенде... "Атамекен" палатасының өтінішін қарастыру нәтижесінде, табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті, министрлікке бәсекелестікті қорғау саласындағы заң баптарын бұзғаны үшін ескерту жасап, олқылықты жою қажеттігін нұсқады.

Мәселенің мәнісіне үңілер болсақ, 2016 жылы инвестиция және даму министрлігі кәсіпкерлік субъектісіне өзінде қабылданған бірқатар құжаттың мәтінін беруден бас тартқан. Оның себебі ретінде мемлекеттік мекеме өкілдері сұралған актілердің жеке қолданыс мақсатында екенін және ИДМ қызмет аясында әрі дербес құзыры аясында кәдеге жаратуға арналғанын алға тартқан. Сонымен қатар "Ақпаратқа қолжетімділік туралы" заңмен реттелетін қарым-қатынас нысаны емес екенін келтірген.

Ал бас прокуратураның қисынды дәлел-дәйегі бұл желеумен жанаспайды. Өйткені қадағалаушы орган қызметкерлерінің айтуынша, ақпарат иесі осы мағлұматты пайдаланушыға кез-келген деректі табыстауға міндетті, әлбетте пайдалану аясы шектеулі ақпаратты қоспағанда.

"Атамекен" КҰП сарапшыларының байыптауынша, шектеулі ақпаратқа мемлекеттік құпия, жеке-отбасылық, дәрігерлік, банк, коммерциялық және басқа да заңмен қорғалатын құпиялар, сондай-ақ, "Қызметтік пайдалануға" жазбасы бар мәліметтер жатады.

"Заңның 11-бабының 16-тармағында ақпарат берілмейтін негіздемелер тізімі егжей-тегжейлі көрсетілген. Сұралған актілер жеке қолданыста деп айтылғанымен, өзге кәсіпкерлік субъектісіне ұсынылған, яғни қолжетімділігі шектеулі ақпараттан тұрмайды", – дейді КҰП кәсіпкерлерді құқықтық қорғау департаментінің сарапшысы Шыңғыс Теміров.

Бірақ ИДМ өкілдері КҰП хатына жауабында, бұл актілер өзге кәсіпкерге коммерциялық емес ынтымақтастық жайлы жасалған шарт бойынша берілгенін жеткізіп, тағы да құжатты беруден бас тартқан.

"Атамекен" сарапшылары құжатты азаматтық-құқықтық шарт негізінде бір бизнесменге беріп, екіншісінің құқығын кемсіту, Кәсіпкерлік кодексіне сай бәсекелестікке қарсы әрекет деп бағалады.

Осы ұстанымды арқау еткен кәсіпкерлер палатасы тексеру жүргізуді сұрап, Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетіне жүгінген.

Нәтижесінде 2016 жылдың 29 желтоқсанында монополияға қарсы комитет тексеріс қорытындысында министрліктің Кодекстегі 194-баптың 2-тармағы 9-тармақшасын бұзғанын анықтайды. Бұл дегеніңіз, мемлекеттік мекеменің жекелеген нарық субъектілеріне жеңілдіктер немесе басқа да артықшылықтар қамтамасыз ететін, бәсекелестерін қолайсыз жағдайға ұшырататын келеңсіз іс болып отыр.

Түйіндей келе, инвестиция және даму министрлігі бәсекелестікті қорғау бағытындағы заң бұзушылықты жоюы тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу