Қорғаныс министрлігі қосымша табыс көзін іздеуде

2528

Далада жатқан қаһарлы әскери техника шетелдіктерді қызықтырады.  

Қорғаныс министрлігі қосымша табыс көзін іздеуде

Қорғаныс ведомствосы Үкіметке жүгініп, армия көрсететін ақылы қызметтер түрлерін көбейтуді сұрады.

Отандық Қарулы күштерде Спорт комитеті – Армияның орталық спорт клубы (ЦСКА) ақылы қызмет көрсететіні белгілі. Тапқан табысын ЦСКА өз қызметін қаржыландырудың, спорттық мүлік-мүкәммал сатып алудың қосымша көзі ретінде пайдаланады. Соның арқасында армиялық спортшылар Қазақстандағы Олимпиада қозғалысының дамуына қуатты үлес қосып келеді. Қорғаныс министрлігінің орталық спорт клубы олимпиялық ойындардың чемпиондары мен жүлдегерлерінің үлкен көлемін баулып, тәрбиелеп шықты. Олардың қатарында Дәулет Тұрлыханов, Владимир Смирнов, Анатолий Храпатый, Василий Жиров, Ермахан Ыбрайымов, Ольга Шишигина, Ольга Рыпакова, Серік Сәпиев және басқасы бар. Бұл әскери спорттың және қазақ жауынгерлерінің кәсіби өнері мен спорттық шеберлігін паш етсе керек.

Енді қорғаныс меморганы өзінің басқа да құрылымдарына коммерциялық пайдаға кенелуге мүмкіндік беруге құлықты.

Мысалы, әскери полигондар мен аэродромдарды жалға беруге ниетті.

"Қорғаныс министрлігі аэродромдық қызмет көрсету және Қарулы күштердің әскери полигондарын пайдалану бойынша ақылы қызмет көрсету саласын кеңейтуді ұсынады. Алдын ала есептеуге сәйкес, әуе айлақтарында қызмет көрсетуден – 0,5 миллиард теңге табыс түседі деп күтілуде. Ал әскери полигондарды пайдаланудан түсуі мүмкін табыс – 0,3 миллиард теңгені құрайды. Бұл қаражаттарды Қарулы күштердің әскери бөлімдері әскери аэродромдардың ұшу-қону жолақтарын қалпына келтіруге, сондай-ақ әскери полигондардың инфрақұрылымын қалпына келтіруге және жаңа полигон жабдықтарын сатып алуға жұмсай алады", – деді Қорғаныс министрлігі.

Бұдан бөлек, ведомствоның қарауында "Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы" бар. Елбасының Қоры мен Кітапханасы сол жағалаудағы салтанатты, жаңа әрі жеке кешеніне көшкенде, Есілдің жағасына жақын жердегі бұрынғы президенттік орталықты әскерилер мұраға алып, соның орнында төл орталығын ашты. Азаматтар оның акт залын және тіпті тұтас әскери хорды жалдап, концерт өткізе алады. Бұдан бөлек, мұндағы әскери музей де келушілерді қабылдап, экскурсия ұйымдастырып, сонау сақ пен ғұннан қазіргі заманға дейінгі ұлттық қару-жарақ пен соғыс өнерінің даму белестерін паш етеді.

Бірақ соның бәрінен түскен қомақты қаражат тегіс бюджетке кетеді екен. Министрлік сол қаражатты орталық еншісінде қалдыруды сұрайды.

"Бүгінде Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығы мәдениет саласындағы ақылы қызметтерінен түсетін барлық қаражатты республикалық бюджеттің кірісіне аударады. Заңнамаға ұсынылып отырған өзгерістер мен толықтырулар осы алынған табыстарды музей экспонаттарын, сондай-ақ Қарулы күштердің Орталық ансамблі үшін сахналық костюмдерді, музыкалық аспаптарды сатып алуға жұмсауға мүмкіндік береді. Орталықтың мәдениет саласында ақылы қызмет көрсетуінен түскен жылдық табысы шамамен 0,1 миллиард (100 млн) теңгені құрайды", – дейді Қорғаныс министрлігі.

Нұрлан Ермекбаевтың ұжымы "Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне Қарулы күштер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасын әзірлеп, бұл ұсыныстарын сонда қарастырды.

"Ұсынылып отырған өзгерістер келісімшарттық қатынастардан түсетін кірісті Қарулы күштер мүддесінде пайдалануға, сонымен қатар республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Жылдық экономикалық пайда шамамен 0,9 миллиард теңгені құрайды", – делінген заң жобасының тұжырымдамасында.

Музей саласының маманы, елорда тұрғыны Айнұр Қасымқанова армияның табыс таба алатын тағы бір орнын көрсетті. Оның мәліметінше, Нұр-Сұлтан маңында 68665 әскери гарнизоны аумағында әскери техниканың көп түрі жиналып қалған. Онда мысалы, сонау кеңес кезінен бері ұшақтардың бірнеше түрі, алып радарлар және артиллериялық қарулар сақтаулы жатыр. Ол шетелде "6866 Garison Museum" деген атпен танымал көрінеді. Биылғы жылы Айнұр Төленқызына Чехияның азаматтары сұраумен қайырылды. Олар сәуір айы басында туроператор көмегімен Байқоңыр ғарыш айлағына турист ретінде сапарлап қайтқан. Жолай астанаға соғып, шетелге аты жайылған "Garison Museum"-ді тамашалауға көңілдері ауыпты.

Алайда атақты музей әскери бөлімнің аумағы саналатындықтан оған азаматтық тұлғалардың, әсіресе шетелдіктердің өз бетінше еркін кіруіне тыйым салынған. Чехтар маманнан "ашық аспан астындағы авиамузейге" кіру үшін министрліктен рұқсат алып беруді қиыла өтінеді.

"Мен бұл музей жөнінде Чехиядан келген таныстарымнан білдім. Олар – авиацияға шын берілген фанаттар. Әлемдегі осыған ұқсас көптеген музейде болған. Содан осы нысанға туристердің баруын ұйымдастырып көрейін деген қызығушылық туындады. Оның сайтында ол аумаққа кіру үшін Қорғаныс министрлігінің рұқсаты керек делініпті. Адамдар оған танысу, туризм мақсатында барады. Демек, анкета-сауалнама толтырту, келушілердің жеке деректерін тіркеп алу жеткілікті болар. Шетел азаматтары оны тамашалау үшін барлық талап етілетін құжатты ұсынуға дайын. Нұр-Сұлтан қаласындағы десанттық-шабуылдаушы бригада аумағында, ашық аспан астында жатқан бұл музей – нағыз керемет. Қазіргі кезде онда әртүрлі жылдары шығарылған әскери техникалардың 137 үлгісі жинақталған. Арасында 68 ірі артиллериялық қару, 13 түрлі ұшақ, бронді-танк техникасының шамамен 20 үлгісі, әуе шабуылынан қорғанудың 20-дан аса жүйесі бар", – дейді Айнұр Қасымқанова.

Әйткенмен, бүгінде Қазақстанда карантин шаралары жалғасуда. Салдарынан чехиялық туристер арманына жете алмай кетті.

"Нұр-Сұлтан қаласындағы 68665 әскери бөлім аумағында, ашық аспан астында орналасқан музейге туристердің кіруіне рұқсат сұраған хатты Қорғаныс министрлігі қарады. COVID-19 пандемиясымен күрес аясында Қазақстан Президенті азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында елдің бүкіл аумағында төтенше жағдай режимін және шектеу шараларын енгізді. Осыған байланысты Қорғаныс министрлігінің нысандарына шетел азаматтарының келуіне рұқсат беру мүмкін емес", – деп жауап қатты министр Нұрлан Ермекбаев өз блогында.

ДДСҰ бекіткен тиімді вакцина анықталып, коронавирус індетіне тоқсауыл қойылса, бұл авиамузей мемлекетіміздің атағын әлемге жайып, туристер үшін тартымды жерге айналуға әлеуеті әбден жетеді. Сонда шетелдік саяхатшылардың аңсарды арманы да орындалар еді.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу