Соқталдай жігіттердің әскерден қашуының себебі неде?

5999

Ата-анасының несиесін төлеп жүрген азаматтар армияға кетсе, одан отбасы зардап шегуі мүмкін.   

Соқталдай жігіттердің әскерден қашуының себебі неде?

Қазақстанда күзгі кезеңдегі армияға шақыру науқаны аяқталуға таяды. Салыстыру үшін айтсақ, 2020 жылдың желтоқсан айымен бірге аяқталған ұқсас науқан нәтижесінде Қарулы Күштерге, басқа әскерлер мен әскери құрылымдарға 17 мыңнан астам адам шақырылған еді. Сөйтіп былтыр әскерге шақыру жоспары 100% орындалды. Биылғы ұқсас жоспар да толық орындалатын түрі бар.

Маңғыстау облысының қорғаныс iстерi жөніндегі департаментінің бастығы Мақсат Тастановтың айтуынша, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруына байланысты әскери қызметке шақыру дәстүрлі форматқа оралды. Дегенмен былтырғыдай, биыл да әскерге шақырылушылардың бәрі міндетті түрде ПТР-тестілеуден өтеді. Содан кейін екі апталық карантинге оқшауланады. Бұл коронавирус індеті әскерлерге еніп, кең таралмауы үшін жасалуда.

Оның айтуынша, жыл сайын әскерге аттануға үміт білдірген жастардың саны артып келеді. Мәселен өткен жылы тек осы өңірден күз мезгілінде 1 100-ге жуық сарбаз әскерге кеткен. Биыл ниет білдірушілердің саны қазірдің өзінде 1 200-ден асыпты. Бірақ армия бәрін бірдей алмайды. Сарбаздарды әскер қатарына қабылдау кезінде оның тәртібіне, денсаулығына баса назар аударылады. Әлдебір теріс қылығымен әкімшілік жазаға тартылғандар да алынбауы мүмкін.

Мерзімді әскери қызметке шақыру желтоқсан соңына дейін жүргізіледі.

"Жалғыз тірегімді әскерге алып кетсе, не боламын?"

Біраз ата-ана баласының армияға баруына қарсы шығуда. Қостанай тұрғыны Бақытгүл Ахметова ұлы Айдосты әскерге заңсыз шақырғанына назар аудартады.

"Балам Қостанай қаласындағы Ө. Сұлтанғазин атындағы педагогикалық институттың филология факультетін "ауылдық квотамен" 2020 жылы аяқтады. Былтырғы тамыз айынан бері облыстың Амангелді ауданындағы балалардың шығармашылық орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесінде үйірме жетекшісі болып жұмыс істеп келеді. Осы уақыт ішінде оның оқушылары жетістікке жетті. Жұмысқа деген қызығушылығы жоғары. "Педагог мәртебесі туралы" заңына сәйкес, балаларға қосымша білім беру ұйымдарында қызмет ететін педагогтерді де əскери қызметке шақыру кейінге қалдырылуға тиіс еді", – дейді ана.

Шынында, аудандық военкоматтағылар қолында бұл азаматқа қатысты өзекті ақпарат болмаса керек. Науқан басталғалы ұқсас деректер кезіккен, бірақ шақырылушылар тиісті анықтама әкелгеннен кейін әскерден уақытша босатылыпты. 

Атыраулық жалғыз басты, жесір ана Анар ұлы Бейбарыстың әскерге шақырылғанына алаңдайды. Оның жұбайы баласы дүниеге келген жылы қайтыс болыпты.

"Ол менім жалғыз асыраушым, тірегім. Бірақ оны әскерге жібермеу үшін арызды кімнің атына жазуға болатынын білмеймін. Жалғыз балам әкесін де көре алмады. Өзім аурумын, есепте тұрмын. Соған қарамастан, жарты ставкамен жұмыс істеп жүрмін. Жалақым өте аз, төл баспанам жоқ. Інімнің үйін жағалап жүрміз. Басымда банктен алған несием бар, оны жалғыз балам өзі көтеріп келеді. Сол асыраушым, қолғанатым әскерге кетіп қалса, жағдайым не болады?! Баламды уайымдаған сайын қан қысымым көтеріліп кетеді", – дейді ана.

Гүлдана Елемесқызының да күйеуі 2007 жылы дүние салыпты. Енді 21 жасар баласын бір жылға болса да, жыраққа жібергісі келмейді.

"Менім барым да, нарым да – жалғыз балам Абзал. Сол баламды әскерден алып калуыма арыз жаздым. Себебі ол отбасының асыраушысы, осы балама ауыз ашып отырмыз. Өзімнің табатыным 73 000 теңге, оның бәрі несие төлеуге кетеді, ол да жетпейді. Басымызда 5 несие бар. Қолымда зейнеткер анам тұрады. Баламның тапқан табысына күн көріп отырмыз", – дейді ол.

Әйткенмен бұл аналар ұлдарын әскерден заңды жолмен алып қала алады.

Қарулы күштер Бас штабы бастығының бірінші орынбасарының міндетін уақытша атқарушы, авиация генерал-майоры Нұрлан Кәрбеновтің түсіндіруінше, "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" заңының 35-бабы 2-тармағына сәйкес, отбасы жағдайлары бойынша әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру "басқа адамның көмегiне мұқтаж және толық мемлекеттiк қамсыздандыруға алынбаған отбасы мүшелерiн күтумен айналысатын азаматтарға" беріледі.

"Мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру үшін басқа адамның көмегiне қажеттілікті растайтын құжаттар болуы қажет. Сол құжатты ұсынып, "Әскерге шақыруды кейінге қалдыруды ұсыну" мемлекеттік қызметі бойынша өтініш білдіру қажет. Бұл мемқызметті жергілікті әскерге шақыру комиссиялары арқылы облыстық маңызы бар аудандардың және қалалардың жергілікті атқарушы органдары көрсетеді. Бұл мемқызметті көрсетуге өтінішті қабылдау және нәтижелерді беру азаматтың тұрғылықты орны бойынша немесе egov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі 5 күн ішінде", – деді Н. Кәрбенов.

Квота жетпей, әскерге конкурспен қабылдауда

Әрине, әскерге құлшынғандар одан қашушылардан әлдеқайда көп. Мысалы, екі баланың анасы, қызылордалық Татьяна Қилыбаева ұлдарының биыл әскерге бара алмай қалғанына қапаланады.

"Ұлдарым – 21 жасар Тимур мен 20 жасар Арман таяуда қатты тұнжырап келді. Не болғанын сұрасам, өздерін әскерге алмағанын жеткізді. Мұның мәнісін білу үшін облыстық военкоматқа бардым. Ерікті тұрде армияға сұранған ұлдарымды қандай негізбен алмай қойған? Екеуі де әуе қорғанысы әскерлеріне барғысы келеді. Екеуінің де денсаулығы мықты, тепсе темір үзетін жаста. Бойы 183 сантиметрге дейін баратын, еңгезердей жігіттер. Ешқашан салмақты дерттермен ауырмаған. Психологиялық тұрғыдан сау. Медкомиссияны лайықты өтті, комиссия әскерге алуға ұсыным жасады. Әскерден қашатынды емес, қайта соған өз еркімен құлшынғанды алуы керек қой. Бұл хабар менің де еңсемді езіп кетті, әбден ашындым. Әділдік іздеп, құзырлы органдарды адақтап жүрмін", – дейді ана.

Айтпақшы, Тимур да, Арман да Уфаның Мемлекеттік авиациялық-техникалық университетіне түсіп, қашықтықтан оқып жатқан көрінеді. Заң бойынша студенттер әскерден уақытша босатылады. Бірақ бұл арыстар алдымен Отан алдындағы борышын өтеуге бел буыпты.  

Қарулы күштер Бас штабы бастығының бірінші орынбасарының міндетін уақытша атқарушы Н. Кәрбеновтің айтуынша, бұл екі жігіт те әскери қызметке жарамды болып табылады. Бірақ олар баруды қалайтын әскер түріне алынатын жауынгерлердің квотасы тез толып қалған.

"51809 әскери бөлімін қалыптастыру кезінде Қызылорда облысының Қорғаныс істері департаментінің наряды 60 адамды ғана құрады. Ал осы командаға бағытталған әскерге шақырылушылардың саны 70 адамға жеткен. Содан аталған әскери бөлімнің өкілдері жоспарға сай 60 шақырылушыны конкурстық негізде іріктеп алды. Бұл ретте медициналық тексеру нәтижесі, жоғары білімінің бар болуы, психологиялық тестілеу қорытындылары басшылыққа алынды. Қалған 10 шақырылушы, соның ішінде осы екі жігіт келесі жауынгерлік командаларды жасақтау кезінде белгіленген тәртіппен мерзімді әскери қызметке шақырылатын болады", – деді Нұрлан Кәрбенов.

Жалпы алғанда, биылғы жыл қорытындысында, көктемгі және күзгі шақырулар барысында 18-27 жас аралығындағы 32 170 жігітті мерзімді әскерге шақыру жоспарланып отыр.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу