Конституциялық сотқа жүгінген азаматтардан ақы жиналуы мүмкін

1374

Алдағы референдумның және Ата заңға өзгерістердің басты бір жаңалығының егжей-тегжейі белгілі болды. 

Конституциялық сотқа жүгінген азаматтардан ақы жиналуы мүмкін

Бұқара және блог-өрістегілер конституциялық реформа нәтижесінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың біраз өкілеттіктерден айырылып, оларға шектеу енгізілетінін, Мәжілістің аралас пропорционалды-мажоритарлы сайлау жүйесімен қалыптастырылатынын, Сенаттың үстемдігін жоғалтып, беделі аз ұйымға айналатынын талқылап жатыр.

Ал биліктегілердің аз шоғыр тобына ғана кеңес берумен шектелетін орган – Конституциялық кеңесті жойып, орнына құрылатын Конституциялық сотқа (КС) қатысты қызу пікірталастар тек эксперттер ортасында жүруде.

Дегенмен оның қарапайым азаматтарға қатысты жаңалығы да бар көрінеді. Мысалы, оған жүгіну тегін болмайды.

Мемлекет басшысы 16 наурыздағы жолдауында Конституциялық сотқа кез-келген адам өз сауалын жолдай алатынын айтты. Конститутциялық сот Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын тиімді қамтамасыз етеді деген болатын.

Қазақстандықтар Парламент қабылдаған заңдар, Үкімет бекіткен қаулылар, әкімдіктер мен мәслихаттар шығарған шешімдер "конституциялық құқықтарын бұзады және Ата заң нормаларына қайшы" деп санаса, ол құжаттар үстінен Конституциялық сотқа шағым түсіре алады. Жаңа тұрпатты сот билікті емес, бұқара не бизнесті жақтаса, Конституцияның мағынасы мен рухына жат құжат күшін жояды.

Конститутциялық сот шешімі – қабылданған күнінен бастап күшіне енеді, республиканың бүкіл аумағында жалпыға бірдей міндетті, түпкілікті болып табылады және оған қарсы шағым түсіруге болмайды. Себебі одан биік тұрған сот инстанциясы жоқ.

Әйтсе де, Конституциялық соттың өз қызметі үшін жүгінушілерден қанша ақша алатынын Үкімет белгілейтін болды. Осы мақсатта Салық кодексіне түзету енгізетін заң жобасы әзірленді.

Әділет министрлігі қарапайым соттарға жүгіну де "тегін" еместігін еске салады. Мемлекеттік баж төлеу талап етіледі.

"Елімізде сот ісін жүргізудің жаңа түрі – конституциялық сот ісін жүргізу енгізілгелі тұр. Оны тек Конституциялық сот жүзеге асырады. Бұл ретте қолданыстағы Салық кодексінің 70-тарауына сәйкес, соттарға жүгіну үшін мемлекеттік баж алынады. Тиісінше, мемлекеттік баж ставкалары белгіленген. Сондықтан конституциялық сот ісін толыққанды жүргізу, тиісті фильтрді және құқық қолданудың біркелкі тәжірибесін қамтамасыз ету үшін Конституциялық сотқа берілетін шағымдардан да мемлекеттік баж алу тәртібін регламенттеу қажет", – деп түсіндірді Әділет министрлігі.

Осыған байланысты әзірленген жаңа заң жобасымен Салық кодексіне "Конститутциялық сот үшін мемлекеттік бажды өндіріп алу тәртібін реттейтін" тиісті түзетулер енгізілмек. Құжатта жаңа мембаждың нақты мөлшері және кейбір санаттарды оны төлеуден босатудың негіздері белгіленеді.

Бұдан басқа, мемлекеттік бажды алу объектілерін кеңейту және мемлекеттік баждың төленген сомасын қайтару негіздері бөлігінде нақтылаушы түзетулер қарастырылмақ.

Бірден айта кетелік, Үкімет жаңа сотқа шағымданушылардан қанша ақша жинау керектігі жөнінде әзірге бір тоқтамға келе алмаған. Әділет ведомствосы Ресейді үлгі етуді ұсынып отыр.

"Ресей федерациясының Салық кодексінің 333.23-бабында РФ Конституциялық соты қарайтын істер бойынша мемлекеттік баж мөлшері анықталған. Оған сәйкес РФ Конституциялық соты қарайтын істер бойынша мемлекеттік баж келесі мөлшерде төленеді. Біріншіден, сұрау немесе өтініш жіберілсе, 6 750 рубль (шамамен 47 мың теңге). Екіншіден, ұйым шағым жіберсе де – 6 750 рубль. Үшіншіден, жеке тұлға шағымданса – 450 рубль (шамамен 3,1 мың теңге). Бұл ретте РФ Конституциялық соты төлеушінің мүліктік жағдайын ескеріп, оны мембаж төлеуден босатуы немесе оның мөлшерін азайтуы, сондай-ақ оны төлеуді кейінге қалдыруы мүмкін", – деп түсіндірді министрлік.

Бірақ бажды негізінен, бәрі дерлік төлейді, босатылатындар сирек. Үлгіге алынып отырған Ресейдің Салық кодексінде мембажды төлеуден тек РФ Жоғарғы соты, жалпы юрисдикция соттары, төрелік соттар және бейбітшілік соттары, сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры, Ресей батыры және "Даңқ" орденінің толық кавалерлері ғана босатылады.

Әрине, бұл Қазақстандағы Конституциялық сотқа жүгінудің ақысы 3 мың теңгедей болады деген сөз емес. Одан көп не аз болуы да мүмкін. Әділет министрлігі тағы бір "одақтасымыз" – Арменияның да үлгісін пысықтағанын жеткізді.

"Арменияның "Мемлекеттік баж туралы" заңына сәйкес Конституциялық сотқа жүгінгендер базалық баждың 30 еселенген мөлшері, атап айтқанда 30 000 драма (шамамен 29 мың теңге) төлеуге тиіс. Арменияда мембажды жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлға мәртебесі жоқ кәсіпорындар аударуға міндетті", – деп мәлім етті меморган.

Азаматтардан ақы жинауға бекінген екен, Үкіметіміз Грузияның үлгісін алғаны жөн сияқты. Грузияның "Мемлекеттік баж туралы" заңына сәйкес Конституциялық сотта қаралатын істер бойынша жеке тұлғалардан 10 лари (шамамен 1 500 теңге) алым алынады.

Жалпы еліміздің Конституциялық сотын мемлекет қаржыландырылады, оның судьяларының жалақысы өте жоғары болады деп күтілуде. Яғни, шағымданушы халықтан жиналатын алымға күні қарап тұрған жоқ. Демек бұл ақы аз, тек "символикалық шамада" болғаны абзал. Әйтпесе, азаматтар қолды бір сілтеп, өз құқығын қорғауға белсенбейді.

Қазіргі кезде Конституциялық кеңес жанынан құрылған "ҚР Конституциялық соты туралы" конституциялық заң жобасы бойынша жұмыс тобының мүшелері жаңа орган қызметінің жай-жапсарын талқылауда.

Конституциялық сот төрағаны қоса есептегенде, 11 судьядан тұратын болады. Заң жобасында олардың өкілеттік мерзімін 6 жылмен шектеу ұсынылған. Бір тұлға Конститутциялық сот судьясы болып, екі рет қана тағайындала алады. Яғни өмір бойы КС судьясы бола алмайды.

КС төрағасын Сенаттың келісімімен Президент тағайындайды. Төрағаның орынбасары кім болатынын да Президент таңдайды. Мемлекет басшысы сондай-ақ КС-тің 4 судьясын өзі тағайындайды. Тағы 3 судьясын – Сенат, 3 судьясын – Мәжіліс тағайындайды.

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев жаңа соттың пәрменділігі оның судьяларының тәуелсіздігіне тікелей байланысты болатынын айтты. КС Ресейде де бар, бірақ ол биліктің, Кремльдің шашбауын көтереді, ол не айтса, соны орындайды.

"Қазір бізде бұл сот туралы жаңа заң жобасы әзірленді. Ол жоба бойынша жұмыс тобы құрылды. Оған мен де мүшемін. Топта қызу пікірталас жүріп жатыр. Республикалық адвокаттар алқасы Конституциялық сот судьяларының өкілеттігін ешкім тоқтата алмауға тиіс деп талап етті. Олай болмаса, әркімге жалтақтайтын болады. КС судьясы қайтыс болса, қылмыс жасағаны дәлелденіп, соттың айыптау үкімі күшіне енсе немесе әрекетке қабілетсіз деп танылса ғана өкілеттігін тоқтатуға болады. Бұл соттың тәуелсіздігі – билікті ешкім тартып алмайтынының және азаматтардың конституциялық құқығын бұзғандардың тиісті жазасын алататынының кепілі болады", – дейді Айдын Бикебаев.

Қалай болғанда, сарапшылар елімізде 1993-1995 жылдар аралығында жұмыс істеген Конституциялық соттың құзыреті жоғары болғанын еске салады. Әйткенмен билік дәл сол Конституциялық сотты өзімен бақталас болған Жоғарғы сотты таратып жіберуге пайдаланған екен. Депутаттыққа кандидат Татьяна Квятковскаяның шағымын қараған КС 1995 жылдың 6 наурызында "Сайлау туралы кодексті бұзғаны үшін" деген сылтаумен Парламентті легитимді емес деп таныды. Сөйтіп ел тарихында "суперпрезиденттік" басқару дәуірі басталды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу