Бизнес қорғаныс министрлігін әскерилерді тамақтандыру үшін ақша төлеуден бас тартып отыр деп айыптауда. Бұл туралы "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының сайтында жазылды.
"Мәселенің мәнісі тереңде жатыр. 2016 жылы жеке компания мен ҚР қорғаныс министрлігі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін әскери бөлімшелердің біріндегі әскерилерді тамақтандыруды ұйымдастыру туралы келісімшарт жасаған. Осы жылдың екінші жартысында компаниямен тағы екі айға, яғни 2017 жылдың қаңтар, ақпан айларында тамақтандыруды ұйымдастыру туралы қосымша келісімшарт жасалған. Келісім 2016 жылдың 29 желтоқсанында жазбаша түрде бекітілген. Нәтижесінде келісімшарт бойынша міндетемені мойнына алған компания өз міндетін толығымен орындаған, бірақ та ақшасын алмаған",– деп атап кетті ұлттық палата.
Ал қорғаныс министрлігінің тамақтану үшін ақы төлейтін ойы жоқ, өйткені кәсіпкермен жасалған қосымша келісімшарт қазынашылық органында тіркелмеген, сол себепті өзінің заңды күшіне енбеген.
"Кәсіпкер не істерін білмей, тығырыққа тіреліп отыр, қағаз жүзінде бәрі дұрыс. Алайда қызмет көрсетушінің келісімшартты өздігінен тіркейтін мүмкіндігі жоқ. Тап осы жағдайда тапсырыс беруші, яғни министрлік қосымша келісімшартты қазынашылық органында тіркеуге беріп, олар тіркемеген болса, оны кәсіпкерге хабарлау керек еді. Мәселені шешуге қатысты жасаған өтініш жауапсыз қалып отыр. Бір қызығы, мемлекеттік орган өз кінәсін мойындайды, бірақ та актіге қол қойып, көрсетілген қызметті төлеуге асығар емес", – деп отыр КҰП.
Қорғаныс министрлігінің жосықсыз әрекетінен шағын және орта бизнестің 11 субъектісіне 191 840 399 теңге шығын келген. Олардың көрсеткен қызметі кәсіпкерлердің және әскери бөлімше командирлерінің қол қойылған тексеру және қызмет көрсету актілерімен расталып отыр.
"Тағы бір таңқаларлық жағдай, әскери қызметкерлерді тамақтандыру бюджет қаражаты есебінен қамтамасыз етіледі, ал сонда министрлік екі айдың ақшасын қайда жіберген? Ал шын мәнісінде солдаттар тегін тамақтанған", – деп атап көрсетті кәсіпкерлердің ұлттық палатасы.
Қорғаныс министрлігі басшыларына қанша рет шағымданғанмен, мәселе өзара келісіммен шешілетін түрі жоқ. Ал сот органдарына жасалған шағым да қолдау таппай, қанағаттандырылмай қалды.
"Бұл жағдай қорғаныс министрлігінің беделіне нұсқан келтірері анық, алайда министрлік болса бұл туралы ойланбай отырған сияқты. Бұдан шығар жол бар, бірақ бұл қорғаныс министрлігінің кәсіпкерлер шағымына жауап беруі арқылы ғана іске аспақ. Шенеуніктің салғырттығынан орын алған бұл проблема тіпті шенеунік жазаланып, жұмыстан кетсе де өздігінен шешілмейтіні белгілі. Бұдан шығар жол – әділдік принципін ескере отырып, заң негізінде табыстыру рәсімін жасау. Бірақ та жауап берушілер неге екені белгісіз бұған келіспей отыр, олар министрлік кәсіпкердің пайдасына заңды шешім шығарғанша, кәсіпкер материалдық шығынға ұшырағаны жақсы деп есептейді. Қорғаныс министрлігі жауапкершілікті мойнына алып, бір ғана дұрыс шешім – медиация аясында дауды реттеуді қабылдау керек", – дейді Астана қаласы адвокаттар алқасының адвокаты Мұхтар Қожахметов.
Кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің сарапшысы Алмас Кемелбеков бұл жағдайда қорғаныс министрлігінде мемлекеттік сатып алу мәселесін нақты реттеудің жоқтығы рөл ойнағанын атап өтті.
"Жалпыға бірдей түсінкті факт: кез келген келісімшарттың екі тарапы – сатып алушы мен сатушы және тапсырыс беруші мен орындаушысы бар. Аталмыш жағдайда министрлікте қызмет көрсету келісімшартының барлығы ведомстволық актілерге, нақты айтқанда, ҚР қорғаныс министрлігі мен ҚР Қарулы күштері Бас штабы мен ҚР Қорғаныс министрлігі РМБ құрылымдық бөлімшелерінің тауар, жұмыс және қызметтің мемлекеттік алуын ұйымдастыру және өткізуде өзара іс-қимыл регламентіне сілтейді.
Бұл жерде келісімшарттың тапсырыс беруші тарабы – келісімшартта қорғаныс министрлігінің мүддесін танытатын мемлекеттік сатып алудың бас басқармасы (РМБ "20015 Әскери бөлім"), бұл дегеніміз аталған жағдайда министрліктің бөлімшелері жеке дара құқық пен міндеттері болмастан, сол арқылы әрекет етуі тиіс. Алайда бұл регламентте тағы да бірнеше тарап қарастырылған: сатып алуды ұйымдастырушы, тапсырыс беруші, үлес беруші орган және қабылдап алушы, сатып алу туралы келісімшартты орындауда олардың әрқайсысы әрекетінің өз алгоритмі бар", - деп түсіндірді сарапшы.
Кәсіпкерлер палатасы бұл жерде "20015 Әскери бөлім" РМБ тапсырушы, қабылдап алушы – мемлекеттік сатып алу туралы келісімшарт бойынша тауар, еңбек және қызметті қабылдап алуды жүзеге асыратын құрылымдық бөлім. Ол "20015 Әскери бөлім" РМБ ретінде келісімшарттың тарапы болып саналмайды, қол қоюға қатыспайды, бірақ келісімшартта оның құқығы мен міндеті тапсырыс берушінікінен де көп көрсетіледі.
"Біздің жағдайда – әскери қызметкерлерді тамақтандыруды ұйымдастыру. Ол да келісімшарттың бір тарапы, нақты алғанда көптеген құқық пен міндетті жүзеге асырады, бірақ тапсырысқа да, қызмет қабылдауға да қатысы жоқ", – деп атап өтті Алмас Кемелбеков.
"20015 Әскери бөлім" РМБ – ҚР Қарулы күштерінің құрамындағы әскери бөлім құқығындағы бас басқарма. Құрылым Қарулы күштер орталық аппаратының құрылымына кірмейді, демек министрліктің орталық аппаратына жүктелген мемлекеттік функцияны орындауға құқығы жоқ. Дегенмен қорғаныс министрлігінің бұйрығына сәйкес, мемлекеттік функцияны "бөлімшелерге" табыстаған, бірақ құрылымдық бөлімшелер арасындағы жауапкершілікті айқындамаған. Нәтижесінде келісімшарттың шарты бұзылғанда – кәсіпкерлердің құқығына қысым көрсетілгенде – кімнен жауап алатыныңды білмейсің", – деп нақтылады кәсіпкерлер құқығын қорғау департаментінің сарапшысы Алмас Кемелбеков.
Гүлназ Ермағанбетова, Дана Иман