"Ком пала" – "Көкала", "Серебрянка" – "Күмістау" болып өзгереді

4067

Темір жол бекеттері атауын қазақыландыру ісі қайта басталды. 

"Ком пала" – "Көкала", "Серебрянка" – "Күмістау" болып өзгереді

Бұдан бұрын үкіметтің 2017 жылғы 29 қарашадағы қаулысымен бірден 85 темір жол стансасының атауы отарлық сипатынан арылған болатын. Оның ішінде 15 станса атауы өзгеріп, тағы 70 стансаның орыс тіліне бұрмаланған қазақша атауы түзелген. Алайда осыдан кейін бұл ізгі шара іркіліп қалды. Енді ол биліктің құптауымен 2020 жылы жаңа қарқынмен жалғаспақ. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі "Қазақстанның теміржол вокзалы кешенінің және кейбір теміржол стансаларының атауларын қайта атау және транскрипциясын өзгерту туралы" Үкімет қаулысы жобасын жариялады. Соған сәйкес, жалпы қарасы 71 вокзалдың маңдайшасындағы атауы қазақ ұғымына лайықталады.

Жалпы алғанда, мемлекетімізде барлығы 834 темір жол стансасы тіркелген. 
Үкіметтің жаңа қаулысы елордадағы жаңа терминалдың атауын да заңдастырмақ. Бұған дейін 2019 жылғы 2 сәуірдегі үкімет қаулысы бойынша "Астана-1" ескі темір жол вокзалы "Нұр-Сұлтан теміржол вокзалы" болып ауыстырылғаны мәлім. Ал қала шетіндегі, Ақмола облысы аумағында орын тепкен "Астана Нұрлы-жол" жаңа терминалы мен стансасы автоматты түрде "Нұр-Сұлтан Нұрлы жол" деп ауыстырылды. 

"Нұр-Сұлтан қаласының жаңа темір жол вокзалы кешені – "Нұрлы жол теміржол вокзалының кешені", Ақмола облысының тасымалдау бөлімшесінің "Астана Нұрлы-жол теміржол стансасы" – "Нұр-Сұлтан Нұрлы жол теміржол стансасы" деп қайта аталсын", – делінген жаңа үкімет қаулысында.

Бұдан бөлек Ақмола облысындағы "ОП-39" стансасының атауы – "Өндіріс теміржол стансасы", Ақтөбеде "Компала" стансасы – "Көкала", Шығыс Қазақстан облысында "Серебрянка" стансасы – "Күмістау", "Селезновка" стансасы – "Көкжиек", "Огневка" стансасы – "Таусамалы", "Зыряновск" стансасы – "Алтай" болып өзгереді.

Жамбыл облысында "Луговая" теміржол стансасы – "Түрксіб", Қарағанды облысында "Весна" стансасы – "Ақжолтай", "Промежуточная" стансасы – "Мыңбала", Солтүстік Қазақстан облысында "Новоишимская" теміржол стансасы – "Жаңаесіл", ал "Володарское" стансасы – "Саумалкөл" стансасына айналады. 

Қазақстанда көптеген вокзал мен станса атауы мемлекеттік тілде болғанымен, оның жанында орысша бұрмаланған түрі-транскрипциясы да қоса беріледі. "Шу–Чу" деген сияқты. Бұл кесірлі тәжірибеден біраз жерде бас тартылмақ.
Нәтижесінде, келесідей орысша атаулар жойылады, орнында тек мемлекеттік тілдегі атауы ғана қалады: 

Ақмола облысы бойынша:
Станция Тайнча – Тайынша.

Шығыс-Қазақстан облысы бойынша:
Балыкты-Коль – Балықтыкөл,
Талдынская – Талды,
Шоптыхак – Шөптіқақ,
Ушбийк – Үшбиік.

Жамбыл облысы бойынша:
Бурул – Бурыл,
Асса – Аса,
Жума – Жұма,
Каратау – Қаратау, 
Актаутас – Ақтаутас,
Табак-Булак – Табақбұлақ,
Жанатас – Жаңатас, 
Кумшагал – Құмшағыл, 
Акыр-Тюбе – Ақыртөбе,
Курагаты – Қорағаты, 
Берлик-1 – Бірлік-1, 
Жидели – Жиделі,
Кияхты – Қияқты,
Курмангазы – Құрманғазы, 
Карасай – Қарасай, 
Бурул-Байтал – Бурылбайтал, 
Мын-Арал – Мыңарал, 
Кок-Тобе – Көктөбе, 
Эспе – Еспе,
Ала-Айгыр – Алаайғыр, 
Кулакшино – Құлақшын, 
Бель – Бел, 
Анрахай – Аңырақай, 
Курдай – Қордай, 
Чокпак – Шоқпақ,
Сурум – Сүрім, 
Куркуреу-су – Күркіреусу,
Кайратколь – Қайраткөл.

Қарағанды облысы бойынша
Коктас – Көктас,
Сары-Шаган – Сарышаған,
Новалы – Науалы,
Каражингыл – Қаражыңғыл,
Ащи су – Ащысу,
Сары-Кум – Сарықұм,
Майкудук – Майқұдық,
Калагир – Құлайғыр.

Қызылорда облысы бойынша
Аккум – Аққұм,
Боройнак – Бөріойнақ,
Яныкорган – Жаңақорған, 
Жаилма – Жайылма,
Акмая – Ақмая,
Байгакум – Бәйгеқұм,
Бактысай – Бақтысай, 
Майлытогай – Майлытоғай,
Керкелмес – Керікелмес,
Караирим – Қараиірім,
Акжар – Ақжар,
Бостандык – Бостандық,
Енбекшиказах – Еңбекшіқазақ,
Сапак – Сапақ,
Карашеген – Қарашеген.

Түркістан облысы бойынша
Шорнак – Шорнақ. 

"ҚТЖ–Жүк тасымалы" АҚ менеджері Светлана Горобецтің түсіндіруінше, атауларды қазақшалау туралы бастамаларды негізінен, станса басшылары, жергілікті ақсақалдар, қоғам қайраткерлері, темір жол саласының ардагерлері көтереді. Бұл ұсыныстарды "Қазақстан темір жолы" компаниясы министрлікке жолдайды.

"Мысалы, 2018 жылы темір жол ардагерлері "Луговая" стансасы атауын өзгертетін кез келгенін айтып, оған "Түрксіб" деген атауды ұсынды. Себебі сол маңда атақты "Түркістан-Сібір темір жолының" құрылысы секілді тарихи оқиға жүрген. Шынында, бұл жол бүкіл әлемге танымал, аңызға айналған. Жамбыл облысындағы "Весна" стансасы "Ақжолтай" деп қайта аталады: сол жердің тумасы, қазақ батыры Ағыбай батырды ел осылай атаған. Оған әрдайым сәттілік серік болған, ақ жол болған, барлық әскери ұрыстарын жеңіспен аяқтаған. Ал "Зыряновск" стансасының "Алтай" аталуына Зырян ауданының Алтай болып өзгеруі ықпал етті", – дейді Светлана Горобец.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев вокзал мен станса атауларын өзгерту мемлекеттік бюджеттен қаржылық шығындарды талап етпейтінін, сондай-ақ теріс әлеуметтік-экономикалық, құқықтық салдарға әкелмейтінін айтады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу