Кооператив ешкімді өз меншігінен айырмайды

3445

Бірақ, жалпы, кооперативті халық бұрынғы ұжымдастырумен шатастырады, дейді алғашқы коопертив құрылатын аудан әкімшілігі

Кооператив ешкімді өз меншігінен айырмайды

Ауыл шаруашылығы министрлігі Қарағанды облысы Нұра ауданында елде алғашқы кооперативтерді құру жұмыстарын бастап кетті. Қазіргі таңда ұйымдарды мемлекеттік тіркеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Егер кооператив қызметі өз жемісін беріп жатса, республиканың барлық ауданында бұл іс қолға алынады.

Бірер күн бұрын ғана көпшілікке таныстырылған Ауыл шаруашылығын дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында үйдегі жеке қосалқы шаруашылықты дамыту мен одан пайда табудың жолдары қарастырылған. Осы мақсатта Нұра ауданындағы 12 ауылдың барлығында ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылмақ.

Нұра ауданының әкімі Ниханбай Омархановтың айтуынша, кооператив құрудың алғашқы жобасын іске асыру ретінде бұл ауданның таңдап алынуы бірінші кезекте географиялық ерекшелігіне, яғни республикалық маңызы бар күре жолдың бойында орналасуы мен облыс орталығына және Астанаға жақындығына байланысты. Сонымен қатар, бір кезде аудандағы кейбір ауылда бұрын сүт шаруашылықтары жұмыс істеген екен.

Жергілікті биліктің жоспарынша, келесі жылдың ақпанына дейін ауданға қарасты барлық ауылда сүт және ет қабылдау мекемелері ашылмақ. Ал 1 наурыздан кооперативтер өз жұмысын бастап, ауыл тұрғындары қолдарындағы сауын сиырларының артылған сүтін литріне 80 теңгеден өткізе бастайды.

Майоровка ауылының тұрғындарымен кездескен аудан әкімі құрылатын кооперативтің пайдасын былай түсіндірді:

"Бүгінде әр отбасы қолында мал ұстайды. Күнделікті ішіп-жемінен артылған сүтті сатқысы келетіндер аз емес. Өнімді сатып алуға дайын тұрған ешкім жоқ. Облыс орталығы мен Астанаға жеткенше сүт ашып кетеді. Сол себепті ауыл шаруашылығы министрлігі аудандағы әр ауылға сүт қабылдау мекемесін салып береді. Енді кез келген адам отбасынан артылған сүтті сүт қабылдау мекемесіне өткізіп, қосымша табыс табатын мүмкіндігі болады".

Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда аудандағы 12 ауылда 3 256 отбасы болса, оларда 10 500 ірі қара бар екен. Соның ішінде 5 500 сауын сиыр. Егер бір сиыр жылына 2 мың литр сүт берсе, ауданда жылына 10 500 тонна сүт сауылмақ. Соның ішінде артылатын өнім шамамен 4 мың тонна шамасында болады деп болжануда.

Қазіргі таңда аудан басшылығы республикадағы 6 сүт зауытымен келіссөз жүргізіп жатыр екен. Соның ішінде Солтүстік Қазақстан облысының сүт зауыты Нұра ауданында зауыт ашуы мүмкін екені айтылуда. Қазіргі таңда сүт өнімдерін шығару үшін ұнтақ сүтті қолданатын аталған зауыттар үшін ауданның табиғи өнімі ұтымды ұсыныс болар еді, дейді әкім.

Кооперативтердің құрылуына ауыл тұрғындары да кет әрі емес. Майоровка ауылындағы шаруа қожалығының иесі Ерден Нышанқұловтың айтуынша, кооператив құрылса, ауыл тұрғындарына қосымша табыс көзі болар еді.

"Қазір қолда 30-40 бас сауын сиыр ұстаймын. Күнделікті тұтынуға соның тек он шақтысын ғана сауып отырмын. Қалғандарын сауғанмен сүтті қазір ешкім алмайды. Қалаға апару да оңай емес. Анда-санда бірер литр сұрайтындар бар. Бірақ, олардың ұсынатын бағасы өте арзан. Ал кооператив құрылса, литріне 80 теңгеден қабылдаса, халыққа қосымша табыс болар еді", – дейді Ерден Нышанқұлов.

Ал осы ауылдағы екінші бір шаруа Иван Кильб кооператив құрылмай-ақ өзінің өнімін оңай саудалап отырғанын айтады. "Кооперативтің қалай жұмыс істейтіні туралы әзірге ештеңе айта алмаймын. Бірақ, мен қазірдің өзінде өнімді қалаға апарып сатып отырмын. Кооперативтің халыққа ешқандай жауапкершілік артпайтыны белгілі, әрине, сүтін сата алмай отырғандарда бұл да үлкен мүмкіндік", – дейді ақсақал.

Әкімнің айтуынша, әр ауылда бір-бірден құрылатын кооперативте кемінде 20 адам жұмыс істеуі керек. Оның басшысын ауыл халқы сайлағаннан кейін, кооператив төрағасы сүт қабылдау мекемесін сатып алу үшін ҚазАгро қорынан несие рәсімдейді. Бір сүт қабылдау мекемесінің бағасы шамамен 5 млн теңгеден басталса, мемлекет соның не 30%-ын, не болмаса 50%-ын бірден өзі жауып тастайды.

Ал қалған қарыз кооперативтің мойнына жүктеледі. Бір қызығы, ауыл халқынан 80 теңгеге сүт сатып алған кооператив үстінен ақша көрмей, сүтті сол құнымен зауытқа сатады. Ал 20 адамды жұмыспен қамтып отырған кооперативтің ақшасын тағы да мемлекет төлейді екен. Осы мақсатта сүт қабылдау мекемесін қабылдаған әр литр сүтіне мемлекет 10-15 теңге субсидия береді. Осы қаражатты кооператив жалақы мен несиенің қарызын төлеуге жұмсайды.

Айта кетерлігі, кооперативке кірген азаматтар да, кірмегендер де өз өнімдерін сүт және ет қабылдау мекемесіне өткізе береді. Соған байланысты халықтың көкейінде қалған бір сұрақ: "Кооперативтің берері не?".

Аудан әкімінің айтуынша, кооперативке мүше шаруа қожалықтарына алдағы уақытта мал тұқымын асылдандыру мен түрлі несие рәсімдеуге көмек берілмек.

Ет қабылдау мекемелері де сүт саудасымен қатар жүргізілмек. Оның құрылғылары мен қызметкерлеріне мемлекет әлгіндей көмек береді. Әр сойылған мал басына мемлекет кооперативке 20 мың теңгеден төлейді. Шаруа мен қарапайым тұрғынға ешқандай да жауапкершілік артылмайды.

Бір ерекшелігі, ет қабылдау мекемесі айына бір күнді санитарлық күн ретінде жариялап, тек қана ауру малды союға арнайды. Ондағы мақсат – ауру малдың санын азайтып, жұқпалы дерттің алдын алу. Ал олардың өнімі аса ыстық температурамен дайындалатын өнімдер зауытына жөнелтіледі.

"Жалпы, кооператив бастамасын халық бұрынғы ұжымдастырумен (колхоздандырумен) шатастырады. Бұл екі істің тіпті де ортақ жері жоқ. Ешкім де өз меншігін мемлекетке өткізбейді", – дейді аудан басшылығы.

Бауыржан Мұқанов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу