Кондолиза Райс: "Уақыт Украинаның жағында емес"

2562

Сарапшылар соғыстың биыл қалай өрбитінін болжады.

Кондолиза Райс: "Уақыт Украинаның жағында емес" Фото: m.123ru.net

Кондолиза Райс (Condoleezza Rice) АҚШ тарихындағы тұңғыш қара нәсілді және Мадлен Олбрайттан кейінгі әйелдер арасынан шыққан екінші Мемлекеттік хатшы. Яғни, Америкадай алпауыттың идеологиялық мәселелерін анықтады. Үлкен саясаттан кеткен соң, өзінің сүйікті ғылымына оралды. 2020 жылдан бері Соғыстар, революциялар және бейбітшілік Гувер институтын басқарады. Кондолиза Кеңес империясының күш-қуатынан айырылып, ақыры күйреп тынуына ықпал еткен тұлғалардың бірі: Германия бірігетін, Кеңес Одағы ыдырайтын тұста, үлкен Джордж Буш әкімшілігінде АҚШ Президентінің КСРО және Шығыс Еуропа мәселелері жөніндегі кеңесшісі болды. Саясаттану докторы, профессор К.Райстың пікіріне америкалық истеблишмент пен элита да, сарапшылар да, қоғам да құлақ түреді, ден қояды.

Кондолиза Райс 2006–2011 жылдары АҚШ Қорғаныс министрі болған Роберт М.Гейтспен кеңесіп, The Washington Post газетіне Ресей және Украина арасындағы соғыстың өрбу барысына, Украинаның болашағына қатысты сараптама жариялады. Ол "Уақыт Украинаның жағында емес" деп аталады (Time is not on Ukraine’s side).

Сарапшылар Украина аумағындағы қарулы жанжалға қатысты тек бір нәрседе ғана сенімді болуға болатынын айтады, бұл – әскери іс-қимылдардың, күйреулердің жалғасатындығы.

"Владимир Путин сол бұрынғыдай, бүкіл Украинаны Ресей бақылауына толығымен оралту, егер бұл қолынан келмесе, оны тіршілікке қабілетті мемлекет ретінде жойып жіберу райынан қайтқан жоқ. Ол өзінің тағдыры ретінде мессиялық миссияны таңдады: кез келген жолмен Ресей империясын қалпына келтіруге ниетті. Ал осыдан көп жыл бұрын Збигнев Бжезинский тұжырымдағандай, Украинасыз ешқашан Ресей империясы болмайды. Біз екеуіміз де Путинмен істес болғанбыз, екеуіміз де оның уақытты өз одақтасы санап, соған шын сенетініне сенімдіміз. Сол себепті ол соғысты ұзаққа созып, украиналықтарды әбден зорықтырудан, Батыс әлемінде АҚШ пен Еуропаның бірлігіне сына қағылуынан, соның кесірінен Украинаны қолдау доғарылатынынан үміттенеді", – деген тоқтамға келді К.Райс пен Р.Гейтс.

Авторлар уақыт өткен сайын РФ экономикасы жайрап, халқы қатты жапа шегетініне, бірақ соған бола, олар соғыстан бас тартады деп сену аңғалдық болатынына назар аударды. Өйткені "өз тарихында орыстар бұдан да алапат тауқыметті, қасіретті бастан кешірген, бірақ жеңіс үшін кез келген құрбандыққа даяр".

Оның үстіне солтүстік көршіде адамдар сонша бағаланбайды, адами ресурс қатты құнсызданған. Мысалы, пандемия басталғалы, 2020 жылдан бері тек ресми мәлімет бойынша Ресейде індеттен 394 мыңнан астам РФ азаматы қайтыс болды. Бірақ мұны елеп отырған ел жоқ. Мобилизациядан миллионнан астам тепсе темір үзетін жастағы ер-азаматы бас сауғалап, өзге елдерге босып кетті. Қоғам оған да қыңбады, сынбады. Кремль жеңіс үшін кез келген көлемде әскер жинап, оны анық өлімге айдай алатынын жақсы біледі.

"Путин жеңілуді қарастырып отырған да жоқ. Ол өзі басып алып, Ресейдің бөлігі деп жариялаған төрт облысты Украинаға қайтармайды, өліспей беріспейді. Ол тіпті биыл бүкіл Украинаны бағындыруда әскери жетістікке жетпегеннің өзінде, көршісінің шығысы мен оңтүстігіндегі төл бекіністерін ұстап қалуға бар күшін салып, оларды болашақтағы үлкен жорық пен шапқыншылықтың плацдармына айналдырады. Мәскеудің бұл соғысы былтырғы бір жыл емес, өте ұзаққа созылуда. Ресей Қырымды басып алғалы сегіз жылдан астам уақыт өтті. Путин өз дегеніне жету үшін ғаламат тағат-төзім танытатынын қаперде ұстауға тиіспіз", – деді Кандолиза Райс.

Кезінде Кеңес Одағына қатысты зерттеулер жүргізіп, оның орталығы болған Ресейді жіті таныған қос ғалым тағы бір ескерту жасады. Саясаттанушылар, әскери сарапшылар, саяси шолушылар, блогерлер және басқасы Украинаның әне-міне, тез жеңіске жететінін болжап, тіпті биыл соғыс бітетінін жариялап, жұртты жігерлендіруде, желіктіруде. Бірақ шындық одан алыс жатуы ықтимал. Батыстың қолдауынан айырылып қалмау үшін Украина және оның армиясы Ресей қалаларын, ондағы азаматтық инфрақұрылымды жаппай бомбалап жатқан жоқ, ал Мәскеу мұнымен күн сайын дерлік айналысатынын шетелдік ақпарат құралдары үздіксіз хабарлауда. Украинаның жылу-электр орталықтары, қалалары, ғимараттары, тұрғын үйлері, білім ордалары, денсаулық сақтау нысандары және басқа да инфрақұрылымы зымырандардың және дрондардың үстемелете соққысынан тоқтаусыз қирап жатыр.

РФ Экономикалық даму министрлігінің таяудағы ресми болжамынша, Ресей экономикасының құлдырауы 2022 жыл қорытындысында 2,9%-ды құрауы ықтимал. Ал Украина Экономика министрлігінің мәлімдеуінше, 2022 жылы Украина экономикасы (ЖІӨ) оның тәуелсіз тарихындағы бұрын-соңды болмаған 30,4%-ға құлады. Тек осы кесірден арылу үшін ондаған жылдар талап етілуі мүмкін.

"Украина дұшпанды тойтаруда қаһармандық танытуда, оның Қарулы күштері жанқиярлық ерлігін паш етіп жатыр. Соған қарамастан, елдің экономикасы күйрей бастады. Он миллионнан астам тұрғыны босқынға айналды. Инфрақұрылымы жермен-жексен болу қарсаңында тұр. Оның экономикасына тірек болып, қуаттандырып келген пайдалы қазбаға толы кен орындары, алып өндірістік кәсіпорындары, ауыл шаруашылығы егістіктерінің үлкен бөлігі Ресей бақылауына өтті немесе соғыс жүріп жатқан аймақта қалды. Украинаның экономикасы да, әскери әлеуеті де бүгінде толығымен дерлік Батыстың, бірінші кезекте АҚШ-тың қолдауына тәуелді. Ал егер Украина тағы бір рет жау шебін бұзып өтіп, ресейлік әскерді ірі жеңіліске ұшырата алмаса, онда Батыс екі жақтың итжығысқа түскенін, тұйыққа тірелгенін байқап, атысты тоқтатып, бітімге келуі үшін Украинаға қысым жасауға кірісуі мүмкін", – деп алаңдайды К.Райс.

Бұл Киевке ескертпе болса керек. Сонымен бірге ұжымдық Батысқа да ескерту жасалды. К.Райс пен Р.Гейтс Мәскеудің бітім жағдайында соғыс ашқанын еске салады, яғни бітімді біржақты бұзды. Себебі, бұған дейін Батыс пен Ресей Минск-1, Минск-2 аталған келісімге келіп, соған Украинаны көндірген болатын. Ол бітім сегіз жылға ғана созылды және Кремльге әскер жасақтап, үлкен күшпен кең ауқымды басқыншылық жасауына мүмкіндік берді. Сондықтан қос автор Ақ үйді Украинаға әскери және басқа қолдауға екпін түсіруге және оны үзбеуге шақырды.

"Қазіргі жағдайда атысты тоқтату туралы кез келген келісім ресейлік күштерге оккупацияны жандандыру үшін тың күш жинауға жол ашады. Ондай бітім Мәскеу келесі шапқыншылыққа даяр болғанға дейін ғана ұзайды. Бұған жол беруге болмайды. Құрама Штаттар мен оның одақтастары үшін мұндай сорақы сценарийдің жүзеге асуына тосқауыл қоюдың жалғыз жолы – Украинаға әскери көмекті шұғыл түрде арттыру болмақ. Қару-жарақ пен әскери техника Украинаның ресейлік шабуылды тоқтатып, қарсыласты кері серпілтуіне жеткілікті көлемде болуға тиіс. АҚШ Конгресі осыған қажетті көлемде ақша бөлді. Енді АҚШ пен оның одақтастары ұрыс техникасын, бірінші кезекте бронды техниканы қажетті көлемде бөлуге саяси ерік-жігер танытуы, шешім қабылдауы қажет", – деп үндеді Кандолиза Райс пен Роберт Гейтс.

Олардың айтуынша, батыстық ауыр техниканы жеткізуде логистикаға қатысты проблемалар туындады. Мысалы, Американың негізгі соғыс танкі саналатын 62 тонналық "M1 Abrams"ты еуропалық трассалардың көбі көтере алмайды екен. Бірқатар дерек бойынша ол украиналық қара топырақты жерде де қозғала алмай қалуы мүмкін. Әйтпесе, Абрамстар соғысқа кіріссе, жолында кездескен дұшпанның барлық бронды техникасын тапап, жаншып өтетін еді.

Сондықтан Германия, Франция және басқалары әлдеқайда жеңіл өз танктерін ұсынғаны жөн. Сарапшылар НАТО елдерін украиналықтарды алыс қашыққа ұшатын зымырандармен, заманауи соққы беруші дрондармен, артиллериялық снарядтармен және басқа оқ-дәрілермен, барлау мен бақылауға арналған заманауи аспаптармен жете қамтамасыз етуге үндеді. Батыс мұның бәрін "тамшылатып", араларына ай салып беріп отыр, ал қос автор мұның бәрі бірнеше апта ішінде жеткізілуі керек деп табандады.

Кандолиза Райс Екінші Дүниежүзілік соғыстың бастапқы кезеңінде гитлерлік армиямен жалғыз соғысқан Ұлыбританияға басында АҚШ көмек бермей, созбалаңға салғанын ойға оралтты.

"Украина Президенті Владимир Зеленскийдің өткен айдағы АҚШ Конгресі алдындағы сөзі 1941 жылғы ақпандағы Уинстон Черчиллдің сөзін еске түсірді, ол: "Бізге құрал беріңіздер, ал біз жұмысты аяқтаймыз" деген болатын. Біз Байден әкімшілігінің Ресеймен тікелей қақтығыс-конфронтацияға түспеу шешіміне келісеміз. Алайда күш жиып алған Кремль ақыры бізге ешқандай таңдау қалдырмай тастауы мүмкін. Ресеймен болашақтағы қақтығыстан құтылу үшін дәл қазір Украинаға оккупантты тойтаруына көмектесуге тиіспіз. Тарихтың осы сабағын басшылыққа алғанымыз жөн. Тарихи мүмкіндікті жіберіп алып, қапы қалмауымыз керек", – деп түйді Кандолиза Райс пен Роберт Гейтс.

Өткен аптаның соңында Америка Украинаға және оны қолдаған елдерге рекордтық көлемде – 3,75 миллиард доллардан асатын әскери көмектің жаңа топтамасын бөлді. Бұл туралы АҚШ-тың іс басындағы Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен жариялады. Бұл соманың ішінде 682 миллион доллар НАТО-ға мүше еуропалық елдердің украиналық армияға аттандырған әскери техникасының орнын толтыруға жұмсалады.

Ақ үй мәлімдемесінен соң Пентагон жаңа пакеттің жай-жапсарын жариялады. Оның аясында Украинаның өзіне "Брэдли" атты 50 БМП (жаяу әскердің ұрыс машинасы), минаға қарсы қорғанысы бар MRAP маркалы 55 броньды машина, M113 маркалы 100 брондытранспортёр, 500 танкке қарсы қару және оған 250 мың оқ-дәрі тимек. Бұдан бөлек, қазіргі кезде снарядтары таусылып, қаңтарылып тұрған украиналық "БУК" зениттік-зымыран кешендерінен атуға лайықталған, жерден аспандағы нысананы құлататын Sea Sparrow зениттік зымырандары беріледі. 138 тактикалық, шабуылдауға арналған "Хаммер" жол талғамайтын көліктері, әуе шабуылынан қорғанысқа, жоғары мобильді артиллериялық зымыран кешендеріне арналған сантүрлі оқ-дәрілер, пулемёттар, снайперлік винтовкалар және басқа қару-жарақ жеткізілмек. Айтқандай, атақты М142 HIMARS-тар да қосымша жеткізіледі. Бірақ алғаш рет АҚШ олардың санын құпияландырды.

Әскери сарапшылар осы техника тезірек жеткізілсе, ол ЗСУ-ға контршабуылға шығуға мүмкіндік бере алатынын айтуда. Демек, қарулы жанжалдың ары қарай қалай өрбитіні де Батыс елдерінің қаруды қаншалықты жылдам жеткізе алатынына байланысты болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу