Қорғаныс министрі тіл жанашырлары мен сала ардагерлеріне неге жақпады?

2941

Мәжіліс отырысынан шыққан министр қазақ тілді журналистердің сұрағына қазақша жауап беруден жалтарды. Ол оғаш тірлігін тосын себеппен түсіндіріп, саясат сахнасынан баяғыда зейнеткерлікке кетіп қалған Елбасын еске алды.

Қорғаныс министрі тіл жанашырлары мен сала ардагерлеріне неге жақпады?

Сонымен қазақстандық бюджеттен жалақы алып отырған қазақстандық Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мемлекеттік тілі – қазақ тілі болып табылатын Қазақстанда "егер қазақша сұхбат берсем, өзгеге жақпай қаламын" деп ойлайды екен.

"Мен де қазақпын ғой", – деп ақталды Руслан Фатихұлы осы айыбын бетіне басқан тілшіге. "Онда неге қазақ тілінде сұхбат бермейсіз?", – деп аңтарыла сұрады ақпарат құралдарының өкілдері. 

"Вы знаете, вот посмотрите: наш Первый Президент–Елбасы говорил так: "Когда собираются 100 казахов и среди них один не казахоязычный, тогда мы переходим на русский язык для того, чтобы не оскорбить чьи-то чувства. Поэтому когда мы с вами будем один на один разговаривать, то қазақша сөйлейміз. Жарай ма?", – деп Қорғаныс министрі теріс айналып, кетіп қалды. Мұны ізінше өз сюжетінде 31-ші телеарна көрсетті.  

Осыдан кейін одан енді жұрт түңілді. "Мұндай Қорғаныс министрімен Қазақ елі еш жаудан қорғана алмай, бірінші күні беріле салады екен", – десті пікір білдірген қазақстандықтар.

Ал құқықтанушы Жандос Өстемір Үкімет мүшелеріне шағым жолдады.

"2022 жылдың 21 сәуірінде Қорғаныс министрі Р. Жақсылықов Парламентте журналистерге берген сұхбатында мемлекеттік тілде сөйлесем, басқалардың сезімін қорлаймын дегенге келтірді. Бұл айтқаны дөрекі әрі Қазақстан азаматы ретінде менің ар-ожданын мен қадiр-қасиетiме нұқсан келтiреді. Мені қорлайды. Қорғаныс министрі Жақсылықовтың мәлімдеуінше, қазақша сөйлеу, көпшілік алдында сауалға қазақша жауап беру – басқа адамдардың абыройы мен қадiр-қасиетiн кемсіту екен. Руслан Жақсылықов мемлекеттік қызметкер ретінде жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын және Мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебінде көзделген өзге де әдеп қағидаларын бұзды деп санаймын!", – деді Ж. Өстемір.

Ол "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" заңының 49-бабында "Мемлекеттік қызметшілер: 2) мемлекеттік саясатты жақтауға және оны дәйекті түрде іс жүзіне асыруға, өзінің әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайтуға, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуге; 3) мемлекеттік қызметке, мемлекетке және оның институттарына қоғамның сенімін сақтауға және нығайтуға; 4) жалпыға ортақ қабылданған моральдық-әдептілік нормаларын сақтауға" міндетті деп бекітілгенін еске салды.

Егер биік лауазымды шенеунік мемлекеттік тілде сөйлесем, өзгені кемсітемін деп мәлімдесе, содан соң ол тілде кім сөйлейді?

"Мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексінде "мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік тілге құрметпен қарауға міндетті" делінген. Қорғаныс министрі сол нормаларды бұзды деп санаймын. Министр Руслан Жақсылықов Президент Қ. Тоқаевтың "Ұлттық қауіпсіздік қазақ тілінен басталады" және "Мемлекеттік қазақ тілін игеру – патротизмнің басты белгісі!" деген қағидасына қарсы әрекет жасады. Ол мемлекеттік саясатты жақтау және оны дәйекті түрде жүзеге асыру, өз әрекеттерімен мемлекеттік биліктің беделін нығайту, мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеу міндеттерін бұзды деп санаймын! Осы себептерден Руслан Жақсылықовтың жазалануын және орнынан босатылуын талап етемін!", – деп жазды Жандос Өстемір Үкімет мүшелеріне шағымында.

Негізі, Қорғаныс министрлігінің басшылығына тіл жанашырларының ғана емес, сондай-ақ сала жанашырларының да көңілі толмайды.

Ардагерлер неге өкпелі?

Қорғаныс ардагері, кезінде ұлттық Қарулы күштерді құрудың бастауында тұрған сардарлардың бірі, Әуе қорғанысы күштеріндегі алғашқы қазақ командирлердің бірі Асхат Бейсеновтің айтуынша, министрлік зейнеткерлікке шыққан әскерилерден теріс айналатын көрінеді.

"Зейнеткер атанғаннан кейін тап болған бірнеше проблемаға назар аудартқым келеді. Біріншіден, Қазақстан Қарулы күштерінің зейнеткерлерімен жұмыс, ықпалдастық нашар екен. Мысалы, зейнетке шыққаныма 5 жылдан асты, осы кезеңде армия ұйымдастырған бірде бір салтанатты іс-шараға шақырылмадым. Бәлкім, тек Ардагерлер кеңесіне кіретіндерді ғана шақыратын шығар. Жарайды, мені ғана шетке қаққан шығар десем, мен сұрау салған өзге зейнеткерлеріміз де осындай жағдайда екені анықталды. Арасында зейнеткер болғанына 10 жыл өткендер бар", – дейді ол.

Олар "Бізді запасқа шығарды да, ұмыт қалдырды, қолданыс мерзімі өтіп кеткен материал, сынған ойыншық сияқты болып қалдық. Тек өмірден өткенде, жерлеу үшін еске алады" дейді.

Екіншіден, Асхат Бейсенов Қарулы күштердің зейнеткерлерін жұмыспен қамту да жолға қойылмағанына қынжылады. Оның өзі 9 ай жұмыссыз, зерігіп отырыпты. Кейін бұрынғы қаруласының көмегімен "Қазақстанның авиациялық индустриясы" ЖШС-іне қызметке тұрыпты. Оның әскери зауытында кадр бөлімінің бастығы лауазымында екі жылдай еңбек еткен.  

"Мен келгенде, зауытта запастағы 5 әскери ғана жұмыс істеді. Бас директорымыз, запастағы полковник Қуат Сұлтанбековтің қолдауымен Қарулы күштеріміздің 71 бұрынғы әскериін жұмысқа алдық. Қуат кеткен соң, 2019 жылғы қазанда мен де тараптар келісімімен шығарылдым. 2020 жылғы 31 қаңтарда 157 жұмыскердің арасында бұрынғы әскерилердің 65-і қалды. Оның 58-і тәжірибесі мол сала зейнеткері. Оның 40-ы – авиацияның білікті мамандары. Алайда 2019 жылғы 1 наурыз бен 2020 жылғы 1 ақпан аралығында зауыттан 39 жұмыскер, оның ішінде 15 ҚК зейнеткері жұмысынан босатылды", – дейді ол.

Оған зейнеткерлікке шыққан, әскери салада орасан зор тәжірибесі бар, дайындық деңгейі жоғары, тіпті академиялық білімге ие және Бас штабта еңбек еткен (құпия құжаттармен жұмыс істеген) көптеген офицер жұмыс сұрап, жүгініпті. Осыдан-ақ бұл тұрғыда үлкен мәселе қордаланып жатқанын ұғынған.

"Азаматтық өмірде бізді, әскерилерді тек қатардағы күзетші бейнесінде ғана көреді, сондай қызмет ұсынады. Сондықтан Қорғаныс министрлігі әскери, қорғаныс кәсіпорындарында білімі мен біліктілігі жоғары запастағы әскерилер мен зейнеткерлерді басымдықты түрде жұмысқа алу саясатын енгізсе жөн. Жылдар бойы тәжірибе жиған әскерилерді лақтырып тастай салсақ, тәжірибе мен біліктіліктің сабақтастығы қалай жолға қойылады? Сондай-ақ бүкіл өмірін әскерге арнаған азаматтарды қызметі аяқталардан бұрын, алдын ала зейнеткерлікке дайындаған дұрыс. Мысалы, қайта даярлау курстарын, бизнеске оқытуды және басқасын ұйымдастыруға болады. Өкінішке қарай, Қазақстанда Қорғаныс министрлігі әдетте тек генералитетті жұмысқа орналастырады", – дейді А. Бейсенов.

Күштік құрылымдарға қаржы тасқындай құйылуда

Үшіншіден, оның айтуынша, жеке құрамды есепке алу жүйесі олқылыққа толы.

"2021 жылы ҚК зейнеткері болып табылатын інімді жоғары қысыммен Талдықорғандағы әскери госпиталге жатқыздым. Оның әскери қызметшінің зейнеткерлік куәлігі бар, соған қарамастан шұғыл түрде Іле ауданының қорғаныс істері жөніндегі басқармасынан оның Қарулы күштерде 25 жыл қызмет еткені жөнінде анықтама алуға тура келді. Сондықтан қызмет еткен жылдарды зейнеткерлік куәлікке жазған дұрыс болар. Әйтпесе, дәл осы құжатта пайдалы ақпарат жоқтың қасы. Салада жинақталып қалған мәселелер Қазақстанның Қарулы күштерінде цифрландыру жете дамымағанын көрсетеді. Осы жылдар бойы салада әскерилерді, ҚК қызметшілерін есепке алудың түрлі бағдарламалары ендірілді, соған алапат көлемде ақша жұмсалды, қайтарымы жоққа тән. Қарулы күштерді қағазбастылықтан және содан туатын сергелдеңнен тазалау қажет. ҚК ішінде eGov үлгісінде, бір терезе әдісімен ақпарат алмасуды жолға қою керек. Ол болмаған соң, әскерилер анықталамалар алу үшін өзге гарнизондардан ағылып жатады", – дейді Асхат Бейсенов.

Таяуда, 14 сәуірде Президент Қ. Тоқаев Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қойды. Бірақ онда Қорғаныс саласы қарастырылмаған. Демек министр мән бермесе, бюрократия армияға ары қарай тамыр жая беруі мүмкін.

Айтқандай, биыл Қорғаныс министрлігі аста-төк ел қаржысына қарық болмақ. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, 2022 жылдың нақтыланған бюджеті жобасында күштік құрылымдардың шығысы 2,2 триллион теңгені құрайды және былтыр бекітілген көлемнен тағы 446 миллиард теңгеге артып отыр.

Мемлекеттік тілге келгенде сараңдық танытатын министр мырза ең құрыса, ел қаржысын босқа шашпай, ұқсатып жұмсап, ұлттық қорғаныс пен қауіпсіздікті нығайтады деген үміттеміз.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу